Қазақ әдебиеті десе, ең бірінші еске түсетін алыптар шоғыры бар. ХХ ғасырдың басында халқымыздың проза мен драматургиясын дамытып, биік белеске көтерген Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтей ұлы классиктердің көзін көріп, соңынан ерген үркердей топтың ішінде есім-сойы ерекше аталатын, талғамы биік туындыгердің бірі – Әкім Үртайұлы Тарази. Сол бір күрескер, кіл суреткер топ қазақ әдебиетінде «бес тапал» деген атаумен аңызға айналды. Олар – Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров сынды классик жазушылар еді. Оның алғы шебінде талғамы таудай Тарази тұр.
Қазақстанның Еңбек Ері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың, Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, драматург, киногер, аудармашы Әкім Тарази ағамыздың биыл 90 жасқа толған мерейтойында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкім Тарази – әдебиет әлемінде өте сирек кездесетін тұлға, қазақ әдебиетінде ерекше орын алған бірегей жазушы» деп, кезінде аңыз болған, бүгінде абызға айналған жазушы жөнінде ағынан ақтарылып еді. Әсіресе халқымыздың алмағайып тағдырын, қысылып шыққан қиын-қыстау кезең-нәубетін, сондай сұрқылтай заманда өзгеріске ұшыраған психологиялық болмысын шебер суреттеген қаламгер екенін баса атап өткен еді.
Абыздың биылғы айтулы мерейтойы қарсаңында жарық көрген үлкен 12 томдық шығармалар жинағы халық руханиятына қосылған мол қазына, зор мұра деп білеміз. Соның ішінде «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Жаза» қатарлы туындыларының бөгенайы бөлек, орны ерекше екені сөзсіз. Тіпті кейінгі сексеннің сеңгіріне шықса да, қаламын мүлде суытпаған жазушының «Андрей» және «Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын» деген эссе-хикаяттарын оқып естанды күй кешкеніміз бар. Бұл бір есепте ғасыр жасаған абыздың арылу-реквиемі деп те түсіндік. Қалай болғанда да, бұл екі эссе-хикаят – әдебиет қоржынына қосылған жаңа бір сүйекті шығарма, сүбелі олжа екені даусыз.
Әкім ағаның «Күлтәй жеңешем мен Александр Солженицын» атты эссе-хикаятында: «Аштық, арамдық адамның тәнін өлтіреді, бірақ аштық та, арамдық та адамның Рухын өлтіре алмайды» дейді. Бұл сөз – саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған, қиялды қысыратқан сонау зұлмат заманнан шыққан халқымыздың жігерін жанып, рухын асқақтата түседі. Мемлекеттің іргесі осындай мерейі үстем, рухы биік тезистермен бекісе керек. Сондықтан да мұндай оптимистік ой қазіргі қоғамның ауадай аңсап отырған рухани қажетілігі екені рас.
Ал қалың оқырман қауым сүйіп оқыған «Тасжарған» романындағы Омардың образы әлі күнге санамызда сақталып, жадымызда жатталып қалды. Жазушы «Тасжарған» туындысы арқылы тұтас бір кезеңнің бедерін, «советтік өмір» дейтін қатал жүйенің аярлығын аямай ашып көрсетеді. Сол секілді «Қорқау жұлдыз» романындағы бас кейіпкер Сәлиманың тағдыры да талғамы биік оқырманды бей-жай қалдырған емес. Терең ойдың түбіне тартты. Жазушы Сәлиманың аузымен: «Әділдік неге әлсіз болуы керек? Қиянат неге құдыретті болуы керек?» деген сұрақ қояды. Мен көп жыл мемлекеттік қызметте жүріп, қолым қалт еткен сәттерде қадари-халімше оқуға құмар болдым. Әрине, бұл бір мен ғана деген сөз емес, біз мейілше кітап оқып өскен ұрпақпыз. Содан түйгенім: көркем шығарма – оқырманға ақыл айтпай, оған сұрақ қоя білсе, яғни ойландыра алса ғана ол өміршең туынды деген ойға бекіп едім. Осы тұрғыдан алғанда, мен Сәлиманың сауалы талайды толғандырғанына күмәнім жоқ. Бұл, әрине, Әкім Тарази прозасы туралы бір ғана мысал.
Тарази туындыларының тағы бір ерекше тұсы – шығармада жылтыр сөзге сараң, ойы озық түсіп тұратыны. Әкім аға шығармалары бірден баурап әкетпейді, көбіне-көп басы кедір-бұдыр келеді. Жалынан сипатпайтын асау. Әйткенмен сәл шыдас берген оқырман мол олжаға кенелетіні бар. Өйткені Әкім ағаның шығармадағы саф ойы – теңіздің түбіне жасырған асыл жауһар іспетті. Тереңде жатады. Ол оқырманға олжаны оңай бере салмайтын жазушы. Қай шығармасын алып қарасақ та, конфликт пен контрастқа бай. Ширыққан психологиялық тартыстар – құпия құбылысы мен бұрылысы мол адам жан дүниесі секілді немесе қоғамдық құндылықтар қайшылықтары тәрізді.
Әкім Таразидің драматуриялық шеберлігі тіпті де кесек. Әр жылдары театр сахнасынан түспеген пьесалары көрермен көңілінен шығып, көзайымына айналды. Кезінде Әкім ағаның драматургиялық әлеуеті туралы: «Асау Бөкей», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия» – қазақ әдебиетіне, қазақ драматургия саласына қосылған классикалық үлгі. Бұлар – уақыт өтсе де, өзінің өзекті мән-мазмұнын жоғалтпайтын шығармалар» деп бағалаған еді, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай.
Әкім Таразидің драматургиялық қуаты тек театрда емес, жалпы, шығармаларында бірден көзге түсетін феномен. Осы орайда мен оны Бернард Шоу мен Альбер Камюге көбірек ұқсатамын. Ол Шекспирден кейінгі ұлы драматургтер сияқты қарапайым құндылықтар мен қағидаларға сүйене отырып шиеленіскен көркем шешімдерімен таңғалдыра білген драматург.
Әкім ағаның 1960-1980 жылдар аралығында қазақ киносы саласында бас редакторлықтан бастап, КСРО Кинематография одағының хатшысы қатарлы көптеген басшылық қызметте болып, қазақ киносын дамытуға өзгеше үлес қосқаны бүгінге дейін көз алдымызда. Кино саласында да қалдырған қолтаңбасы да бөлек. «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай» сынды туындылары қазақ кинодрамтургиясының алтын сандығына түскен өлшеусіз қазына.
Қазақ тарихы турасында айтылғанда да, Әкім ағаның аты қалыс қалмайды. ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың атақты тарихшы-ғалымы Никита Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» және «Мыңқолдың төрт ханы» деген екі үлкен тарихи еңбегін аударғаны осының дәлелі. Тек осы екі кітаппен де қазақ мәдениеті тарихына елеулі еңбек сіңірген тұлға болып қала береді.
«Көк аспанда қырағы көз бар». Ұлы сөз. Бұл Әкім ағаның сөзі. Сол «қырағы көз» Әкім ағаға үнемі көз қырын сала жүргендей сезіледі. Осы күнге дейін талай белестен бір сүріндірмей, аман алып шыққан «қырағы көз» тек оң көзімен қарады десек, асылық айтқандық болмас. Әрине, Әкім аға туралы айтылар әңгіме көп. Әсіресе бізге үлгі болған – кесек тұлғалық тұрпаты, адами болмысы. Оның әлде біреуді атын атап, түсін түстеп орынсыз мақтағанын, оңдырмай даттағанын көрмедік. Ал қоғамдағы кейбір типтерді кейіпкер сомдау арқылы қатаң сынға алу – ол суреткердің міндеті де шығар. Әйтпесе талай мүйізі қарағайдай қаламгердің мүйіздесіп қалғанын көрсек те, Тарази туралы ондай тырс еткен бөтен-бастақ сөз болған емес. Байыпты, байсалды қалпынан бір танған жоқ. Бұл – Әкім ағаның кісілік келбетінің бір көрінісі. Талай ұрпаққа жететін Тарази қаламының қуаты, міне, осы.
Қырымбек Көшербаев,
мемлекет және қоғам қайраткері