• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құрылыс 21 Қыркүйек, 2023

Қаңтарылған құрылыс қашан қозғалады?

241 рет
көрсетілді

Басталуы басталғанымен, аяқсыз қалған құрылыс көп шығыста. Оған елдің еті әбден үйреніп кетті ме, елей бермейтін болған. Құрылысқа, жолға бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалғанын қадағалау әлсіз. Әйтеуір, басы – дардай істің аяғы – қылдай. Жуықта Марқакөл ауылындағы спорттық нысанның құрылысы да тұралап қалғанын айтып, жергілікті жұрт редакциямызға хабарласқан.

Тұралап қалғанымен қоймай, жаңа ғимараттың тозып бара жатқаны жан­ға батады деседі марқакөлдіктер. Ше­караның шегесіндей болып отыр­ған елге мемлекет тарапынан толық­қанды жағдай жасалмаса, көшпегенде қайтеді?! Жағдай деп отырғанымыз, ең әуелі білім, медицина, ауыз су, жол, жұмыс орындары тағысын тағы. Дәл қазіргі таңда Марқакөл өңірінде бұлардың толыққанды жүзеге асып жатқаны шамалы. Басқасын айтпа­ғанда, балалардың бос уақытын өткізетін спорттық нысан уақытылы аяқталар еді ғой.     

– Ауылдағы салына басталған спорттық нысанның құрылысы аяқ­сыз қалды. Естуімше, қаржы жоқ. Тоқтап қалған құрылыс нысаны енді тозып барады. Қараусыз жатқан құ­рылыстың дүниесін ел тасып, әкетіп жатыр. Былайша айтқанда, мемле­кеттің қыруар қаржысы желге ұшты. Алғашында балаларымыз енді спортпен айналысады деп қатты қуандық. Енді құрылыс жалғаса ма, кім білсін?! Негізі ауылға бір спорттық нысан керек-ақ, – дейді Марқакөл ауылының тұрғыны Аркадий Бейсембеков.

Тұрғындардың талап-арызын айтып, Күршім аудандық әкімдігіне хабарластық.  Әдепкіде дүркіреп,  кейіннен кібіртіктеп қалған спорттық нысанның құрылысы 2020 жылы басталыпты. Жоспар бойынша 2021 жылы пайдалануға берілу керек екен. Бірақ берілмеген.

– Тапсырыс беруші – Шығыс Қазақ­стан облысының Құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы. Мердігер ұйым – «QazConstruction» ЖШС. Нысанның құрылысы 6 мамырдан бастап тоқтаған. Мәселені құзырлы органдардың бәрі біледі, – дейді Марқакөл ауылдық округінің әкімі Рустем Кемешов.

Қыруар қаржы дегендей, мемле­кет­т­ік сатып алу порталында Марқа­көл ауылында спорт нысанын салу үшін 433 711 337 теңге қаржы қарас­ты­рылған екен.

– Қазір 390,0 млн теңге қаражат игерілді. Нысан құрылысы­ның 90 пайызы аяқталды. Толық аяқта­луы үшін енді 65,9 млн теңге қаржы қажет, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Зайнол­дабекұлы.

Егер мәселе шешімін тауып, спорт нысаны толық аяқталса, футбол, во­лей­бол, баскетбол, жеңіл атлетика, күрес, ауыр атлетика, бокс сынды спорт түрле­рі­нен үйірмелер ашылады. Әрине, жаттықтырушы маман табылса... Одан бұрын басталған істі соңына дейін жеткізу қажет.

Айтқандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Мар­қа­­көл өңірі жеке аудан статусына ие болды. Демек, аудан ор­талы­ғын­да спорт нысанының қаңы­­рап тұрмай­тыны анық. Алайда кешен­нің қашан қолданысқа бері­летінін дөп басып айту қиын. 

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы,

Марқакөл ауылы