Экономика және өндірістің ең ежелгі, халқымызға ең етене саласы ауыл шаруашылығы екені белгілі. Шаруа баққан, мал сүмесіне қараған, жер емген ауыл, дала еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты бұл сала кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді.
Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары қатты тоқырап, күрмелумен күй кешіп қалған шаруашылықтар қазірде қайтадан еңсе тіктеп, уақыт, заман, нарық талабына сай, айтарлықтай даму деңгейін көрсете бастады. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығының өндіріс көлемі ғасырлар тоғысынан басынан бастап, тұрақты дамуға, оң өзгерістерге қарай бет түзеді. Содан бергідегі ширек ғасырға жуық уақыт ішінде одан алынатын өнім көлемі еселеп артты. Ауылшаруашылық өндірісінің жалпы көлемі ондаған есеге өсті. Мал саны көбейді, егістік алқабы кеңейді. Бұрынырақта бидай, арпа, жоңышқа сынды дәстүрлі дақылдармен шектеліп келген диқандар енді егістікті әртараптандыру ісіне қатты ден қойды.
Осы орайда, табыс пен молшылық көзі саналатын майлы дақылдарды, бұршақ дақылдарын өсіруді де мықтап қолға алды. Соның арқасында әлемнің 70-тен астам еліне жыл сайын 5-8 миллион тонна көлемінде астық экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ жыл санап ұн, ет, сүт, өсімдік майы сынды ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарықтарға батыл шығара отырып, әлемдегі іргелі аграрлық елдердің қатарынан ойып орын алды.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ауыл шаруашылығы министрлігі Өңірлерде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және кооперация басқармасының басшысы Олжас Тілебалдиннің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығында жүргізілген сан салалы реформалардың нәтижесінде ауыл-аймақтарда нақты меншік иесі пайда болып, еңбекке деген көзқарас өзгеріп, нарық ұстанымдарына негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынас берік орнады. Ендігі жерде «ақ балық, қармағыңды қап балық» деп жамбастап жата берудің қисыны жоқ екенін терең сезінген есті-басты азаматтардың ерен іс-қимылдары ауыл шаруашылығының әлемдік стандарттарға сай қайтадан, қауырт дамуына жол салды. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына жасалып келе жатқан кең көлемді мемлекеттік қолдау шаралары бұл саланың одан әрі өркендеуіне соны серпін берді.
Сондай өміршең шаралардың бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтері. Алдымен 2016 жылы қолданысқа енген «Ауыл шаруашылығы кооперативтер туралы» заң қабылданды. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада көрсетілген 8 басым бағыттың ең біріншісі осы ауыл шаруашылығын кооперативтендіру болып белгіленді. Германиядан елімізге келіп, ауылшаруашылық кооперативтері туралы заңдардың дұрыс әзірленуіне көмек көрсеткен сарапшы Уве Шёне елде кооперативтік қозғалыстың дұрыс қалыптасып, дамуы үшін қажет болатын басты екі қағиданы атап көрсеткен еді. Оның біріншісі – адамдардың кооперативке ерікті түрде бірігуі, екіншісі – бастапқы кезеңде мемлекеттің оларға қолдау көрсетуі. Осы тұрғыда бұл іске мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп, орындалысы қатаң бақылауға алынды.
Еліміз көлемінде кооперативтер жаппай құрыла бастады. Құрылымдардың басым бөлігі сүт қабылдау, мал соятын пункттермен жабдықталды. Ауылдардағы үй қасындағы қосалқы шаруашылықтар негізінде отбасылық мал бордақылау алаңдары қалыптасты. Алыс ауылдардағы өздерін өздері жұмыспен қамтып отырған азаматтардың көпшілігі бұрынырақта санда болғанмен санатта жоқ еді. Енді олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Осындай жан-жақты шаралардың нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген мыңдаған жеке кәсіпкер, соншалықты жұмыс орындары пайда болды. Сондай-ақ ауылдардағы 56 мыңнан астам үй маңындағы қосалқы шаруашылықтар құрылып отырған ауылшаруашылық кооперативтеріне тартылды.
Сөйтіп, аталған кәсіпкерлер мен үй шаруашылықтары қалыпты мемлекет қамқорлығына ие болып, қадағалауына көшті. Шаруашылығын кеңейтемін, дамытамын деген азаматтар жеңілдікпен несие ала бастады. Осылайша, шабан-шалтақ ауылдардағы ұйымдаспаған күйі, өз бетімен өмір сүріп жатқан адамдардың тыныс-тіршілігі мемлекеттің араласуымен біршама жанданып, реттеліп қалды.
Еліміздің әрбір фермері ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы мемлекеттік қолдауды нақты сезіне бастады. Кооперативтерді техникалық жағынан жабдықтау «КазАгро» ҰБХ арқылы жүзеге асырылатын болды. Жекелеген шаруа қожалықтарының ветеринарлық, агрохимиялық, қаржылық, және өнімді өткізу бойынша кеткен шығындары кооперативтерді субсидиялау бойынша төленіп отыр. Шаруашылық кооперативін дамытудың арқасында алғашқы кезеңнің өзінде оның құрамына 500 мыңға жуық ұсақ өндіруші тартылып, өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесі құрылды, шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артты.
Сонымен қатар кооперативтер ережеге сәйкес өздерінің үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем дайындау бойынша да түрлі қызметтер көрсете алады.
Кооперацияның тағы бір артықшылығы – агроөндірістік мақсатта және ауыл шаруашылығына қатысты емес бизнес түрлерін ашуға несие беру қарастырылған. Сонымен қатар кооператив арқылы күнделікті тұтынатын несие алуға да болады.
Міне, осындай бапталған бағдарламасына қарамастан ауыл шаруашылығы кооперативтері барлық уақытта, бір қалыпты дамып келеді дей алмасақ керек. Бұрыннан-ақ ойы да, іс-қимылы да баяу болатын ауыл адамдарының енжарлығы, ықылассыздығы, алтыбақан алауыздығы ортақ істің алға басуына біршама кедергі болған сыңайлы. Сондай-ақ осы шараны ұйымдастыруға жұмылған мекемелердің тарапынан орын алған заңсыздықтар – көрсеткіштерді көтеріп жазу, кооперативтер санын қолдан көбейту сынды кемшіліктер жөнінде кезінде мерзімді басылымдарда жазылды. Соның салдарынан бастапқы жобадағы бірқатар шараға жол-жөнекей өзгерістер енгізілді. Айталық, тәжірибе көрсеткендей, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауды тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жартысына жуығы ғана жүзеге асырып отыр. Қалған бөлігі өз қызметтерін жаңа үлгіде жүргізе алмайды немесе келешегі жоқ деп саналады. Сол себепті Агроөнеркәсіптің мемлекеттік бағдарламасына енгізілетін түзетулер аясында әкімдіктерден кооперативтер құру жөніндегі индикативті жоспарлар тәжірибесі алынып тасталды.
«Соған қарамастан Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын құрылған кооперативтерді қорғау, қолдау жөніндегі шараларды жалғастыруда. Әрі қарай дамуға нақты мүмкіндіктері бар кооперативтер қолжетімді және заңға сай барлық мемлекеттік қолдау түрлерімен қамтамасыз етіле береді, ал даму болашағы жоқ кооперативтер үшін мүлік кепілдігін жүзеге асырудың механизмі ұсынылатын болады», деді О.Тілебалдин.
Қазіргі таңда мал шаруашылығында субсидияның отыздан астам түрі бар екен. Үкімет жыл сайын осы субсидияларға миллиардтаған қаржы бөліп келеді. Демек ауыл еңбеккерлеріне осыншама көлемде тегін көмек көрсетілуде. Аталған субсидияларды бұрын тек ірі, әлеуетті шаруашылықтар алып келсе, енді кооперативтердің арқасында жекелеген кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары да бұл қаражаттың игілігін молынан көріп отыр.
«Ауыл шаруалығында жұмыс істейтін шағын нысандарды ірілендіру – өте дұрыс шешім. Өйткені ірі шаруашылыққа қаржы тарту, жаңа технологиялар алу да әлдеқайда жеңілірек. Сондай-ақ мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын, өнімдерді өткізу мәселесін де келісіп шешуге болады. Бұрын біздің аумақта ет, сүт өнімдерін өткізу, қабылдау ісі ұйымдастырылмағандықтан, мал өсірушілер өз өнімдерін қайда тапсырарын білмейтін. Соңғы жылдары бұл іс талап деңгейінде, жақсы жолға қойылды», дейді шаруа қожалығының иесі Е.Төлеуханұлы.
Бір айта кетерлігі, агроөнеркәсіп кешені саласындағы мұның алдындағы бағдарламалар салалық деңгейде болса, ауылшаруашылық кооперативтері мемлекеттік деңгейге дейін көтеріліп, соған сай оны жүзеге асыруға тек Ауыл шаруашылығы министрлігі ғана емес, сонымен қатар басқа да министрліктер, экономикалық-салалық құрылымдар қатыстырылуда. Міне, осының өзі – кооперативтердің ауыл халқы үшін маңызы зор, пайдасы мол жаңа, өміршең жоба екендігінің тағы бір дәлелі.
Қанша дегенмен, шаруашылық кооперативтері бүгінгі ауыл өмірінің нақтылы көрсеткіші, қозғаушы күші болып қалып отыр. Олардың өндірген, өткізген өнімдерінің егжей-тегжей есепке алынуының арқасында мемлекет әр кооперативке, тіпті оның әрбір мүшесінің жағдайын қарастыруға, көмек көрсетудің жолдарын айқындау мүмкіндігіне ие. Сала бойынша зерттеу жүргізу, терең талдау жасау, содан кейін барып белгілі бір жоба дайындау үшін осының өзі де жақсы жетістік.
Өткен жылғы статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде еліміз көлемінде 3 248 ауыл шаруашылығы кооперативі қызмет етеді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы бағытында 322, мал шаруашылығында 1 255 құрылым күш біріктірген. Аталған кооперативтерде шамамен 44,1 мың мүше бар, оның ішінде: заңды тұлғалар – 379, жеке кәсіпкерлер – 3,9, шаруа қожалықтары, фермерлік шаруашылықтарда – 19,7 және жеке қосалқы шаруашылықтарда – 24 мың адам еңбек етеді.
Жекелеген ұсақ шаруашылықтарға қарағанда ірілендірілген шаруа бірлестіктерінің беретін пайдасының мол екендігін шетелдік тәжірибелерден де көруге болады. Айталық, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өткізу бойынша әлемде бірінші орын алатын алпауыт АҚШ-та ірі шаруашылықтардың саны мұндағы ауыл шаруашылығы субъектілерінің бар-жоғы 8 пайызын ғана құрайды екен. Бірақ соған қарамастан олар ауыл шаруашылығынан алынатын өнімдердің 80 пайызын беріп отыр. Мұндай мысалдарды нарық заңы бойынша жұмыс істейтін батыстың басқа да елдерінен көптеп келтіруге болады. Олар кооперативке бір кәсіп саласы бойынша бірігуге еңбекті жеңілдетудің құралы деп қарайды. Сонан соң қоғамда өзіндік бет-беделін қалыптастыру үшін, Үкімет тарапынан қажетті, міндетті көмек, қолдауларды қалыпты алып тұру үшін, басқа да проблемаларын шешу үшін салалық кооперативтер одағына немесе қауымдастықтарға қосылады. Даму бағытындағы экономика келе-келе міндетті түрде кооперативтердің құрылуын талап етеді. Өйткені еңбек етуге қабілетті халықтың басым бөлігі өндіріс саласына ұйымдасқан түрде ғана тартылады.
Бұдан шығатын қорытынды, ауылшаруашылық кооперативтерін қалайда дамыта беру керек. Кооператив дегеніміз, түптеп келгенде – экономика мен өндірістің үнемі қозғалыс, әрекет үстіндегі жанды бір бөлшегі. Оған ең алдымен ауыл тұрғындарының, еңбек адамдарының өздері мүдделі болғаны жөн. Ел арасында «Береке басы – бірлік», «Бірлік болмай тірлік болмас» деген сөздер жиі айтылады. Ендігі жерде онсыз да қарым-мүмкіндігі шектеулі фермер, кәсіпкерлер бірлесе қимылдап, ортақ іске өз үлестерін қоса білсе ғана сала қызметі өсіп-өркендеп, сеніммен алға баса беретін болады.