Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының элиталы кезеңіндегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Бір апта бұрын жерлестеріміз сырт алаңда Нидерланд құрамасынан басым түссе (2:0), бұл жолы А тобының турнир кестесінде біздің жігіттермен иық тірестіріп келе жатқан Румыния футзалшыларының мысын басты – 4:3.
Элиталы кезеңнің алғашқы турында Румыния өз алаңында Әзербайжан құрамасын қабылдап, қарсыластарын 3:1 есебімен тізе бүктірген соң, турнир кестесінде гол санының көрсеткіші бойынша Қазақстан құрамасының алдын орап кеткен еді. Бірақ румыниялық футзалшылардың да, жанкүйерлердің де топтық сайыста төрге оздық деген қуаныштары көпке созылған жоқ. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өткен тартысты ойында Рикардо Кака шәкірттерінің бағы жанып, қарсыластарын турнир кестесінде екінші орынға сырғытты.
Төрт мыңға жуық жанкүйер тамашалаған Қазақстан – Румыния матчының бірінші таймында жерлестеріміз қарсыластар қақпасын төрт мәрте дәл көздеп, спорт кешеніне жиналған жұрттың еңсесін көтеріп тастады. Ойынның небәрі екінші минутында Дуглас Жуниор өзі бастаған шабуылды әдемі голмен түйіндесе, арада көп уақыт өтпей Альберт Ақбалықов мергендігімен көзге түсіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Ал бәсекенің 16-минутында Эдсон қарсыластың екі бірдей қорғаушысын қапы қалдырып, Қазақстан құрамасының үшінші голын соқты. Бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда былтырғы Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені атанған Біржан Оразов Эдсонның пасынан кейін таблодағы көрсеткішті 4:0-ге жеткізді. Алғашқы 20 минутта қонақтар сапынан Маня Саболич мергендік танытты.
Бірінші таймдағы басымдықтан кейін біздің жігіттер екінші таймды аса сақтықпен бастап, шабуылға көп шыға қойған жоқ. Өйткені таблодағы көрсеткіш біздің құрама үшін қанағаттанарлық нәтижені көрсетіп тұрған еді. Есесіне Румыния футзалшылары ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысып, белсенді шабуыл ұйымдастыра бастады. Алғашқы 10 минутта қарсыластарымыз тынымсыз шабуылдарынан ештеңе өндіре алған жоқ. Тек екінші таймның бел ортасынан асқанда ғана Игита қорғаған қақпадан саңылау таба білді. 32-минутта Андре Луи Сассе гол соқса, 36-минутта Манья дубльдің авторы атанды. Қорытынды есеп – 4:3. Осылайша, ел құрамасы топтық кезеңдегі екінші ойынында да жеңіске жетіп, алты ұпаймен А тобында жеке-дара көш бастады. Бір жеңіс, бір жеңілісі бар Румыния құрамасы екінші орынға сырғыды.
Ал біздің топта қатар өткен екінші матчта Әзербайжан ұлттық құрамасы өз алаңында Нидерландты қабылдады. Бакуде өткен бәсекеде алаң қожайындары қарсыластарына бет қаратқан жоқ – 6:1. Бұл ойында Әзербайжан сапынан Рафаэль Вилела мен Филипиньо дубльдің авторы атанса, Галло мен Манека бір-бір голмен көзге түсті. Ал Нидерланд құрамасының жалғыз голын Илиас Бузит соқты.
Енді Рикардо Кака шәкірттері келесі кездесуін 6 қазан күні сырт алаңда Әзербайжан құрамасымен өткізсе, бес күннен кейін әзербайжандық футзалшыларды өз алаңында қабылдайды.
Элиталы кезеңнің ережесі бойынша келесі жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне әр топтың жеңімпаздары тікелей жолдама алса, екінші орын алған ең үздік төрт құрама қалған екі жолдаманы сарапқа салады. Іріктеу матчтары осы жылдың желтоқсан айында мәресіне жетсе, електік матчтар 2024 жылдың 8-17 сәуір күндеріне жоспарланған. Ал Өзбекстанның бас шаһары – Ташкентте әлем чемпионаты 16 қыркүйек пен 6 қазан аралығында ұйымдастырылады.