Елдің болашағын қалыптастыратын – мектеп. Бүгінгі таңда ата-ана ақшасы жетсе, баласын мемлекеттік емес, жекеменшік мектепте оқытқысы келеді. Оның жалпы мектептен артықшылығы қандай? Бұл білімдегі бәсеке ме әлде бизнес пе? Осы туралы Ұлттық бизнес және инжиниринг мектебінің негізін қалаушы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлмира Қорғанбаевамен әңгімелескен едік.
– Назарымызды аудартқан – мектеп атауындағы «ұлттық» деген сөз. Осы сөздің мектептің тұжырымдамасында алатын орны қандай?
– Ұлттық идея – ұлттық кодтың сақталуы. Біздің дәстүріміз бен мәдениетіміз тәрбие мәселесінде негізгі тұжырымдама болуы керек. Әрине, мектептегі білім беру жүйесіне әлемдегі жаңашылдықтар енгізіледі. Бірақ мектеп білім берумен ғана шектелмейді ғой. Балаларды тәрбиелеу де мектептің негізгі міндеті. Сондықтан оқушылардың бойына ұлт екенін, қазақ екенін, дәстүр, мәдениетін осы бастан сіңірген жөн. Дәл қазір біздің қоғамда ұлттық дағдарыс болып жатыр. Ал тарихын біліп, салт-дәстүрін құрметтеп, ұлт ретінде өзін сүйген адам бәсекеге қабілетті бола алады. Ұлттық мектеп аталуының себебі – осы.
– Сіздер тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлесіздер?
– Қазіргі балалар мүлде басқа. Олар еркіндікті, біреуге тәуелді болмауды жақсы көреді. Бірақ тәртіпті ұмытпау керек. Мектептің өз тәртібі бар. Біз оқушыларға қоғамдық жауапкершілікті түсіндіреміз. Өзін құрметтейтін адам – айналасын да құрметтейді. Мектепте өзара сыйластыққа мән береміз. Мәселен, мұғалімдер оқушыларға жекіп ұрыспайды, психологиялық қысым жасамайды. Бұл нәрсе тәрбиеде өте маңызды. Дауыс көтеріп немесе тіл тигізіп, намысына тиіп балаға бірдеңе түсіндіремін деу қателік. Әр бала – жеке тұлға. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Соны ескеру керек. Атап өткенімдей, баламен дұрыс қарым-қатынас жасаса, түсіндіре білсе, бала да түсінеді. Мұғалімдердің кәсібилігі де сонда. Әрине, бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі бар. Біз бірлесіп жұмыс істейміз.
– Жекеменшік мектепте оқу ақылы. Оны әркімнің қалтасы көтере бермейді. Кейде осы «жекеменшік мектептер бизнеске айналып бара жатыр» деген пікірлер жиі айтылып жатады. Мұнымен, келісесіз бе?
– Бұл – әлеуметтік бизнес. Жекеменшік мектеп болсақ та біздің мектепте оқу гранттары қарастырылған. Талантты, талапты оқушыларға грант береміз. Тіпті мектепте үздік оқып жатқан балаларға да жеңілдік жасаймыз. Болашақта аяқтан тұрып тұрақталсақ, ауылдағы балаларға да қолжетімді болатындай мүмкіндік қарастырамыз. Жекеменшік мектеп ақшаның көзі емес. Шынын айтсақ, бұлар инвесторлардың қаражатына өмір сүреді. Оны кемінде 5 жыл қаржыландыру керек. Мұндай мектеп ашатын адамдардың мойнында үлкен әлеуметтік жауапкершілік тұр. Сондықтан ақылы мектептер соған сай жағдай жасайды. Меніңше, мектеп ашқан кез келген адам ақша табайын деп емес, білім жүйесін өзгертейін, дамытайын деген жанашырлықпен ашады. Ата-аналар да сапаға қатты мән береді. Қазір бәсекелестік те артып келеді. Сондықтан мектепке тек бизнес ретінде қарау тиімсіз.
– Жекеменшік мектептер мен жалпы орта мектептерді салыстырса, білім сапасында, жүйесінде айырмашылық бар. Мектептің жабдықталуы да бөлек. Былай қарасаң, жекеменшік мектепті инвесторлар қаржыландырса, жалпы мектептерге мемлекеттен ақша бөлінеді.
– Жекеменшік мектептер секілді жалпы орта мектептер де дамуға тиіс. Білім саласына трансформация керек. Қазір мемлекеттік мектептер фабрика секілді жұмыс істейді. Қатып қалған жүйеден әлі шыға алмай келеді. Бір сыныпта 30-35 баладан отырады. Оның бәріне жеке-жеке көңіл бөлу мүмкін емес. Қазір білім тұжырымдамасы баланың қай жаққа икемі барын анықтап, сол бойынша жұмыс істеуге бағытталуы керек. Бірақ мемлекеттік мектептер де баланы қабілетіне қарай дамыту туралы сөз қозғамай-ақ қоюға болады. Әйтеуір оқып, бітірсе болды деген жүйе. Барлық мектептің арасында бәсеке болуы керек деп есептеймін. Меніңше, мемлекеттік мектептер де инвестиция тарта алуы қажет. Өздері де дамуға, бірсарынды жүйені өзгертуге талпынса, сонда нәтиже болады. Мәселен, Ұлттық бизнес және инжиниринг мектебінде бір сыныпқа 18 баладан артық қабылданбайды. Бұл аз да емес, көп те емес. Мұғалімнің әр баламен жеке жұмыс істеуі үшін жеткілікті. Сондай-ақ мектептің жабдықталуы да маңызды рөл атқарады. Бала мектепке келгенде өзін еркін сезінуі керек. Сол үшін әрбір мектепте оқушылар бос уақытында достарымен отырып әңгімелесетін, жеке жұмыс істейтін немесе басқа да жұмыстарын істейтін кеңістік, яғни коворкингтер болуға тиіс. Тағы айта кететін нәрсе, мектептегі білім тек мектепте ғана берілмеуі керек. Мысалы, біздің оқушылар үнемі қаржы орталықтарына, кітапханаларға, музейлерге, университеттерге барып тұрады. Оқушылар осы бастан қаржы қалай басқарылатынын, газет қалай шығарылатынын, басқа да жұмыс барысын саналы түрде түсінуі керек.
– Жекеменшік мектепке балалар қалай қабылданады, олармен қалай жұмыс істейсіздер?
– Мектептегі ең үлкен кемшілік – баланы зерттемеу. Ең әуелі баланы қай бағытқа, қай салаға икемі бар соны білу керек. Біз мектепке қабылдаған кезде баланы зерттейміз. Оқушының мықты тұсын дамыту арқылы оны бір саланың кәсіби маманы болуға даярлауға болады. Мысалы, 12 жасыңыздан журналистикаға қызығушылығыңыз барына мән беріп, сол бойынша қабілеттеріңізді дамытқан болса, сол кезден осы сала бойынша тәжірибе жинауға мүмкіндік берген болса, сіз қазіргі деңгейіңізден де мықты боласыз. Мектептегі жүйеге сондай өзгеріс керек. Білім берудің мазмұны әрқашан балаға байланысты болуы шарт. Сонда оқушы колледжге, университетке дайын болып барады. Елімізде тек жекеменшік мектептер ғана емес, мемлекеттік мектептер де осындай бағытта дамитынына сенемін.
– Қазір арнайы бағыттарға басымдық беретін жекеменшік мектептердің қатары көбейіп келеді. Мысалы, сіздер неге бизнес және инжиниринг бағытын таңдап алдыңыздар? Салалық мектептердің қандай артықшылықтары бар?
– Меніңше, мектептер 20 ғасырдағы жалпылама беру жүйесіне құрылған модельдерін өзгертуі керек. Дәл қазір осындай салалық бағытты дамыту тиімді әрі сапалы болады. Гуманитарлық, экологиялық, жаратылыстану, бизнес, ғылым және тағы басқа да бағыттардағы әртүрлі мектеп көбеюі қажет. Ал неге бизнес бағытын таңдағанымыз туралы айтатын болсақ, еліміздің патриоты ретінде бізде де мықты бизнесмендердің, жаңа технологиялар жасап шығатын инженерлердің көп болғанын қалаймыз. Өз азаматтарымыз сапалы маманға айналуы үшін жағдай жасағымыз келеді. Сондай-ақ оқушыларға қазірден бастап өз жобаларын коммерцияландыра білуді үйретеміз. Балалар алған білімін іс жүзінде пайдалана алуға тиіс. Оқушыларымыз қазірдің өзінде заманауи технологиялар арқылы идеяларын іске асырып, жетістікке жетіп жатыр. Сондықтан біз практикаға мән береміз. Айта кетейік, әріптестікке де әрқашан ашықпыз. Басқа мектептермен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.
– Ал мұғалімдерге қандай талап қоясыздар?
– Мектеп мұғалімге тікелей байланысты. Педагогтерді даярлау мәселесі өте өзекті. Мұғалім өзгермейінше, білім жүйесі өзгермейді. Сондықтан мұғалімге қоятын талабымыз өте жоғары. Мысалы, кәсіби білімді мамандар болады, бірақ заманауи талаптарға икемі келмейді. Ондай педагогтерді қабылдай алмаймыз. Қазір мұғалім жан-жақты, еркін болуы керек. Біздің мектепте «Жеті жарғы» концепциясы бар. Соған сәйкес баланың интеллектін, сана-сезімін, мінез-құлқын, эстетикалық сезімдерін, денесін, бәрін бірдей дамытуға, тәрбиелеуге күш саламыз. Барлық мектепке өз концепциясын құру қажет деп ойлаймын. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан білім саласына бейжай қарауға әсте болмайды. Жекеменшік мектеп болсақ та біздің жалғыз мақсатымыз бар, ол – сапалы білім беру және сол үшін ең жақсы жағдайды жасау.
Әңгімелескен –
Айтолған ЖҮНІСХАН,
«Egemen Qazaqstan»