• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 21 Қыркүйек, 2023

Жетісудағы жүйелі жұмыс

201 рет
көрсетілді

Жетісу – аграрлы өңір дегенімізбен, ауыл шаруашылығынан бөлек басқа да ба­ғытта ілгерілеп келеді. Мәселен, металлургиялық кешендерді жаңғыртып, қай­та өңдеу саласында да біршама жаңалық бар. Біз бүгін өңірдегі осындай ақжолтай хабарларға тоқталмақ ниет­теміз.

Мемлекет басшысы айтқандай әр өңірдің өзіне сай бағыт-бағдары бо­лу­ға тиіс. Қазір облыста туризм саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп жатыр. Соған сай жолдар жөнделіп, инфра­құ­рылым біртіндеп реттеліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Біз эконо­ми­ка­мыз­да қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикі­зат­қа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жет­кіліксіз. Ұлттық табыстың игі­­лігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ», деп ел эко­номи­касындағы мәселелерге тоқ­тал­ған еді. Әрине, бұл мәселеде өңірлердің атқарар рөлі жоғары. Осы ретте Жетісудағы жүйелі шаруа­ларға тоқтала кетсек.

Қазір өңірге инвестиция тарту шаралары – басты назарда. Мәселен, «Aksenger LTD» ЖШС Сарқан ауданы Лепсі ауылдық округіне қарасты Шөлқызыл стансасының маңында құрамында алтыны бар кендерді өндіру және өңдеу металлургиялық кешені құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаға 3 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Жақында Сарқан ауданының әкім­дігі аталған кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Құжатта аудан азаматтарын кәсіпорынға жұмысқа орналастыру, өнеркәсіп орнын аудан аумағына тіркеу туралы мәселелер қамтылды.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпорын іске қосылғанда жылына 180 мың тонна кен өндіретін қуатқа ие болмақ. Жоба толық қуатына шыққанда 200 адамды жұмыспен қамтиды. Қа­зіргі кезде мұндағы құрылыс аума­ғында 80 адам жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде Сарқан ауданында 21 өнер­кәсіп орны жұмыс істесе, өткен 7 айдың көле­мін­де өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 6 млрд 371 млн теңгеге жеткен. Ал Жетісу облысы бойынша бірінші жарты­жыл­дықта өнеркәсіп өндірісі 10,3 пайызға өсіп, 152,4 млрд теңге болды.

Өңірде қайта өңдеу саласында да өсу бар. Бірінші жарты­жылдықта 41,3 млрд тенгенің тамақ өнімдері шығарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес көлемінен 7,9 пайызға артық. Ал балық өнімдерін шығару 2,2 есеге артып, 1 028 тоннаға жеткен.

Қазір облыс аумағында 4 ба­лық өңдеу зауыты жұмыс іс­тейді. Атап айтқанда, Алакөл ауданында «Бақытбек Қаратал» ЖШС, «Болашақ Бастау» ЖШС, «Олжас» ШҚ, Қара­тал ауданында «Қараталбалық» ЖШС бұл іске өз үлестерін қосып жатыр. «Бола­шақ Бастау» серіктестігі өндірілген өнімі­нің 235,5 тоннасын бірінші жарты жыл­дықта Ресей мен Еуро­одаққа экспорт­та­ды.

Сонымен қатар өңірде крахмал өндірісі де 1,5 есеге артқан. Оған Панфилов ауда­нын­дағы Жаркент крахмал-сірне зауытына жаң­ғырту жұмыстары жүргізіліп, жыл­дық қуат­тылығы 150 мың тон­­наға дейін жеткізілгені өзінің оң ықпалын тигізді.

Тағы бір атап өтерлігі, кейінгі деректерге сүйенсек, Көксу ауданында май­бұршақ өңдейтін «Уыз май Industry» серіктестігі экстракциялау цехын кеңейт­ті. Соның нәтижесінде өсімдік майының өндірісі 20 па­йызға өскен. Оған қоса өндіріс көлемі артқан бағыттың ішінде сүт өнім­дерін өндіру де бар. Бұл 15 889 тоннадан 16 825 тоннаға, яғни 6 пайызға артқан.

Енді осының бәрінің артында еңбек адамының үлесі тұр. Оның үстіне өңірде кәсіпкерлерді қолдау аясында түрлі жоба қолға алынған. Мысалы, әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік орталығы облыстың әр түкпірінде жүрген еңбекқор жандардың арман-мақсатын жүзеге асыруға жәрдемдеседі. Мәселен, 2022 жылы орталыққа көмек сұрап, тиісті ақпарат алғаннан кейін ісін бастауға бел буған кәсіпкер Алмагүл Мұратбек биыл жеміс-жидектен жайма қақ жасауды қолға алды. Оған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеясын іске асыруға берілген 5 млн теңге сомасындағы грант зор көмек болды. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, қазір Ескелді ауданында үй жағдайында қақ өндірісін жолға қойып отыр.

Осылайша, Алмагүл Мұратбек «Qonaq Kade» брендінің негізін қалады. Қазір жергілікті жеміс-жидектерден қақтың бірнеше түрін жасайды. Оның дәмді, ең бастысы табиғи әрі пайдалы өнімдеріне деген сұраныс қазірдің өзінде артып отыр.

«Өз бизнес-идеямды жүзеге асыру үшін Алматы қаласынан Ескелді ауда­ны­ның Қаратал ауы­лына көшіп кел­дім, өйткені мұнда жергілікті фермерлер құл­пынай мен таңқурайды жақсы өсіреді. Текелі тұрғындарынан да жидек­тер сатып аламын. Негізі фармацевт маманмын. Бірақ бизнес­пен айналысып, пайдалы өнім шығарғым келді. Бұл мақ­са­тыма мемлекеттік қолдау арқылы қол жеткіздім», дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, қақ өндіру – қара­пайым үдеріс, оны кез келген әйел үйінде жасай алады.

«Қай-қайсымыз да бала кезі­мізде алмадан қақ жасағанбыз, мен де солардың бірімін. Бірақ қазір арнайы құрал-жабдықтар арқылы жұмыс бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Әрине, азық-түлік жинауға, жеміс-жидектерді жууға, тасымалдайтын ыдыстарға салуға көп уа­қыт кетеді. Бірақ блендерді пайдалану уақытты едәуір үнемдейді. Мұнан соң дайын қоймалжың 10-12 сағатқа дегидраторға кеп­тіру үшін жіберіледі. Осы уақыт ара­лығында басқа шаруаларыңызбен айна­лы­суыңызға болады. Нарықта жайма қақ өте қымбат, дегенмен бізде өсетін жеміс-жидектердің түрі көп. Сондықтан жыл бойы сапалы әрі пайдалы жергілікті өнім өндіруді жолға қоюға және одан тұрақты табыс алуға болады», дейді А.Мұратбек.

Жақында бұл кәсіпкер «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпазы атанды. Сол сияқты «Қорғас» ХШЫО аумағында өткен халықаралық көрмеге қатысты. Бүгінде шағын бизнесін жүргізіп, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кооператив құру есебінен өндірісін ұлғайтып, жұмысшылар санын арттырып, үлкен нарыққа шықсам деген жоспары бар.

Аграрлы өңірдің алға қойған мақсаты айқын. Бұл – облыс экономикасын дамытып, нарықта өз қолтаңбасын қалдыру. Қазір қант қызылшасын өндіруде бәсекеге қабілетті екенін көрсетуде. Идея­сы ұшан-теңіз жастарға дем беріп, кәсіпке икемі бар адамдарға қаржылай көмектесіп, қа­ра­пайым тұрғындардың мәселесіне ден қойып отыр.

 

Жетісу облысы