Қыз қуу, садақ ату, теңге ілу сынды ұлттық ойындардың көрігін қыздырып, жалауын желбіретіп жүрген арулардың тұяғымен жер тарпыған тұлпардың үстінде емін-еркін өнер көрсетулері «Ғұндар» этноауылына келген туристердің көзін қызықтырып қана қоймай, ұлттық өнеріміздің қыр-сырына қанықтыра түсері ақиқат.
Асқақ Алатаудың көрікті табиғатының төсінде ат тұяғын дүбірлетіп жүрген қыз-жігіттердің шеберлігі талайды тәнті етіп келеді. Ат жалында ойнайтын жастардың дені Талғар ауданының Рысқұлов, Береке ауылдарынан болса, арасында алматылық арулар да бар.
«Бүгінде көпке мәлім «Ғұндар» этноауылына келіп демалушыларға ұлттық салт-дәстүрлермен бірге, ұлттық ойындар, соның ішінде ат спортын тамашалауға мүмкіндік жасалған. Этноауыл басшысы Асылхан Мырзабекқызының ұйытқы болуымен 2017 жылдан бастап «Сарбаз рухы» деген атауға ие команда жасақталып, ұлттық өнерімізді көрсетумен айналысып келеміз. Команда сапындағы ойыншылар саны 100-ге жетті. Олардың құрамында еліміздің әр түкпірінен келген атсүйер спортшы жастар бар. Мақсатымыз – жастарды ат спортына баулу, уақыттарын тиімді өткізуге атсалысу», дейді команда жаттықтырушысы Қуан Сопыбеков.
Ат спортына әуес жастардың тақымы қатайып, тәжірибесі шыңдалған соң оларды еліміздің әр аймағындағы түрлі ұлттық ойын-сауықтарға қатыстыру, оған қоса шетелдерге шығару жүйелі түрде жолға қойылуы команда құрамын қанаттандыра түсті. Ат жалында ойнайтын 18 бен 25 жас аралығындағы қыз-жігіттер найза лақтыру, садақ ату, теңге ілу, қыз қуумен қатар, ат үстінде түрлі ойын өрнегін құруға әбден машықталған.
«Командамыздағы алматылық Айсел Аманғалиева, Аружан Тоқтарбек, Райымбек ауданынан келген Диана Жағалбаева секілді арулардың ат үстінде өнер көрсететін шеберліктерінде мін жоқ. Жүректі қыздарымыз ат құлағында ойнағанда талайдың таңдайын қақтырып келеді. Біз олармен әрдайым мақтанамыз», дейді талантты жас Біржан Сағымжан.
Ендеше «Ғұндар» этноауылындағы ұлттық спорттың мәйегіне айналған «Сарбаз рухы» командасына сәттілік тілейміз.
Алматы облысы