Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жатқан елорданың «Барысы» тұрақты лиганың кезекті тур ойынында тағы да жеңіліп қалды. Андрей Скабелка шәкірттері бұл жолы Новосібірдің «Сибирь» командасынан басым түсе алмады.
10 мыңнан аса жанкүйер тамашалаған «Сибирь-Арена» спорт кешеніндегі матчтың бірінші кезеңі тең дәрежеде өтті. Кездесудің небәрі төртінші минутында «Сибирь» хоккейшісі Павел Гоголев ойынның есебін ашқанымен, үзіліске дейін Райли Барбер сан басымдығын жүзеге асырып, таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде де екі команданың айқын басымдығы байқала қойған жоқ. Тек ойынның 32-минутында айдын иелері бір ойыншыға көп болып ойнаған сәтті пайдаланып, есепте тағы да алға шығып алды. Шайба авторы – Иван Климович. Өкінішке қарай, «Барыс» ойыншылары бұл кезеңде гол соға алмады.
Үшінші 20 минуттықта айдын иелері мұзайдында еркін көсіліп, «Барыс» қақпасын екі мәрте дәл көздеді. 45-минутта Энди Андреофф тағы да сан басымдығын жүзеге асырса, ойынның аяқталуына бір минут қалғанда Тэйлор Бек бәсекенің нүктесін қойды. 50-минутта Райли Барбер екінші мәрте көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартқанымен, командасын жеңілістен құтқарып қала алмады. Қорытынды есеп – 4:2.
Жерлестеріміз келесі ойынын бүгін Нижнекамскіде «Нефтехимикпен» өткізіп, елордаға оралады.