• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Технология 25 Қыркүйек, 2023

Роботтехника әлемінің әліппесі

591 рет
көрсетілді

Біз ғұмыр кешіп жатқан ғасырды «ақылды» темірсіз елестету қиын. Өмір мен темірдің бір-біріне кірігіп кеткені сонша, сәт сайын тіршілікке қолқабыс болып отыр. Жаһандану дәуірінің жаңа жауынгерлерін даярлайтын роботтехника мектептері де көптеп ашылып жатыр. Балдырғандарға технология әлемінің әліппесін үйретіп жүрген мектептердің тыныс-тіршілігін білуге Астанадағы «Роботек» мектебін бетке алдық.

Бала буыны қатпай тұрып, бағыт алатын күрделі салалар болады. Роботтехника – соның бірі. Осы саланы ел ішінде дамыту мақсатында Сан­жар Шалқарбеков «Роботек» мектебін құрды. 2014 жылы негізі қаланған білім ордасы осы күнге дейін 7 мың балаға роботтехника ілімін таныстырған. Демек, ел технология­сы мен өнеркәсібіне үлес қосатын азаматтар қалыптасып келеді деген сөз. 60 қызметкері, 40 серіктес-мектебі бар «Роботектің» директоры Санжар Шалқарбеков шалғайда жатқан елді­мекендерге арнап онлайн платформа да жасап шыққан. Robotek.Pro платформасында авторлық әдістеме бойынша жасалған 250 сабақ бар. Сан­жардың сөзінен байқағанымыз, бұл мектептің мақсаты – балаларды оқыту ғана емес, отандық роботтехниканы дамытып, деңгейін көтеру.  «Роботек» оқушылары әлем­дік жарыстарға қатысып, 74 жүлделі орын алған. Атап айтар болсақ, АҚШ, Тайланд, Ма­жарстан, Германия, Па­нама сынды елдерде көк туымызды желбіреткен.

«Роботекте» жүрген балаларға қа­рап болашақтың бейнесі елестейді. Бұл балалар балғын шақтарында-ақ ғылымның күрделі тұстарын игеріп, қыр-сырына қанығып жүр.

– Бір сабақтың 30 пайызы роботты құрастыру, қалған 70 пайызы роботты бағдарламалаудан тұрады. Робот – нүкте, нүктені кеңістікте жүргізу үшін қандай формула қолданамыз? Бала осының бәрін түсінуі керек. Біз оқытушыларды сырттан алмаймыз. Мұғалімдерді даярлайтын жо­бамыз бар, сол жерден іріктеп ала­мыз. Бұл білім сапасына тікелей әсер етеді. 2016 жылдан бастап 300 мұ­ға­лімнің роботтехника бойынша білік­тілігін арттырдық, – дейді Санжар Шалқарбеков.

Роботтехника өнертапқыштық, тех­никалық шығармашылық, конс­трукторлық және рационализаторлық тынысты ашады. Бала психология­сы интерактивтілікті жақсы көре­тіні мәлім ғой. Ал «Роботектің» автор­лық әдістемесін көрген кезде робот­тех­никаның математика, физика және алгоритмика сияқты пәндердің бірінші кезеңі екенін ұғындық. Содан осы сала­да сабақ беріп жүрген Нұрдос Сейіл­ғазыны сөзге тарттық.

– Робот құрастырумен айналысатын баланың зейіні ашылып, дәлдік пен тәртіпке үйренеді. Ең бастысы, командада үйлесімді жұмыс істей бас­тайды. Бала алдымен жобаны әзірлеу сатысына қатысып, содан кейін барып бөлшектердің барлығын құрастыруға дейін жетеді. Бұл қарапайым істі үздіксіз жасау арқылы жақсы нәтижеге жету мүмкіндігін ұсынады. Аталған сала ғылымның барлық заңы электроника, механика, телемеханика, мехатроника, информатика, радиотехника, электротехникамен тығыз байланысты. Роботтехниканың біз үйрететін негізгі іргетасы өнеркәсіптік, құрылыс, ме­ди­циналық, ғарыштық, әскери, суасты, авиациялық және тұрмыстық ро­боттехникаға бастайды, – дейді Нұр­дос Сейілғазы.

Мектеп ішін бір шолып шы­ғып, балаларға барынша жағ­дай жа­салғанын көрдік. Жөн-ақ. «Ро­ботек» әкімшілігі баланың зейіні ашылып, басына білім қону үшін барынша жағдай жасау керек екенін түсінген. Расында, ғылым-білімнің тасы өрге домалау үшін көлеңкелі тұстарына жа­рық түсуі керек. Роботтехникаға бай­ланысты білім саласында бірқатар мәселе бар. Кейбір мектептерде роботтехника сыныбы мен құралдары бар болса да, білікті мұғалім жоқ. Ал мұғалімі бар мектептің сыныбы мен құралы жетіспейді. Информатикадан сабақ беретін кез келген мұғалім ро­бот­техникадан сабақ бере алмайды. Тағы бір мәселе, арнайы сыныбы мен құралдары бар мектептерде ро­бот­­техникаға бөлінетін сағат жоқ. Ка­бинеттерді шаң басып тұр. Мұның бәрі – жүйесіздіктің салдары. Иә, айта берсек ауқымы кең тақырып. Бұл енді дербес мақаланың арқауы.

Сабақ өтіп жатқан сыныпқа жеткенше «Роботектің» директоры Сан­жар Шалқарбеков «Роботтехника – баланы дамытатын маңызды бағыт» деген пікір айтты. Шынымен де, осы маңызды бағыт дамып, балалар құл­темірді құрастырып қана қой­май, әрі қарай өздері бағдарлама жазып, 3D форматта басып шығаруды, гра­фикалық бағдарламаларды, ардуиноны (электронды құрылғыларды жылдам әзірлеуге арналған ыңғайлы платформа) үйренсе жақсы-ақ. Кейінгі төрт жылда 39 мамандандырылған IT-лицей ашылды. Онда 50 мыңнан астам оқушы оқып жатыр. Десе де, роботтехника және ІТ бойынша мұ­ғалімдердің біліктілігін арттыру қа­жет. Мәжіліс депутаты Асхат Ай­мағанбетов министр болып тұрған шағында «Әр мектептен кем дегенде бір мұғалімді роботтехникаға қатысты арнайы курстармен қамтуымыз керек» деп бұл салаға көңіл бөлген еді.

– Мектептерді жабдықтаудың минималды стандарттарын дайын­дап, осы талаптарға роботтехника ка­бинеттерін қостық. Енді мұн­дай құ­рал-жабдықтардың болуы бар­лық орта білім беру ұйымы үшін міндетті талапқа айналды. Бұл жағ­дай­да мынадай мәселелерді есте ұстау қажет. Мысалы, роботтехника құ­ралдары толық пайдаланылмай­тын ұйымдар бар. Сондай-ақ жиын­тықтарды жаңарту, қосымша бөл­шектерді, шығын материалдарын сатып алуды қажет ететін ұйымдар бар. Бірақ білім берудің барлық бөлімі мен басқармасы бұл жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастырмаған, – деп сындарлы пікір де айтқан еді экс-министр.

Оқу-ағарту министрлігінің был­тырғы дерегіне зер салсақ, осы жылдан бастап роботтехника бойынша ба­лаларға арналған үйірмелер мен секцияларға жергілікті бюджеттерден мемлекеттік тапсырыстарды орна­ластырады. Балалар қазына есе­бінен жекеменшік орталықтарда роботтехниканы тегін оқиды деген жоспарларын да айтқан-ды. Егер бұл жоспарлар жүйелі түрде жүзеге асса, роботтехника саласында тереземіз өзге елдермен те­ңесер еді.

Осы саланың қыр-сырына қанық Санжар Шалқарбеков бұл жайында «Біз оқушыларды дүниежүзілік олимпиадаларға даярлаймыз, қа­тысып та жүрміз. Әлбетте, роботтехника саласы бойынша біздің елдің деңгейін дамыған шет мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Жапония, Ма­лайзия сынды елдер білікті құ­раммен келеді. Олармен теңесу үшін біздің елдегі роботтехниктердің дең­гейін көтеру керек. Сол себепті біз өзіміз құрастырған тиімді әдістемеден бейне сабақтар түсіріп, платформа жасадық. Бір жағынан, бұл оқу үдерісін автоматтандырады. Себебі роботтехникада тәжірибелік сабақ көбірек керек. Ал бір мұғалім бірнеше балаға үйретіп үлгермейді», деді.

Бұл бағытта өзге де мәселелер бар. Мысалы, Art Sport бағдарламасында роботтехника қарастырылмаған. Себе­бі роботтехника Art-қа да, спорт­қа да жатпайды. Сол себепті бұған қатысты жақсы бастамалар ескерусіз қалатын сәттер көп. Ғылым мен өнер­кәсіптің ортасына алтын көпір болып отырған «Роботек» сынды жобалар қолдау таппай жатады.

«Роботек» мектебінің ішкі-сыртқы жұмысына қанығып, бір нәрсені аңғардық. Кабинеттер 4-5 балаға ғана арналып жасалған. Мұғалімдердің айтуынша, сабаққа қатысатын оқу­шылар саны аз болған сайын, та­қырып ке­ңінен ашылып, толық түсіндіріледі. Себебі роботтехникада теория емес, прак­тикаға көбірек ын­та қою маңызды. Ұсақ-түйек жұ­мысы да көп болып көрінді бізге. Содан Lego Mindstorms EV3 негізінде құлтемірлерді жобалау сабағына кірдік. Оқушылар бір жыл ішінде жоспарлы бағдарламадан өтеді. Lego WeDo 1.0 жиынтығына негізделген ең қарапайым деңгейден күрделі деңгейге дейін жетуі керек. Жалпы, 7 жылдық деңгей әзірленген. Оқу бағдарламасы оқу сыныбына, оның материалды игеру дайындығына байланысты таңдалады.

Сабаққа қатысып отырған балалар арасынан әлемдік жарыстардан жүлделі орын алған жеңімпаздарды да кездестірдік. Осыдан бірер күн бұрын Астанада PRO іс-шаралары аясында First Global Challenge 2023 турнирінің республикалық финалы өтті. Сол финалда жаңа роботтехникалық платформа Rev Robotics-ті қолданып, «Ро­ботек» командасы дебют жасаған. Команданың жаттықтырушысы – Денис Тен, қатысушылар – Алдияр Разақ, Олег Корчагин, Мейіржан Таздарбай, Әли Омарғалиев. Олар 120 команда қатысқан жарыстан 4-орын алған. Бұл осы құрам үшін өте жақсы нәтиже.

– Турнирден мол практикалық тәжірибе алдық. Алдағы жарыс­тарда роботтарды қалай құру ке­ректігі туралы таным-түсінігімізді те­рең­деттік. Біз осы бағытта дамуды жал­ғастырамыз және First Tech Challenge санатындағы жарыстарға қа­тысуға ниеттіміз. Бағдарламалау да, роботтарды жинау да қызықты. Әлемдік нарықта сұранысқа ие роботтехника инженерлері атансақ деген асқақ арманымыз бар. Мақсатым – «Қазақстан роботтехнигі» жа­һандық брендін құру», – дейді ро­боттехникаға жанымен берілген Әли Омарғалиев.

Халықаралық роботтехника феде­рациясы жыл сайын әр түрлі елдер­дегі өнеркәсіптің роботтандыру дең­гейін бақылайды. Кейбір да­мыған елдердің өнеркәсіптерінде робот­тандырудың үлесі жоғары. Мысалы, Оңтүстік Корея, Сингапур ең жо­ғары көрсеткіштерге ие, мұнда 10 мың жұмысшыға 1 мыңнан астам өнді­рістік робот орнатылған. Өнер­кәсіптік роботтехниканың пайда болуы көптеген өндіріс саласында автоматтандыру толқынын тудырды. Өнеркәсіптік роботтарды белсенді қолданатын мемлекеттердің өнім­ділігі арта түсті. Ал біздегі пайыз­дық көрсеткіштер әлі де төмен. Бұл мәселені роботтехникаға көңіл бө­ліп, дамыту арқылы шешуге болады, – дейді Санжар Шалқарбеков. «Ауыр жұмыстарда адамдар емес, ро­боттардың тұрғаны тиімді. Ал адам­­дар көбіне ми еңбегі қажет са­лаларға ойысуы керек. Мысалы, Ко­реяда дәнекерлеуші роботтар бар. Дерек­терге сүйенсек, 3 тәжірбиелі маманды 1 робот алмастыра алады. Бұл бір жағынан үдерісті жеделдетіп, өнімді арттырады. Одан кейін адами капиталды сақтайды», дейді ол.

«Роботек» мектебінен шығып бара жатып, Мемлекет басшысының сөзі есі­мізге түсті. «Бұл – бізге мойын бұруға мұрша бермей, заманауи техноло­гиялар жетектеп апара жатқан мүлдем жаңа әлем. Ол жарқын келешек пе, бұлыңғыр болашақ па? Келешек ұрпаққа не қалдырамыз? Бұл біздің инженерлердің, IT- ма­мандарының, экономистердің, әсі­ресе, саясаткерлердің жұмылған күш-жігеріне байланысты», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ал осы сөзге амал етіп жатқан жандардың ең­бегінің нәтижесін уақыт көрсетер.

Көзбен көріп қайтқанымыз – осы. Көңілге түйгеніміз де көп.