Шахмат федерациясы ұйымдастырып жатқан «Шахмат керуені» жобасы Павлодар қаласына жетті.
10 қыркүйекте өз бастауын алған ауқымды жоба Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қарағанды қалаларын артқа тастап, Павлодар қаласына табан тіреді. 10 қарашаға дейін еліміздің барлық облысын аралап шығатын жобаның мақсаты – өңірлерде шахмат қозғалысын насихаттау.
«Шахмат керуені» жобасы аясында Қазақстан шахмат федерациясының Павлодар облыстық филиалы ашылып, оның төрағасы болып кәсіпкер Артур Шпейзер тағайындалды. Сондай-ақ «Ertis Promenade» алаңында тігілген мобильді киіз үйде жергілікті спортшылар арасында шахмат турнирі ұйымдастырылды. Нәтижесінде, жарыс жеңімпазы атанған 33 жастағы Бақыт Жанғабылов 10 қарашада Түркістанда өтетін жобаның гранд-финалына жолдама алды.