• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Отбасы 26 Қыркүйек, 2023

Ән тербеген әулет

254 рет
көрсетілді

Әуелеген ән мен жырдың кеніне айналған Жамбыл ауданының жұртшылығы Сембаевтар отбасылық ансамблін айрықша құрмет тұтады. Құрылғанына 17 жылға жуықтаған ансамбль құрамында бүкіл бір әулеттің мүшелері өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

«Бұлақ басынан тұнады» де­­мекші, ансамбль жетекшісі, отағасы Талғат Сембаевтың ерен ең­­бегінің, тынымсыз ізденісінің ар­қасында отбасылық ансамбльдің ән қоржыны жылдан-жылға түр­леніп, шырқата салған әсем әндері жүректерден жылы орын алуда. Осы уақыт аралығында түрлі дең­гейдегі байқауларда бағын сынап, жүлделі орындардан көрінген же­тістіктерін саусақпен санамалап тауыса алмасымыз анық. Еңбек еле­ніп, мерей тасытқан түрлі дәрежедегі дипломдар мен Алғыс­хаттар, Құрмет грамоталары елеулі жылдардың жемісі дер едік.

Мысалға айтсақ, 2010 жылы Алматы облыстық «Отбасы – ал­тын діңгек» байқауында бас жүл­дені жеңіп алып, республика бо­йынша өткен байқауда 16 отба­сының ішінен 2-орынды иеленген еді. Содан бері өңірдің бар­лық ауданына сапарлап, кон­­церттік бағдарламаларын ұсынған Сембаевтар ансамблі ән­сүйер қауымның алғысына бө­ленді. Өнердегі өрістері кеңіп, ре­пер­туар­лары халықтық мол мұ­ра­лармен толықты. Нәтижесінде «ха­лықтық» ансамбль атанды.

Ансамбль жетекшісі әрі композитор Т.Сембаевтың өнерге қосқан өлшеусіз еңбегі ескеріліп, өткен жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Отбасылық өнер ұжымының орын­дауындағы отыздан аса ән – Т.Сембаевтың төл туынды­сы. Музыкалық аспаптарда өң­делмеген өзге де әндерін қос­қанда, осы күнге дейінгі шығармасының жалпы саны алпыстан асады. Оның ішінде патриоттық та­қырыпқа арналған туындылары  бір төбе. Әндерінің дені туған жер, салт-дәстүр, ана мен әке, ба­ла, сүйген жар, ұстаз, көктем сын­ды лирикалық шығармаларға негіз­деліп, әр кез тыңдаушыларын баурап алады. Ауданда өтетін дәстүрлі мерекелік шараларда сазгердің «Кел, Наурыз», «Астана», «Ал­матым», «Жаңа жыл» сияқты әндері шырқалып, ұлтымыздың рухын аспандатады. Сондай-ақ ақын Есенқұл Жақыпбектің «Күз қала Талдықорған», Нүсіпбай Әбдірахымның «Қимас мекен Же­тісу», «Үмбетәлі – жырдың қара жорғасы», Әміре Әріннің «Қа­раталым, сағынышым, ауылым», Қуат Қайранбайдың «Же­тісу», Байқалы Нүкетаевтың «Тә­уелсіздік бастауы», Самат Нә­биевтің «Талдықорған» сияқты өлең­деріне жазған әндері мәдени ша­ра­ларда үнемі орындалып, та­қы­рыптың мән-мазмұнын арттыруда. Композитордың әндерін танымал эстрада жұлдыздары да орындайды.

Өнерпаз әулеттің тірегіне ай­налған Талғат Шәріпұлы «Же­тісу» мемлекеттік университетін тә­мамдап, Сарқан мәдени-ағар­ту училищесінде музыка бөлі­мінің ұстазы, үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері, Алматы қа­ласындағы республикалық бі­лім жетілдіру институтында эс­тетикалық бөлімнің әдіскері қыз­меттерін атқарған. Қасиетті Жамбыл ауданына қоныс аударған алғашқы жылдардан бастап, әуезді ән жазу дарыны ашыла бастаған. Қарғалы ауылындағы мек­тепте музыка пәнінен сабақ бе­ріп, жас жеткіншектерді өнерге баулып жүргенде тырнақалды «Қарғалы» әні туады. Содан бас­тап ән тиегі ағытылып, жер­гі­лік­ті қаламгерлер Рәтбек Тер­лік­баев, Гүлнәр Өмірзақова, Вик­тор Никитиндердің сөздеріне жа­зылған әндері Алатау аспанында қалықтап, концерттерде үздіксіз орындалып келеді.

Отағасының өмірлік қосағы, аяулы жары Күлімхан Қалалиева да – әнші әрі бірнеше әннің сөзін жазған дарын иесі. Өнерлі отбасы қоржынындағы жетпіске жуық әннің жиырмадан астамының өле­ңін жазған осы Күлімхан Қала­лиева. Композитордың жоғарыда айтқан «Қарғалы» әнінің сөзін жазған да – жары. Т.Сембаев бұл әні үшін Мұқан Төлебаев атын­дағы дәстүрлі облыстық композиторлар байқауында 36 сазгердің ішінде «Жетісуым – жерұйығым» аталымы бойынша 3-орын алған.

Кербұлақ ауданында дүниеге келген Күлімхан Тұрсынқызының «Туған жерім – Басшиім», «Ұс­тазым», «Сен», «Алтын ұя мек­те­бім», басқа да әндері кең тарал­ған. Жастайынан өнерді өміріне серік еткен ұлағатты ұстаздың мамандығы – қобызшы, домбырашы. Осы күні ол – Ұзынағаш ауы­лындағы «Айгөлек» бөбек­жайының музыка жетекшісі. Бұған қоса Сарыбастау орта мектебінде музыка пәнінен сабақ береді.

«Мен бала күнімнен өте бел­сенді болдым, қолыма домбыра алып айтысқа да қатыстым, небір жүйріктермен қыз қууға да шабатын­мын. Даланың еркесі болып өсе келе, ән мен жырға әуес­тендім. Басши ауылында кітапха­нашы, клубта әдіскер ретінде мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүрдім. Өнерді құлай сүйдім, ән-күй десе ішкен асымды жерге қоя­тынмын. Соның арқа­сында жиыр­ма жылға жуықтапты, от­ба­сымызбен ел алдында өне­рімізді көрсетіп келеміз», дейді.

Өмірде де, өнер айдынында да қос аққудай қатар жүзген жарасымды жұптың балалары да шетінен өздеріне тартқан өнерлі. Тұла бойы тұңғышы Жанель аудандық «Өнер» мектебінде ұстаздық етсе, ұлы Әнуар – аудандық «Сүйін­бай сазы» фольклорлық-этно­графиялық ансамблінің белді әншісі. Өнерлі отбасының күйеу баласы, яғни Жанельдің серігі Ер­сейіт Боранбаев та – осы ансам­бльдің концерт жүргізушісі әрі әншісі. Сембаевтар отбасының ке­ліні Жадыра Аманқосқызы болса, мың бұралған биші. Ал кенжесі Таулан Талғатұлы да – отбасылық ансамбльдің мүшесі. Бүгінде өз алдына өнер мектебін ашып, жас буынды баулуда.

Әулетін әнмен тербеген Т.Сем­баев өткен жылы 60 жасқа то­луына орай Жамбыл ауда­ны­ның Құр­метті азаматы атанды. Осылайша, өнер­дің жарық жұлдызына айналған Сембаевтар отбасылық халықтық ансамблінің келешегі кемелденіп келеді.

 

Алматы облысы