• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 26 Қыркүйек, 2023

Сайлау Ба­тыр­­ша-Ұлы: Егемендік азаттығымызды айқындады

851 рет
көрсетілді

Мемлекеттік Егемендік туралы декларация қабылданған күн еліміздің тағдырында Тәуелсіздігіміздің бастауы болған тарихи күн ретінде қалғаны анық. Сол тарихты көзімен көргендер бүл күнді «тарихымыздың жаңа парағын ашқан бетбұрыс» деп бағалайды. Рас, қазіргі күні кейбір адамдардан еліміздің КСРО құрамынан ең соңғы болып шығуына байланысты «Біз тәуелсіздікті алған жоқпыз, тәуелсіздік өзі есігімізді теуіп кірді» деген сөздерді естіп қала­мыз. Шын мәнінде «бос­тан­дық» пен «бодандық» таразы ба­сында тең түсіп тұрған сол алма­ға­йып кезеңде тәуелсіздік үшін қан төгіліп, соғыс болмаса да, саясат майданында қандай қиян-кескі текетірестер жүргенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. 1990-1993 жылдары Сырт­қы іс­тер министрінің бірін­ші орынбаса­ры лауазымын атқарған Сайлау Ба­тыр­­ша-Ұлы «Egemen Qazaqstan» га­зе­тімізге берген сұхбатында Мем­­ле­кет­тік егемендік туралы дек­ла­ра­ция қабылданған уақыттан тәуел­­сіздік алғанға дейінгі кезеңде елі­­мізде қандай саяси өзгерістер мен оқи­ғалар болғаны туралы айтып берді.

– 90-жылдарға дейін КСРО атты темір құрсаудан босанып шығу, тәуелсіз ел болу ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Алайда 80-жылдардың аяғында жағдай күрт өзгеріп, азаттық ұрандары жиі көтеріле бастады. Бұған не түрткі болды?

– Кеңес одағын ұстап тұрған не­гізгі үш күш болғаны белгілі. Бірін­шісі Коммунистік партия. Ол ел­дегі жалғыз партия болды, кадр­дың бәрі соның қолында. Екін­шісі – Мемлекеттік қауіпсіздік қыз­меті. Кеңес одағына қарсы шық­қан адамның бәрін аяусыз жаза­лап отырды. Үшінші күш – армия. Тоталитаризм жүйесі осы үш күш­ке сүйеніп тұрды. 1985 жылы ел басына Горбачев келгеннен ке­йін қиын хәлді басынан кешіп отыр­ған КСРО-ның саяси жүйесін рефор­малап, қайта құруды бастап, елді демократияландыруға бағыт ал­ғанын білесіздер. Осы жолда Гор­бачевтің үлкен еңбегі бар еке­нін айту керек. Өйткені, ол шын мә­нін­де білімді әрі демократ адам бо­ла­тын. Бір партия басқарған тотали­таризм жүйесінің қате екенін түсінді. Себебі, Карл Маркстің өзі: «Социализмде көппартиялық жүйе болады» деп айтып кеткен еді. Горбачев соның сөзіне сүйене отырып көппартиялы жүйе жасады.

Артынша кеңес одағын ұс­тап тұрған үш күш біртіндеп бөл­шек­теліп, әр одақтас республи­ка өз партияларын, қоғамдық-сая­си ұйым­дарын құрып, азаттық жо­лын­дағы қозғалыстар пайда бол­ды. Міне, осы кезде мен бұл өзгерістердің бостандыққа жол ашып бергенін түсіндім. Өйткені дипломат ретінде көп елде жұмыс істеген болатынмын. Еуропаның да, Азия мен Африканың да саяси жүйелерін жақсы білемін. Осы кезде Горбачевтің саяси реформалары одақтас республикалар үшін азаттыққа жол ашып бергеніне көзім жетті.

Қазір көп адамдар Горбачевті «КСРО-ны құрдымға жіберді» деп кінәлайды. Алайда, ол елді құ­­лат­қысы келген жоқ, мақсаты – КОКП-тың диктатурасынсыз де­мо­кратиялық социализм құр­мақшы еді және КСРО-ның атын Суверенді (Егемен) Республикалар Одағы деп өзгертуді қалады. Егер елде демократия орнап, одақтас республикалар егемендік алса, өздері-ақ одақ құрамында қалады деп ойлады.

Осы оқиғалардың барлығы жаппай егемендік жариялануына алып келіп, 1990 жылы 25 қазанда біз де Мемлекеттік егемендік туралы декларация­ны қабылдадық. Негізі бұған дейін де әр республиканың Конс­титуциясында «суверенді рес­пуб­лика» деген сөз бар болатын. Біз кейін «суверенді» деген сөз­ді «егемен» деп аудардық. Алай­да ол кезде «мемлекет» деген сөз жоқ еді. Ал 1990 жылғы дек­ла­ра­ция­ның ерекшелігі – «мем­­лекеттік еге­мендік» туралы құ­жат бол­ғандығы. Яғни біз импе­рия құра­мын­дағы жай республи­ка емес, жеке-дара мемлекет атан­дық. Бұл үлкен айырмашылық. Ғасыр­лар бойы аңсаған азаттыққа жетер жолымыз осылайша басталды.

– Президент айтып өткендей, аталған декларация біздің Тәуел­­сіздік алуымызға жол ашып берді. Осы кезде қандай оқи­ғалар болды?

– КСРО құрамынан шығып, азат­тық алуды ең алдымен Балтық жағалауы елдері, яғни Литва, Лат­вия, Эстония бастады. Мен 1991 жылы Мәскеуге сыртқы іс­тер министрлерінің отырысына қаты­суға барған кезде жасырын түр­де Литваға соқтым. Ол кезде біз әлі одақ құрамындамыз. Ал Бал­тық елдері тәуелсіз­дік алып үл­гер­ген. Олардың тәжірибесі бізге өте маңызды еді. Сол уақытта Лит­вада КСРО құрамынан шығару жұмыс­тары­мен айналысқан «Саюдис» (Қоз­ғалыс) атты қоғамдық саяси ұйым болды. Мен сол ұйым­ның адам­дарымен жолығып, жұмыс­тары­мен танысып қайттым. Олар одақтан шығуды заң жүзін­де, халықаралық құқыққа, БҰҰ жар­ғы­сына сай өте шеберлікпен кезең-кезеңмен жүзеге асырды.

– Соған қысқаша тоқтала кетсеңіз.

– Біріншіден, олар Еуропаны КСРО мен Германия арасында бө­ліске салған Молотов-Риб­бен­троп пактін қайта көтеріп, оның заңсыздығын сынға алды. Атал­ған құжаттың көпшілікке жа­рия­­лан­баған құпия баптарында Лит­ва аумағы КСРО-ның мүд­десі­не кіретін жерлер ретінде көр­се­тіл­ген еді. Литвалықтар Мәс­кеу­де Жо­ғарғы кеңестің сессия­сын­да мә­селе көтеріп, осы пакті­нің ха­лық­қа, егемендікке, БҰҰ жарғысына, ха­лықаралық құқыққа қарсы жасал­ған қылмыс екенін дәлелдеді.

Екіншіден, 1940 жылы КСРО әскер­лерінің Литва жеріне кіргі­зіліп, одаққа қосылуын оккупация деп айыптап, КСРО-ға өз ерік­тер­імен кірмегендерін алға тарт­ты. Олар БҰҰ жарғысындағы «әр ұлт өз мем­лекетін құруға құқы­лы» де­ген сөзді, КСРО Консти­туция­сын­дағы «кез келген республика КСРО құрамынан шыға алады» деген бапты негізге алып, барлығын заң жүзінде жасады. Содан кейін тәуел­сіздіктерін жариялап, одақ құра­мынан шығып кетті. Алып импе­рияның іргесі сөгілуі осылай басталды.

– Біз Мемлекеттік егемендік тура­лы декларацияны қабыл­да­ғанда да, тәуелсіздікті жария­ла­ғанда да кештеу жүрген екенбіз. Бұған не себеп болды?

– Оның өзіндік себептері бар. Азаттық алуды қаламадық емес, қаладық, әрине. Алайда еліміз­де­гі демографиялық ахуалға, яғ­ни жер­гілікті ұлт өкілдерінің азды­ғы­на байланысты әліптің артын бағуға тура келді. Өздеріңіз біле­сіздер, 20-жылдардағы азамат соғысы, 30-жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін, одан кейін Екін­ші дүниежүзілік соғыстың салдарынан халқымыздың саны айтарлықтай азайды. Солтүстік өңір­лер тіпті бос қалды десе де бола­ды. Соғыс аяқталған соң тың жер­­­­лерді игеру басталғанда сол жер­­­­дің бәріне Ресейдің ішкі жақ­тары­­нан келімсектерді әкеліп қо­­­ныс­­тандырды. Міне, осындай со­­лақай саясаттың кесірінен 90-жыл­­дардың басында біз өз жері­­­мізде 44 пайызды ғана құра­сақ, сол­түстік облыстарда 25 па­йыз­­ға да жетпейтін едік. Оның үс­тіне қазақтардың көпшілігі ауыл­­да­р­д­а тұрды. Есіңізде болсын, мем­­лекетті ауылдағы мал бағып, қы­мыз-шұбат ішіп жатқан адамдар емес, қалалықтар басқарады. Ал елі­міздің үлкен қалаларында негі­зінен өзге ұлт өкілдері көп бол­ды. Біз­ден басқа 15 одақтас респуб­ли­ка­ның ешқайсысында мұндай күрделі демографиялық ахуал болған емес.

Сол кездері тіпті солтүстіктегі кейбір қалаларымызда жұмысшы­лар көшеге шығып: «Егер Қазақ­стан КСРО құрамынан шығатын болса, біз өз жерімізбен бірге Ре­сей­ге қосыламыз» деп ұрандат­қан митингілер де болды. Қазір ол жайында көп айтылмайды, алайда сол уақытта солтүстік аймақта сепаратизм көріністері өте күшті еді. Егер біз елден бұрын тәуелсіз боламыз деп әрекет еткенде әлгі сепаратистер көтеріліп, азамат соғысы болып кетуі мүмкін еді. 1991 жылы қыркүйек айында Оралда қандай жағдай болғанын білетін шығарсыздар. КСРО-ның жан-жағынан жиылған казактар жиын жасап, Орал автономиялық республикасын құрғысы келді. Сол кезде біздің Үкімет тарапынан арнайы комиссия құрылып, оған Серікболсын Әбділдин төраға болса, мен оның орынбасары ретінде казактар бүлігін басуға тікелей қатыстым. Міне, ел ішіндегі қауіп-қатердің салдарынан әліптің артын бағуға тура келді деп отырғаным осы. Біздің егемендікті де, тәуелсіздікті де кеш жариялауымыз үлкен саясатпен жүзеге асырылған дүние. Соның арқасында біз жерімізді шашау шығармай, қақтығысқа, азамат соғысына жол бермей, біртұтас күйде азаттық ала алдық.

– Дегенмен, сол тұста билік басын­да алдымен КСРО-дан шы­ғуды қаламай, кейін Ресейге қос­ылуды көздеген адамдар бол­ған деседі. Расында солай ма?

– Иә, тәуелсіздік алудан қо­рық­қан адамдар болғаны рас. Жоғарыда 1991 жылы Мәскеуде одақтас республикалар сыртқы істер министрлерінің алқа отырысына қатыстым дедім ғой. Сол жиында мен еліміздің мемлекеттік егемендік алғанын негізге ала отырып, кеңес одағында республикалар арасында теңдік жоқ екенін сынап сөз сөйледім. «Одақты құрып отырған республикаларда теңдік болуы керек. Ал біз теңбіз бе? Жоқ. Сыртқы саясаттың бәрі Мәскеудің қолында. Бізде, одақтас республикаларда сыртқы әлеммен ешқандай байланыс жоқ. Не болып жатқанын білмейміз» деп әңгіме ауанын азаттық алуға аудардым. Сол жер­де біздің сөздерімізді жазып алып, республика басшыларына жіберген. Елге келгенде мені Премьер-министр Ұзақбай Қараманов шақырып алып: «Сайлау, сен не істеп жатсың? Бұның қалай?» деп сұрақ қойды. Сол жерде екеуміздің арамызда мынадай диалог болды.

– Біз қайтіп тәуелсіз ел боламыз? Не өзіміздің ұшағымыз жоқ, не тракторымыз бен көлігіміз жоқ. Оның бәрін Мәскеу береді. Егер одан бөлініп, сосын Ресей бізге техникасын бермей қойса, қалай мемлекет боламыз? Жаяу жүреміз бе? – деді ол.

– Ұзеке, сіз қазір «Волга» мініп жүрсіз. Ал тәуелсіздік алсақ, «Мерседес» мінесіз, – дедім.

– Қалайша?

– Біздің қазба байлығымыз бар. Соны шетелге сатып, пайда таба­­мыз. Оның бәрін бұрынғыдай Мәс­­кеу пайдаланбайды, өзімізде қала­­ды. Өзге мемлекеттермен сау­да-эко­номикалық байланысты жол­ға қоя­мыз. Ал Ресейдің тауарларын біз­ден басқа ешкім алмайды. Олар өз­дері-ақ бізге сатуға мүдделі болады.

– Біз қазір Ресеймен конфеде­рация құрып, соған кіре тұра­мыз да, Ресейдің ақшасын, техни­касының пайдаланып, кейін шығып кете саламыз, – деді ол.

– Ұзеке, Ресейдің құрамына кіре­мін деп қол қойсаңыз бітті, олар сізді ешқашан шығармайды. Сон­да мәңгіге қаламыз. Сон­дық­тан қазір мүмкіндік болып тұрған уа­қыт­та шығып кетуіміз керек, – дедім.

Кейін 1991 жылдың қазан айында БҰҰ-дағы КСРО делегациясына мүше ретінде АҚШ-қа барғанда ТАСС агенттігінің тілшісіне арнайы сұхбат беріп, біз мемлекеттік егемендікпен шектеліп қалмай, тәуелсіздікке жол тартатынымыз туралы айттым. Менің сол сөзімді елде ұнатпаған адамдар да көп болды.

Сол жолы мен қазақ дип­ло­мат­тарының арасынан бірін­ші болып АҚШ астанасы Вашинг­тонға барып, Мемлекеттік департа­мен­ті (олардың Сыртқы істер ми­нистр­­лігі) мен Сенатына кіріп, «Қазақ­стан декларациямен шек­тел­мей тә­уел­сіздікке бара­ды» деп бізді қол­дауын сұра­дым. Соның арқасында олар бізге қол­дау білдіріп, ең бі­рін­­ші болып Алма­тыда Қазақ КСР-інде өз ел­ші­ліктерін ашты. Бұл бүкіл әлем­нің назарын елімізге аудар­ған оқиға болды. Кейін біз тәуел­­сіздікті жариялағанда Амери­ка алғашқылардың бірі болып бізді мойындағаны белгілі.

– Сайлау аға, өткен жылы Прези­дентіміз Республика күнін қайтарып, еліміздің бас­ты мейрамы деп жариялады. Сон­да Республика күні қа­лай­ша Тәуел­сіздік күнінен жоға­ры болып кетті деп сұрақ қоя­тындар бар.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы – біздің тәуелсіздік алуға жасаған алғашқы қадамы­мыз болды. Жоғарыда айтып өттім, осы құжат арқылы біз «мем­лекет» атандық. Президент бұл нәрсе­ні ауадан алып отырған жоқ. Еге­мендік немесе тәуелсіздік туралы қаулыны ешқашан жал­ғыз адам шығармайды, елдің парламенті қабылдайды. Өйткені мемлекетті бір адам құрмайды. Мәселен, АҚШ-ты алайық. Олар­да тәуелсіздік тура­лы заң жоқ. Олар тәуелсіздік тура­лы декларацияны 1776 жылы қабыл­дады. Сол күн АҚШ-тың тәуел­сіздік күні, басты мерекесі болып есептеледі. Сол сияқты 1990 жылы 12 маусымда Ресейдің Жоғарғы ке­ңесі Мемлекеттік егемендік тура­лы декларация қабылдады. Осы­лай­ша Б.Ельцин басқарған Ресей Феде­рациясы Кремльден бөлініп кетті. Кейін Путин билікке келгеннен кейін ол күнді «Ресей күні» деп өзгертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – үлкен сая­саткер, дипломат. Халық­ара­лық саясат пен құқықты бес сау­сағындай білетін тұлға. Ол халық­аралық тәжірибені негізге ала отырып, біздің «мемлекет» атанған күнімізді еліміздің бас мерекесі деп жариялап отыр. Сондықтан бұл жерде ешқандай түсініспеушілік болмауға тиіс. Республика күні – шын мәнінде біздің ұлттық мере­кеміз болуға лайық күн!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен  –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»