• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қыркүйек, 2023

«Иннопромның» игілігі неде?

202 рет
көрсетілді

Елімізде «Иннопром. Қазақстан» атауымен халықаралық өнеркәсіптік көрмесі басталды. Аумағы атшаптырым – 12 мың шаршы метрді алатын алып көрме кешенінде Қазақстан мен Ресей­ден бөлек тағы бірнеше елдің өнеркәсіп және сауда саласындағы жоба­­лары қойылмақ. Көрме аясында бір­қатар жиын жоспарланған, со­­ның ішінде транспорт, авиация, энер­гетика, көлік құрастыру, хи­мия­­лық өнеркәсіп және металлургия тақырыптары бойынша кең ауқым­ды пікірталастар мен жиындар ұйым­да­с­тырылады. Алғашқы күні Қазақ­стан, Қырғызстан, Беларусь және Ре­сей елдерінің үкімет басшылары плен­ар­лық сессияға қатысып, күн тәр­ті­біндегі өзекті мәселелерге назар аударды.

Іргелі іс-шараны тұңғыш рет өткізіп отырған Қазақстан 2019 жылдан бері «Иннопромның» тұрақты қатысушысы болып келеді, былтыр көрменің серіктес елі ретінде өз өнімдерін ұсынды. Көрменің негізгі мақсаты – өндірістік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту, сауда ынты­мақтастығын кеңейту және өзара тәжі­рибе алмасу. EXPO орталығының ала­ңын­да ұйымдастырылған көрмеге ЕАЭО елдері­нен 300-ден астам кәсіпорын мен компания қатысып жатыр. Келушілер назарына метал­лургия, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы мен фармацевтика салаларындағы өнімдер­дің кең ассортименті ұсынылған. ЕАЭО ел­дері­нен бөлек, Түркия, Иран, Әзер­байжан, Пәкістан елдерінің компаниялары да өз технологияларын біздегі көрмеге алып келіпті.

Жалпы, мұнда медициналық иннова­циялық құрылғылардан бастап жолаушылар автобусы мен жүргізушісіз басқа­ры­латын тракторларды да тамашалауға болады. Қазақстан тарапы көрмеде 8 павильон орналастырған.

Көрмеге қатысып жатқан ірі отандық кәсіпорындар қатарында «Қазфосфат» ЖШС, «Энерджи Тараз» ЖШС, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ», «Ecosystem servis» ЖК, «Talas Investment Company» ЖШС, «ЗИКСТО» жолаушылар вагонын жасайтын зауыт, тағы да басқа отандық ірілі-ұсақты ұжымдар бар.

«Бізде рельс дәнекерлеуші жаңа кәсіпорын ашылды. Ол ұзындығы 800 метр болатын рельстерді жасайды. Жаңа­шыл­дық – дәнекерлеу жіксіз болады. Бұл елімізде пойыздардың жоғары жыл­дамдықпен жүруіне мүмкіндік береді. Дәл қазір еліміздің территориясында біздің кәсіпорынның аналогы жоқ. Соны­мен қатар ҚТЖ қызметкерлері үшін модуль­дік құрылымдар дайындадық. Мобиль­ді блоктық ғимараттар теміржол өткел­деріндегі кезекшілік қызметі үшін әзірлен­ген. Қазақстанның шалғай ауылдарында орнатылады және онда жұмысшылардың демалуына жағдай жасалған. Мұндай ғимараттың ерекшелігі – біріншіден, олар ұзақ мерзімге лайықталған. Яғни 10-20 жылдан кейін ауыстырудың қажеттілігі жоқ. Екіншіден, кезекшілікте жұмыс атқаратын қызметкердің қажеттілігі үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ол жерде қызметкер ешнәрсеге мұқтаж бол­майды», дейді «Транстехмаш» компа­ниясының өкілі Ботагөз Ахметбаева.

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, мұндай көрмені өткізу біздің кәсіпкерлер арасында серіктестікті дамыту тұрғысынан өте маңызды.

Премьер-министрдің айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақ­станның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен тауар айналымы 29,4 млрд долларға, яғни рекордтық көрсеткішке жетіп, өсім 10,4 пайыз болды (2021 жылы – 26,6 млрд доллар).

«Бұл игі үрдіс биыл да жалғасын табады деп сенемін. Биылғы алты айда тауар айналымының көлемі 14 млрд дол­ларға жетті. Сондай-ақ кейінгі бес жылда өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 есе өсті. Саладағы жалпы қосылған құн көлемі 2,3 есе артты. Еңбек өнімділігі 49 мың долларға дейін көбейді. Бұл экономика бойынша орташа көрсеткіштен екі еседен артық», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің мұндай сүйкімді цифрларды іс жүзінде орындалып жатқан нақты деректерден алып отырғаны белгілі. Отандық өңдеу өнеркәсібінің негізіне айналып келе жатқан тау-кен металлургия кешені былтыр 19,3 млрд доллардың өні­мін экспорттаған. Бұл – еліміздің бар­лық экспортының шамамен 23 пайызы. Соным­ен қатар машина жасау саласы­на да инвестиция тарту сәтімен іске асты. Нақтылағанда, 2022 жылы салаға рекорд­тық 0,5 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды. Нәтижесінде, өткен жылы өндіріс көлемі 113 мың көлікке жетті. Биыл 8 айда 100 мың көлік жасап шығарылды. Құндық мәнде бұл 1 трлн теңгеден асады.

Осы қарқынды орайлы жалғастырғысы келетін ел Үкіметі 2030 жылға таман жалпы қосылған құнның 2,8 есе, еңбек өнім­ділігінің 1,8 есе өсуін қамтамасыз етуді, 225 млрд долларға өнім экспорттауды жоспарлап отыр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, өнеркәсіптік серпілістің маңызды құрамдас бөлігі инновациялар мен озық технологияларды кеңінен енгізу болуға тиіс. UNCTAD (БҰҰ-ның Cауда және даму жөніндегі конференциясы) мәлімдегендей, 2025 жылы әлемдік жаңа технологиялар нарығының көлемі 3 трлн доллардан асады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, қазір бүкіл әлемде инвестицияға талас қызу жүріп жатыр және ол бәйгеден Қазақстан да тысқары қалмайды.

«Қазақстанның ең бірінші кезектегі артықшылығы деп оның географиялық орналасуын айтар едік. Еуразия жүрегін­де орналасқан Қазақстан – үлкен нарық­тарға қолжетімділік сыйлайтын нүкте іспетті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транс­порттық жобасында біздің еліміз айтар­лықтай үлеске ие болып отыр. Қазақ­станда өндіріс ашқан кәсіпорындар 140 миллиондық ресейлік нарыққа, миллиард халқы бар қытайлық нарыққа және Орталық Азияның басқа да нарығына жол ашып жатыр. Екінші артықшылығымыз – табиғи байлығымыз. Жер қойнауында қаншама материал жатыр және бізде арзан және тұрақты энергияға қолжетімділік бар. Осы орайда ең құнды игілігіміз адам ресурсы екенін айтқым келеді. Халық тез өсіп келеді және сауатты, ұқыпты жас буын қатары артып жатыр. Үшінші басымдық – цифрландыруда. Қазір Қазақстан БҰҰ-ның цифрлық қызмет көрсету рейтингінде 28-орында. Бүгін біз көрме аясында тау-кен, өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы цифрлық жобаларымызды таныстырдық», деді министр.

Көрме аясында өткізілген «Болашақтың транспорты: нарық көшбасшыларымен бірге транспорт саласындағы трансформа­цияларды талқылау шешімі мен тәуекел­дер» атты отырыс барысында көлік сала­­сын­дағы түйткілдер сөз болды. «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Мұрат Амриннің айтуынша, қазіргі уақыт­­та кептеліс жайы халқы миллионнан ас­қан барлық ірі қалаға тән үрдіс болып тұр.

«Бізде Bus Line» автобус желісі жақсы дамып жатыр. Қазір қоғамдық транспорттың мобильді және жолаушылар үшін қолайлы болуына мейлінше жағ­дай жасап жатырмыз. Бірқатар авто­әуесқойлар, соның ішінде жеке тұлғалар мұндай жаңашылдыққа қарсы болуда. Бірақ біз жалпы алғанда қала ішіндегі транспорт санын біртіндеп азайтып, қоғамдық транспортты жылына шамамен 10 пайызға көбейтуді көздеп отырмыз», дейді «Атамекен» өкілі.