• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қыркүйек, 2023

Нұрсұлтан Сағатбек: Ауылдың қоңыртөбел тіршілігін қаланың қайнаған қарбаласына айырбастамас едім

480 рет
көрсетілді

Олар күнделікті таң алакеуімнен ұйқысынан тұрып тіршіліктің талқысына араласып кетеді. Ұйқым  шала деп жата  беру, талтүсте ояну түсінігі олар үшін мүлде қисынсыз. Себебі  малды ауылдың  шаруасы шаш-етектен. Уақытында қимылдамасаң атқарған ісіңнің берекесі қашады. Нұрсұлтанның жасы 27-де. Атасынан әкесіне, одан өзіне бұйырған шопанның ақ таяғын  қабыл алып, аманатты арқалап келе жатыр.  Білдей бір шаруа қожалықтың қым-қуыт тіршілігін шашау шығармай ұйымдастырып,  ілгері бастыру осы жігіттің жауапкершілігінде.   

– Нұрсұлтан, өзіңді әлеуметтік желіден таптық. Күнделікті уақытыңды қалай жұмсайтының әрбір бейнежазбаңда көрініп тұр. Білуімізше, шаруашылықты өрістетіп, агротуризмді де дамытуға қолға алыпсың. 

– Иә, Ернұр деген ағамның қолдауымен ашып жүргізіп келеміз. Агротуризмді дамытсақ деген идеяны айтқан да осы ағам. Ернұр магистратураны Германияда оқыды. Сол жақта танысқан жергілікті достары Қазақстанға қыдырып келіп, біздің жайлауға да ат басын бұрды. Келген қонаққа қойымызды сойып, етімізді асып, қуырдағын пісіріп, бал қымызға бөктіріп, ерекше сый-құрмет көрсетіп күттік. Разы болып қайтты. «Біз мынандай тұмса табиғаттың аясында ерекше әсерленіп, керемет демалдық», деп алғысын айтты. Осы саланы өрістетіп көрсек қалай болады екен, қосымша табыс көзі артық  етпейді, елге титтей де болса пайдамыз тисе деген мақсатта тәуекелге бел будық.

– Бұл да бір тәуекел ғой. Қанша дегенмен бұрын қолға алып жүргізбеген салаға, тәжірибе де аз бағытқа бет бұрғанда қорқыныш болмады ма?

– Болды әрине, оның үстіне біздің Шәлкөде жайлауы Алматы қаласынан тым шалғайда 350 шақырым қашықтықта жатыр. Туристер жолда ерсоқты болып келгенше шаршап-шалдығып жететіндіктен демалыс ұйымдастырғанымыз көңілінен шыға ма деп  уайымдадық. Бірақ тәуекелге бел бусаң бәрі жүйеленеді екен. Тіпті біз екі айға жуық қосымша үш киіз үй тігіп туристерді күттік, соңыра қонақтарымыз үйге симай өздері әкелген палаткада түнеп,  демалды. Келесі жылы да келеміз деп разылықтарын білдіріп аттанды. Кейбір кеткісі келмеген туристерге күздеуге көшетінімізді айтып, күн суытып келе жатқанын ескертіп, қар тауға  етектеп түскенін көрсеткен соң ғана  қимай  қоштасты.  Демек, агротуризмге деген сұраныс бар  деген сөз. Тек тетігін тауып, сервисті  түзеп, еңбектену керек.

– Еңбек демекші, келген туристердің арасында биыл да шетелдіктер болды ма? Сендердің көрсеткен сервис олардың  көңіліне жақты ма?

– Биыл да Германиядан келді,  ертеректе елімізден көшіп кеткен немістер екен, Англиядан екі жігіт әлеуметтік желіден көріп өздері іздеп келіп демалып қайтты. Бізде туристерге үш уақыт саумал, қымыз беріледі, тамақ та солай. Соның барлығын анам, жеңгем және менің келіншегім атқарды.  Біз ағам екеуміз кезектесіп бие сауып, арасында  қыр басына телефон желісі тартатын төбеге шығып, келетін  қонақтармен байланыс орнатып,  жол бастап жүрдік. Әкеміз де  бізге қарайласып, қолғабыс жасады, малға да қарайтын бір адам керек қой. Міне, осылай отбасылық ынтымақтың арқасында шаруамызды дөңгелетіп келеміз.

– Шопанның таяғы аталарыңнан мұраға жалғасып келе жатыр ма?

– Иә, әкем Нұрданбектің әкесі, біздің атамыз Сағатбек Мекебаев 100 саулықтан 120-дан асырып төл алып  озат шопан атанған, елге сыйлы кісі болды. Әкем  төрт ағайынды, сол  бауырларының арасынан өзі кезінде атамызға қарайлап ауылда қалған. Содан бері  міне, ұрпақ сабақтастығы жалғасып  шаруашылықты біз жүргізіп келе жатырмыз. Ағам Ернұр да Алматыда жоғары оқу орнында  шәкірт тәрбиелеп, оқытушы болып еңбек етті, бірақ кейін өзінің қалауымен ауылға көшіп келді.

– Нұрсұлтанның бір күндік жоспары қалай түзіледі?

– Күнделікті  таңғы сағат алтыда  ұйқыдан тұрамыз.  Арқандаулы атымызды ерттеп мініп үйірлі жылқыны айдап әкеліп,  желіге  құлын байлап, қойды өргізіп,  таңғы асты ішкенше сағат тілі сегізге таяйды. Күніне бес уақыт бие сауымы болады. Келген туристердің  алды жетіде, соңы  күндізгі сағат онда ұйқысынан тұрғанда біз олардың таңғы асын, саумал, қымызын даярлап қоямыз.  Сергіту үшін атқа мінгіземіз, қармақ салып өзеннен балық аулайды. Осы жұмыстарды ұйымдастырумен-ақ таң атып, кеш батқанын білмей қаламыз.

– Кейде осындай күйбең тіршілікті тастап, қалаға кетіп  қалғың келмей ме?

– Қалаға дейсіз бе, Алматыда аграрлық университетте төрт жыл грантта оқыдым. Сенсеңіз, әр аптаның сенбі, жексенбісінде жолым түссе, ауылға тартып кететінмін. Қазір де жұмыс бабымен барғанда екі күн әзер шыдаймын. Неге білмеймін еркіндікке, кең далада мамыражай тіршілікке үйреніп қалғандікі ме таудың етегінде өзеннің гүрілін естіп, құстың сайрағанын,  төрт түліктің азан-қазан үнін тыңдамасам ауырып қалатын секілдімін. Сондықтан маған ауылдың осы қоңыртөбел  тіршілігі ұнайды.  

– Қатарлас, замандастарың  жайында не айтасың?

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп хәкім Абай атамыз айтқандай, еңбектенген адамның несібесі мол болады қашанда. Тек әрнені сылтау етпеу керек.  Кез-келген шаруаның қиындығы, жұмыстың титықтатып шаршататыны рас, тек төзе білу қажет. Масылдық қанымызға сіңсе, жаман одан құтылу қиындық тудырады дегім келеді.