Қытай қаласы Ханчжоуда өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша біздің құрамаға Қытайда оқып жатқан студенттер, қандастармен қатар жергілікті спорт жанкүйерлері де қолдау білдіріп отыр.
«Қазақстан дзюдошыларының белдесулерін көрдім. Жақсы өнер көрсетті», дейді Ханчжоу тұрғыны Дэн Юэ.
Сондай-ақ Азиадада жүрген еріктілердің арасында Қазақстан спортшыларына қолдау білдіретіндер көп. Олардың көбі Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері екен. Жастардан бөлек, әлемге әйгілі әншінің өнерін бағалайтын ересектер де отандас спортшыларға ыстық ықылас білдіріп жатыр.
«Ия мен ол әншіні (Димашты) білемін, концертте көрдім, өте керемет! Қазақстанның спортшылары мен жанкүйерлеріне алыстан келіп, Азиадаға қатысқандары үшін алғыс білдіреміз. Бұл өз еліне және спортқа деген сүйіспеншіліктің дәлелі», дейді Азия ойындарын тамашалауға Бейжіңнен келген Лю Пэнчжань.