Биыл сахна саңлағы Бикен Римованың туғанына жүз жыл толды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» талғамы биік талант иесінің мерейлі мерекесі ел көлемінде атап тойланып жатыр. Бүкіл қазақ театрының мақтанышына айналған, мәдениет пен өнердің жарық жұлдызы болған Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Ырымқызы – өзінің актерлік шеберлігімен ғана емес, драматург, коюшы режиссер ретінде де көптің құрметін иеленген айтулы тұлға.
Кезінде өзінің жан дүниесін жарып шыққан «Абай – Әйгерім», «Қос мұңлық» драмалық туындылары – көрермен қауымның көңілін жаулап алған үздік шығармалары. Екеуі де бүгінгі күнге дейін сахна төрінен түскен емес.
Соның бір куәсі Жетісу облысының Бикен Римова атындағы драма театры әйгілі актердің жүзжылдық мерейтойының құрметіне орай тұғырлы тұлғаның өзі жазып сахналаған «Қос мұңлық» спектаклін жуырда Астанадағы Жастар театрында қойды.
Бұл спектакль қазір қоғамды жайлап бара жатқан жағымсыз жағдай – қартайған ата-анасына қайырымсыз болған кесірлі ұрпақтың мінез-құлқын бүкпесіз ашып берген. Өзі өсіріп, ержеткізген, мәпелеп, бауырына басқан балаларының жаман жолға түскенін, әке-шешесіне жылы ұясынан қарттар үйіне қуып, сонда баруға мәжбүрлеу өте аянышты, драмалық тартыста шебер бейнеленген. Спектакльде ата-ана қадірін білмейтін, арақ пен нашаға санасы уланған жастардың дайын олжа, арзан өмірден опық жейтінін де қатты ескертеді. Тікбақай қыз, намыссыз жігіттің санасыз өмірін заман шындығына сай бүкпесіз көрсетіп берген.
«Қос мұңлық» басталысымен демін ішіне тарта отырып көріп шыққан көрермен Бикен апамыздың бұл қойылымына шексіз риза болды. Замана шындығын, ондағы кейіпкерлер рөлін сомдаған актерлердің өрелі өнері адамды қалың ойға батырады. Әсіресе осы спектакльдің өнбойында бір тыным таппай, бір үзіліссіз күш-қайратын сарқа жұмсаған, басты рөлге шексіз шеберлігін салған Күнзипа рөліндегі Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебековаға барша көрермен ризалығын білдірді.
Қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ақмановтың тапқыр шешімдері көпшілікті тәнті етті. Адамның ішкі жан дүниесін, толғанысын, күйзелісін, түрлі тың идеяларды сахналық іс-қимылдармен ұтымды қиюластырып бергені, өзіндік ізденістің өзгеше өрнегі іспетті. Соның арқасында барлық актерлердің рөлдері өз дәрежесінде сенімді де шынайы болып шыққан. «Қос мұңлықтың» бір сыңары Гүлбарам рөлін сомдаған Мәкен Нұрмұхамбетованың да, әсіресе перзенттік парызын ұмытқан, үнемі анасына қарсы шығып, жағаласқан Күнзипаның ұлы Алданның рөліндегі Дәулет Қанаттың қабілет-қарымы да көрермен көңілінен шықты.
Бір сөзбен айтқанда, «Қос мұңлық» – қазіргі қоғам өмірінің ащы шындығы. Ата-анасын қадірлемеудің түбі жаманшылыққа алып келетін өте сорақы тірілік екенін, жаныңды жегідей жеп отырып көрсетіп беретін өте ұлағатты драмалық туынды дер едік. Мұны біз спектакль бітісімен жетісулық өнер қайраткерлеріне тік тұрып қол соққан көрермендердің ризалығынан, оған қоса көздерін жасқа толтырып тұрып, тағдыры тәлкекке түскен «Қос мұңлықтың» образын риясыз көрсеткен актерлерге деген зор құрметтен шексіз сезіндік.
Бүгінгі қоғамдық өмірдегі келеңсіз қылықтарды әшкерелейтін, көкейге ой салатын, жаманнан жирендіретін мұндай спектакльдерді өскелең ұрпақ жиі көріп, театр тәлімінен ұлағат алса екен дейміз.
Мұхаммед ХАНАФИЯ,
Фатима ЕРТӨРЕҚЫЗЫ