• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Мәдениет 26 Қыркүйек, 2023

«Қос мұңлық» – қоғам шындығы

361 рет
көрсетілді

Биыл сахна саңлағы Бикен Римованың туғанына жүз жыл толды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» талғамы биік талант иесінің мерейлі мерекесі ел көлемінде атап тойланып жатыр. Бүкіл қазақ театрының мақтанышына айналған, мәдениет пен өнердің жарық жұлдызы болған Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың ­лауреаты Бикен Ырымқызы – өзінің актерлік шеберлігімен ғана емес, драматург, коюшы режиссер ретінде де көптің құрметін иеленген айтулы тұлға.

Кезінде өзінің жан ­дү­ние­­сін жарып шыққан «Абай – Әй­герім», «Қос мұң­лық» дра­ма­лық туындылары – көрермен қа­уым­ның көңілін жаулап ал­­ған үз­дік шығармалары. Екеуі ­де бү­­­гінгі күнге дейін сахна төрі­нен түскен емес.

Соның бір куәсі Жетісу об­лысының Бикен Римова атын­дағы драма театры әй­гілі ак­тер­дің жүзжылдық мерейтойы­ның құрметіне орай тұғырлы тұлғаның өзі жазып сахнала­ған «Қос мұң­лық» спектаклін ­жуырда Астанадағы Жас­тар театрында қойды.

Бұл спектакль қазір қо­ғам­ды жайлап бара жатқан жа­ғымсыз жағдай – қартай­ған ата-анасына қайырым­сыз болған кесірлі ұрпақтың мінез-құлқын бүкпесіз ашып берген. Өзі өсіріп, ержеткізген, мәпелеп, бауырына басқан балаларының жаман жолға түскенін, әке-ше­шесіне жылы ұясынан қарт­тар үйіне қуып, сонда баруға мәж­­­­бүрлеу өте аянышты, дра­­ма­­лық тартыста шебер бей­нелен­ген. Спектакльде ата-ана қадірін білмейтін, арақ пен нашаға санасы уланған жастардың дайын олжа, арзан өмірден опық жейтінін де қатты ес­кертеді. Тікбақай қыз, намыссыз жігіттің санасыз өмірін заман шындығына сай бүкпесіз көрсетіп берген.

«Қос мұңлық» басталы­сымен демін ішіне тарта оты­рып көріп шыққан көрер­мен Бикен апамыздың бұл қойы­лымына шексіз риза бол­ды. Замана шындығын, он­дағы кейіпкерлер рөлін сом­даған актерлердің өрелі өне­рі адамды қалың ойға батырады. Әсі­ресе осы спектакльдің өнбо­йында бір тыным таппай, бір үзіліссіз күш-қайратын сарқа жұмсаған, басты рөл­ге шексіз шеберлігін сал­­ған Күнзипа рөліндегі Қазақ­станның халық әртісі Алма­­хан Кенжебековаға барша көрер­­мен ризалығын білдірді.

Қоюшы режиссер, Қазақ­станның ең­бек сіңірген әртісі Мұрат Ақ­ма­нов­тың тапқыр шешім­дері көп­шілікті тәнті етті. Адам­­ның іш­кі жан дү­ниесін, толға­ны­­сын, күй­зелісін, түрлі тың идея­­лар­ды сахналық іс-қимыл­дар­мен ұтымды қиюлас­тырып бергені, өзіндік ізденістің өз­­геше өрнегі іс­петті. Соның ар­­­қа­сында бар­лық актерлер­дің рөл­дері өз дәрежесінде сенімді де шынайы болып шыққан. «Қос мұң­лықтың» бір сыңа­ры Гүл­барам рөлін сомдаған Мә­кен Нұрмұхамбетованың да, әсіресе перзенттік парызын ұмытқан, үнемі анасына қарсы шығып, жағаласқан Күнзипаның ұлы Алданның рөліндегі Дәулет Қанаттың қабілет-қарымы да көрермен кө­ңілінен шықты.

Бір сөзбен айтқанда, «Қос мұңлық» – қа­зір­гі қо­ғам өмірі­нің ащы шындығы. Ата-ана­сын қадірлемеудің түбі жаман­шы­лыққа алып ке­летін өте сорақы тірілік екенін, жа­ның­ды жегідей жеп отырып көр­сетіп беретін өте ұлағат­ты дра­малық туынды дер едік. Мұны біз спектакль біті­сі­мен жетісулық өнер қай­рат­керлеріне тік тұрып қол соқ­қан көрермендердің риза­лы­ғынан, оған қоса көзде­рін жас­қа толтырып тұрып, тағ­ды­ры тәлкекке түскен «Қос мұң­лықтың» образын риясыз көр­сеткен актерлерге деген зор құрметтен шексіз сезіндік.

Бүгінгі қоғамдық өмірдегі келеңсіз қылықтарды әшке­ре­лейтін, көкейге ой салатын, жаманнан жирендіретін мұн­дай спектакльдерді өске­лең ұрпақ жиі көріп, театр тәлі­мінен ұлағат алса екен дейміз.

 

Мұхаммед ХАНАФИЯ,

Фатима ЕРТӨРЕҚЫЗЫ