• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Қыркүйек, 2023

Озаттар марапатталған күн

190 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанда Еңбек күні кең көлемде аталып өтті. «Ертіс концерт» залында өткен марапаттау рәсіміне облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысып, еңбегі сіңген азаматтарға алғысын айтты.

Еңбек күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде жыл сайын аталып өтіп келеді. Бүгін де барлық еңбек ардагері марапатталып, аймақ басшысы Ермек Беделбайұлы Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі атынан «Еңбек арда­ге­рі» медалін тоғыз адамға табыс етті.

– Елімізде жұмысшы мәрте­бесін арттыру мақсатында еңбек адамы идеясын насихаттап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, нағыз еңбек адамы – ол істің адамы. Яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Береке-бірлік пен қажырлы еңбектің ар­қа­сында мемлекетімізді дамы­тып, халықтың жағдайын жақ­сартамыз. Облыстағы түрлі салада жұмыс істеп, кәсіби маман атанған еңбек адамдарына ал­ғыс айтамын. Қарапайым жұ­мыс­шы­лар қауымына деген құр­метіміз әрдайым жоғары, – деді облыс әкімі Е.Көшербаев.

Салтанатты іс-шара аясында алдыңғы қатардан орын алған еңбеккерлер сахнаға шақы­рыл­ды. «Күршім орман шаруа­шы­лығы» орманшысы Оразғали Бақтияров, тракторист-машинист Павел Трегуб, агроном Вла­димир Ларионов, РОСТ ЖШС жүр­гі­зу­шісі Александр Колес­ников, «Те­резе» ЖШС бас ин­же­нері Қазы­бай Қадырбеков сынды азаматтар «Еңбек ар­да­гері» медалін иеленді.

Жыл сайын Еңбек күнін атап өту қарсаңында отбасылар өңір атынан республикалық кон­­­­курс­­қа қатысып отырады. Бұл ретте «Еңбек жолы» деп ата­­­ла­­тын байқауға Аушиновтер әу­леті қатысып, жүлделі екінші орынға ие болған. Сонымен қа­тар «Үздік еңбек династиясы» аталымында осы әулет топ жарып, көпшілік құттықтауына ие болды.

– Мамандығым алғашқы әс­кери дайындық пәнінің мұға­лімі болғанымен, металлург болып қызмет еттім. Қазір Рид­дер қа­ласындағы тау-кен металлур­гия кешенінде жұмыс істей­мін. Ша­мамен 13 жылдай болды. Әулетіміздегі алғашқы ме­таллург – атам Мәлік Аушинов. Анам­ның нағашы ағалары да осы жол­мен жүріп, өз кезінде түрлі мара­паттарға ие болды. Сонау 1973 жылдан бүгінге дейін алып қара­­сақ, әулетіміздің еңбек өтілін қос­қанда 181 жылға жетеді, – деді Ринат Ерболұлы.

«Өндіріс саласының үздік жас маманы» аталымы бойынша сахнаға бірінші болып Дарын Шағыманов шақырылды. Бұдан соң тоңазытқыш жұмысшысы Гүл­жанат Жұмаділқызы, Рид­дер­дегі «Сталь Тех Снаб» ЖШС-да токарь болып істейтін Мәди Ах­метов секілді еңбегімен еленген азаматтар марапатқа ие болды.

Іс-шараның ресми бөлігінен соң еңбеккерлер ән тыңдап, құ­лақ құрышын қандырды. Абай Қайыр­бек, Жанат Бисембаев, Арника Байбусынова, Ботагөз Жұ­мабекова «Отан» әнін шырқап, «Тұран» фольклорлы ан­самблі мен «Алтай» халық би ансамблі «Қаражорға» биін тарту етті. Соңында «Ертіс концерт» шы­­ғармашылық ұжымы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шыр­қап, көпшіліктің құрметіне ие болды.

 

Шығыс Қазақстан облысы