• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қыркүйек, 2023

Жарық астау

314 рет
көрсетілді

Шын мәнінде, қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген таланттар өте сирек. Сол сиректің бірі – Оралхан Бөкей. Қабырғалы қаламгердің шығармалары туралы сөз болғанда, бір оқырмандар оның қарапайым еңбек адамдары, олардың жанқиярлық еңбегі туралы жазған «Өз отыңды өшірме» мен Алтай тауындағы омарташылардың қым-қуыт тіршілігі арқылы, ондағы Таған атты жастың маскүнемдік дертке душар болған себебін сезімталдықпен баяндаған «Атау кере» романын жоғары бағаласа, енді біреулері адам жанының қырық қатпарына терең бойлаған психологиялық иірімдерге бай повестері мен әңгімелерін сүйіп оқиды. Келесі бір оқырмандар пафосқа толы екпінмен көркем жазылған публицистикасын жақсы көреді. Қысқасы, жазушының қай-қай шығармасының да шоқтығы биік, кейде ол оқырманды тұңғиық ойға батырса, кейде жылы шуаққа бөлеп, ақ жаңбырдай төпелеген кестелі тілімен желдіртіп отырады.

Алайда маған сыршыл сурет­кердің 80-жылдары «Ауыл хикаялары» деп аталған тұнық судай мөлдіреген қалпында ақ параққа түсе салған бір шоғыр шұрайлы әңгімелері ерекше ұнайды. Мұнда қаламгердің басқа туындыларында кездесетін мифтік, романтикалық  сарын да, пафостық баяндау да жоқ. Таза реалист Оралхан Бө­кейді көресіз. Бір жағынан, бұл әң­гімелердегі кейіпкерлер, ондағы оқиғалардың бәрі өмірден алынса да, жасандылық байқалмайды. Жазушы әр кейіпкерін әдеби образ деңгейіне көтеріп, оларды болмысымен, мінезімен, қимылымен ешкімге ұқсамайтын галереясын жасаған.

Сондай әңгіменің бірі – «Апам­ның астауы».

«Ол кезде мен бала едім, Апам жастау еді», деп басталған шы­ғарма да автор әке-шешесінің қиыр жайлап, шет қонып мал соңында жүретінін, оларды айында-жылында ғана болмаса, бет-жүзін жиі көрмейтінін айтады. Қос бөлмелі шатырланбаған тоқал тамның маңайы қысы-жазы жыбырлаған, айғайлап-шулаған балалардың базарына айналатыны, тоң болып қатқан пимасын, сүңгілесе су болған көйлек-дамбалын сол үйге келіп кептіретінін, ақыры, оның апасы мұқым ауыл балаларының абзал анасы секілді екенін нәзік лиризмге толы жылылықпен баяндайды.

«Он бес жасыма дейін апамның қойнына жаттым; он бес жасыма дейін әкенің, шешенің кім екенін білмей, сол айналайын апамның тәрбиесінде өстім; он бес жасыма дейін апамның етегіне жабысып, соңынан қалмай бүлкектеп құлындай еріп ер жеттім. Сол кісімен жүрсем, мал сойған үйдің құлағы, тәттісі мен дәмдісі менің аузыма тиетін. Мен ол кезде апам­ның өмір тарихын, тіпті кім екенін білмей, алаңсыз шуақты күндерге марқайып маңар едім», деп, әжесінің бауырында өскен кез келген қазақ баласына таныс оқиғаларды сөз етеді.

«Шынымды айтсам, бізді, тіпті бізді ғана емес, ертеректе әкемізді, оның іні-қарындастарын асыраған апамның теректен ойып жасаған келісі мен ескі астауы еді. Осы келі мен астау тіпті әкемнен де үлкен, Апам Алтайдың арғы беті – төркінінен ала келген аса қымбат заттары болатын», дейді. Апасының атасы Досқа ұзатылу тарихы да қызық.

Туындыны оқып отырып, бас кейіпкердің әңгімеге сараң, көп сөйлемейтін, тек өз ісімен ғана жүретін, қақсоғы жоқ, инабатты жуас адам болғанын, өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін, тірі пендеге тілі тимеген, ораза-намазы бұзылмаған, таза да тәкаппар ана болғанын бағамдайсыз. Оның қазақ әйелі не істеу керек болса, соның бәрі қолынан келетінін, тіпті ер-азамат атқарар істі қара нардай қасқая көтеріп жүре берер тұлғасымен жақын таныса түсесіз.

Ер-азамат атқарар істі де­мекші...

Бірде Жүніс шал ту сиырды жетелеп алып келіп, соғымға со­йып, мүшелеп бермек болады. Апасы ол келем деген күні пышағын қайрап, арқанын сайлап, суын жылытып тосып отырады. Бірақ ол келмейді. Ақыры шыдамы әбден таусылғаннан кейін сиырды өзі жығуға кірседі.

«Содан кейін тұмсықтан орал­ған жіпті соза тартып, сиырдың тамағын керіп тастады да, жез мойын мүйіз сап пышақты маған ұс­татты. Шошып кеттім.

 – Қорықпа, ұлым, – деді Апам. – Әйел адам мал бауыздамайды. Сен – азаматсың! Кәне, мықтап ұста.Қолым дір-дір етеді. Апам менің кіп-кішкене жұдырығымның сыртынан өзі қарулы тарамыстанған саусақтарымен қапсыра ұстады да, бұлқынуға дәрмені келмей теңкиіп пысылдаған сиырдың тамағынан орып-орып жіберді. Қып-қызыл қан атқылады-ай». Осы көріністе қазақ әйелінің бала болса да ер адамның бағасын білген, алтын басын қадірлеген қасиетін көріп, тәнті боласыз. Шамалы еркектің шамасы келмейтін ту сиырды жалғыз өзі алып ұрған нәзік жан иесінің қайратына қайран қаласыз.

Бұл әңгімеде қазақ әйелінің бойындағы бар асыл қасиет ай­шықты тілмен көрініс тапқан. Бір өкініштісі, қазір халқымыздың салт-дәстүріне, этнографиясына жетік, отбасының діңгегі болып отырған сондай асыл аналардың азайғаны, солармен бірге бар қа­зынамыздың кетіп бара жатқаны – жүректі ауыртады.

«Егер қазақтың әйелдері ат­қарар бүкіл ісмерліктің қол өнер инс­титутын, немесе фабрика­сын ашып, менің апамды бастық сайласа, тұтас бір он саусағы өнерге толы ұр­пақ дайындап шығарар еді. Иә, ол кісі тірі кезінде ешкім елеп-ескермеген, алтын қолды құдіретті әйел еді», деп суреткердің өкініш­тен өзегі өртенеді.

Шынында да, түрлі тағдырдың теперішін көрген халқымыздың бірлігі мен берекесін сақтап қалған қа­зақтың аналары екені анық, соны біліп олардың алдында бас иесіз.

Оралханның апасы қартайғанға дейін ауырмай-сырқамай 89 жасында өз иманын өзі айтып, дүние­ден озады. «Ертеңінде ескі қораның бұрышында төңкерулі жатқан апамның астауын алып, Алматыға қайттым.Апам менің... Сенен не қалды? Жарық астау ма? Иә, адам өмірі де сол жарық астау секілді қаңсып қалады екен-ау...». Манадан бері біз сөз етіп отырған әңгіменің түйіні осы. Адам өмірден өткенде соңында не қалады? Бұл кез келген жұмыр басты пендені тұңғиыққа батырады.