• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қыркүйек, 2023

Шетелдегі қазақ тілі курстары

260 рет
көрсетілді

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұма­бай әлеуметтік желідегі парақшасына орталық құрамын­дағы Абай институтының әлеуетін арттыруға күш са­лынып жатқанын жазды. Болашақта оны әлемдегі Гете, Юнус Эмре институттары деңгейіне көтеру көзделіп отыр. Қазір мақсат айқындалып, тиісті жұмыстар да басталған.

Шетелдегі қазақ диаспо­ра­сы­на қазақ тілін үйрету – институттың негізгі міндет­терінің бірі. Институттың тіл үйрету бағыты осыдан үш жыл бұрын басталған болатын. Бастапқыда бес офлайн сынып ашылса, бүгінде оның саны екі есе өскен. Ресейдің Омбы, Польшаның Варшава қа­лаларында биыл­ғы маусым айынан, Моң­ғолияның Ұланбатыр, Иран Республикасының Гор­ган қаласында шілдеден, Түр­кияның Анталия қаласында та­мыздан бері оқыту жү­ріп жатыр. Түркияның Ыс­там­­­­бұл, Францияның Па­риж, Аус­трияның Вена, Ма­жарс­тан­ның Будапешт қала­лары мен АҚШ-тың Кали­форния штатында қыркүйек айы­нан бас­тап оқы­ту толыққанды жүре бастады. Сабақтар «Тіл-қазына» орталығы жарыққа шығарған шетелдегі қазақ диаспорасына арналған әмбебап оқулықтармен өткізіледі.

– Оқытушылар жыл са­йын арнайы біліктілік курстарына қатысып, өздерінің тіл оқыту әдістемелерін жетілдіріп отырады. Соны­мен қатар біз шетелдегі оқыту­шыларымызбен бірлесе қазақ тілі оқулықтарын жазу тәжірибесін тұңғыш рет қолға алдық. Биыл соның алғашқы нәтижесі – «Түрік азаматтарына арналған қазақ тілі оқулығының» А1 деңгейін ұсынбақпыз. Келер жылы да бұл тәжірибе жалғасып, шетел азаматтары үшін бірнеше оқулық жарық көрмек, – дейді Мақпал Жұмабай.