• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қыркүйек, 2023

Көш түзеліп келе ме?

284 рет
көрсетілді

Көші-қон саясаты – үнемі ел қаперінде. Ішкі-сыртқы қоныс аударушылардың әлеуметтік әл-ахуалын жақсарту қашанда назардан тыс қалмайтын маңызды сала екені белгілі. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасы аясында кейінгі 11 жылда алғаш рет көші-қонның оң үрдісі қалыптасқанын жеткізді.

«Елімізге негізінен ТМД, Қы­тай және Моңғолия елде­рі­нің азаматтары тұрақты тұ­ру­ға келіп жатыр. Бұл ретте тех­ни­ка­лық, экономикалық, пе­да­гогикалық және меди­ци­на­лық ма­мандықтары бар шетел азаматтары көбірек», деді А.Ертаев.

Спикердің айтуынша, жыл басынан бері 160 мыңнан аса тұрғын ел ішінде қоныс аударған. Еліміздің ірі мегаполистері ішкі мигранттарды тартудың орта­лы­ғы болып отыр. Мәсе­лен, бұ­лар­­дың үлесіне бүкіл ішкі көш­тің 40%-ы тиесілі.

«Көші-қон саясаты тұжырым­да­масының бірінші бағыты – білім иммиграциясы. Оның мақ­са­ты елімізді аймақтық бі­лім беру хабы ретінде айқындау бо­лып отыр. Бұл үшін заманауи кампустары, ғылыми зертханалары бар салалық жо­ғары оқу орындарын дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кейін­гі екі жылда отандық жо­ғары оқу орын­да­ры­ның база­сын­­да шетелдік жоғары оқу орын­­­­да­­рының 6 филиалы құрыл­ды», дейді ол.

Оның айтуынша, екінші бағыт – бизнес-иммиграция, оның шең­бе­рінде елдің инвестициялық тартымдылығын кеңейту бойынша шаралар қабылданған.

«Біз А-5 санатындағы инвесторларды шетелдік жұмыс күшіне рұқсат алудан босаттық. Жыл басынан бері мұндай инвес­тор­лық визалар 76 шетелдік аза­мат­қа берілді. Әлеуетті инвесторлар үшін «бір өтініш» қағидаты бойынша шетелдік мекемелерде ЖСН және ЭЦҚ беру рәсімі оңтайланды. Инвес­тициялық визалық шекті төмен­де­ту жоспарланып отыр», дейді А.Ертаев.

Сондай-ақ ол Көші-қон сая­саты тұжы­рым­­дамасын іске асы­ру аясында сыртта табысты бизнес-кейстері бар шетел қа­зақ­тары үшін «Ата жолы» картасын беру тәртібі бекітілгенін мәлімдеді. Қазір «Ата жолы» картасын алушылардың алдын ала тізімі жасалған. Әзірге тізімде 50 шетелдік қазақ бар көрінеді.

Спикердің айтуынша, көші-қон саяса­тының үшінші бағыты – елімізге білік­ті шетелдік мамандарды тарту. Мәселен, биыл 1 шілдеден бастап орталық және жергілікті атқарушы органдар­мен бірлесіп, сұранысқа ие кәсіп­тер­дің бекітілген тізбесі аясында нақты жұмыстар басталды. Енді тізімде кәсіптері бар шетелдіктер жеңілдетілген тәртіппен тұруға ықтиярхат алуға өтініш бере ала­ды. Сонымен қатар рұқсат бе­­ру­дің жаңа қағидалары қабыл­данды. Басты жаңа­лық – енді бір рұқсатнамамен бірнеше өңірде жұмыс істеуге болады. Әйт­кен­мен еңбек нарығында отан­дық мамандардың үлесі 95 пайыздан төмен болмауға тиіс.

«Этностық иммиграцияны регламент­тейтін келесі бағыт шең­берінде «қандас» мәртебесін алу­ға өтініштерді қабылдау теті­гі қайта қаралды. Мәселен, 1 шілдеден бастап Қазақстанның кон­сулдықтары шетелдегі қазақ­тар­дың өтініштерін «Бір терезе» қағидаты бойынша қарай бастады. Сонымен қатар қандастарды қоныс­тан­дырудың жаңа алго­ритмі қабылданды. Енді қабыл­дау үшін өңірді айқындау 4 не­гізгі санат бойынша жүзеге асы­рылады: жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қажетті кәсіп иелерін тарту; отбасын қа­уыш­тыру; Үкімет айқындаған өңірлерге жолдама беру; даму әлеуеті бар елді мекендерге қоныстандыру», дейді Көші-қон комитетінің төрағасы.

Жыл басынан бері елімізге барлығы 15,5 мың репатриант келген, оның 9,6 мыңы – ең­бек­ке қабілетті. Олардың бар­лығы әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұ­мыс­қа орналастыру шараларымен қам­тылды. Сондай-ақ Көші-қон саясаты тұ­жырымдамасы ая­сында шетелде жұмыс іс­тейтін Қазақстан азаматтары үшін еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бо­йынша жұ­мыс­тар жүргізіледі.

Сыртқы істер министрлігінің мәліме­тінше, бірінші тоқсанның қорытын­дысы бойынша 194 мың­нан аса отандасымыз шетелде жұмыс істейді. Олардың ең­бек құқықтарының сақталуын қам­­тамасыз ету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Түркия, БАӘ, Ұлы­бри­тания т.б. елдермен жаңа келісімдер жасасуға бас­та­ма­шылық жасап отыр.

Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін елімізде «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталып жат­­қан көрінеді. Осы жүйе бо­йын­ша жұмысқа орналастыру migration.enbek.kz порталында тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды ресімдеуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге және т.б. көмек көрсету үшін қосымша тиісті жұмысты ең­бек ұтқырлығы орталықтары жүргізеді.

«Алтыншы бағыт шеңберінде жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер арасындағы демографиялық теңсіздікті реттеу бойынша жұмыс жүргі­зіліп жатыр. Бұл үшін ішкі ұтқыр­лық­ты ынталандыру шаралары қабылданады. Жалпы, биыл «Серпін», «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламаларын іске асыру нәтижелері бойынша 33 мың­нан аса адам мемлекеттік қолдау шараларын алады», дейді спикер.

Ішкі қоныс аударушылар үшін жаңа серпінді тетік – тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қар­жылық көмек. Бірақ 4 млн теңгеден аспайтын мөлшерде (жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған жағдайда) эконо­ми­калық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Қазір бұл сертификаттар 224 отбасына беріліпті.

«Келесі бағыт – босқын­дар­­мен жұмыс. Биыл 1 та­мыз­да­ғы жағдай бойынша елі­міз­де 559 пана іздеушілер мен 321 босқын бар. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы ко­мис­са­рының Орталық Азия­дағы аймақтық басқармасымен бірле­­сіп, жоғарыда айтылған аза­мат­тардың әлеу­мет­тік құқық­та­ры қорғалуын қамта­ма­сыз ету, жұ­мыс­қа орналастыру, меди­ци­на­лық және әлеуметтік көмек көрсету шаралары әзірленді. Геосаяси жағдайлар, оның ішінде пана іздеп жүрген адамдардың жаппай ағынын ескере отырып, Үкімет оларды уақытша қоныс­тан­дыру пункттерінде қабылдау мен орналастырудың тиісті қағи­даларын бекітті», деді А.Ертаев.

Сонымен қатар ол көші-қон үдерістерін реттеу жүйесін цифр­лан­дыру басым бағыт­тардың бірі екенін жеткізді.

«Бүгінде біз мигранттарды тіркейтін бірыңғай жүйе құру үшін қолда бар ақпа­раттық жүйе­лердің бәрін өзара интег­ра­циялауға кірістік. Шетелдегі мекемелеріміз үшін «Қандас» атты жаңа функционалды авто­мат­тандырылған ақпараттық жү­йе­­­ні іске қосу басталды», деді Кө­ші-қон коми­тетінің төрағасы.