Түркістан облысында мақта теру науқаны басталды. Осыған орай БАҚ өкілдері «Қазагроқаржы» АҚ ұйымдастырған баспасөз турымен Ордабасы ауданы Төрткөл ауылындағы «Рамазан-Агро» ЖШС-ның егістік алқабында болып, мақта өңдеу зауытының жұмысымен танысып қайтты.
Серіктестік иелігіндегі 723 гектар жерге мақта өсіреді. Оны өңдеп шетелге экспорттайды. Сонымен бірге шағын шаруа қожалықтарына мақта егуге, терісіп жинасуға көмектеседі. Биыл Ордабасы ауданында 4 мың гектарға мақта шитін себуге жәрдем берді. Осылайша, өңірдегі мақта өндіруші ірі шаруашылықтардың бестігіне кіріп отыр. Компания «ақ алтынды» үш түрлі тәсілмен өндіреді. Біріншіден, өзі егеді, екіншіден, фьючерлік келісімшарт арқылы шаруа қожалықтары өнімді осы компанияға өткізеді, үшіншіден, нарық бағасымен шаруалардан тікелей сатып алады. Былтыр 20 мың тонна шитті мақта өндірсе, биыл 25 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Өткен жылы серіктестік 43 центнерден өнім алған. Биыл да соған шамалас болады деп отыр. Мақта шығымының жақсы болуына түріктің «PROGEN TOHUM» компаниясының элиталық тұқымы әсер еткен. Түркияның асыл тұқымды мақта шиті 70 центнерге дейін өнім бере алады. ЖШС директоры Мейірхан Батырбектің айтуынша мақта теріміне «Қазагроқаржы» АҚ-дан алған 15 «John Deere» комбайны сақадай-сай дайын тұр. Біраз алқапқа комбайндар түсіп үлгерді.
Мақта – шығыны көп дақыл. Бірақ элиталы тұқым есебінен компания табысқа кенеліп жатыр. «Рамазан-Агро» ЖШС 2009 жылы құрылса, 2014 жылы жаңа комбайндар сатып алды. Мұның алдында шаруашылық жергілікті тұқымды еккен. Бірақ оның өнімділігі 20-25 центнерден аспайтын. Бұрынғы сұрыптың талшық сапасы төмен болатын. Ол 5-ші типтіге жататын. Түріктің элиталы тұқымы – 3-4-типті. Өнімділігі де жоғары. Шаруашылық «эдесса» сұрпын да егіп көрген. Жергілікті климатқа төзімділігін байқап, сынақтан өткізген. Енді «лима» деген сұрпын тексеріп жатыр. Егер сапасы дұрыс болса, оны да алдырады. Серіктестік «Қазагроқаржыдан» 2.5 млрд теңгеге «John Deere» комбайндарын сатып алған. Қарыздың негізгі бөлігін құтылған. Мемлекет жаңа техникаға, тыңайтқыштарға, химикаттарға субсидия беріп жатыр. Жеңілдетілген бағамен дизель отынын алып отыр.
Түріктің элиталық тұқымының бағасы қымбат. Оған көп шаруаның шамасы келе бермейді сатып алайын десе. Сол себепті серіктестік директоры 40 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланғанын қалайды. Биыл шаруашылық 88 тонна элиталық тұқым сатып алған. Оның барлығын өзі пайдаланбады. Төмен бағамен 350-дей шағын шаруашылыққа сатты. Тыңайтқыш, техникамен жәрдем береді. Мақтаны терісуге дейін көмектеседі. Өздері шығын шексе де арзан бағамен шағын шаруашылықтарды элиталы тұқыммен қамтамасыз етіп отыр. Мұның себебі талшық сапасы төмен жергілікті мақта шетелге өтпей жатыр. Асыл тұқымды мақта сұрпынан серіктестік 60 центнерге дейін өнім алған. Су тапшылығына байланысты кейбір алқаптарда өнімділік төмендеген. Соның өзінде жергілікті тұқыммен салыстырғанда шығымы жақсы. Сынақ алаңдарында басқа сұрыптарды да тексеріп жатыр. Түріктің элиталы тұқымдары жергілікті климатқа сай келе бермейді. Пісетін уақыты – ұзақ. 120-130 күнде мақта пісіп үлгермесе, әрі қарай шаруалар теріп те үлгере алмайды. Ал түріктің элиталы тұқымдары 160-170 күнде пісіп жетіледі. Соған қарамай ерте пісетін түрлерін сатып әкеліп, жергілікті табиғатқа бейімдеп өсіріп жатыр.
Жиналған өнім серіктестікке қарасты «Нұр-Агро 73» зауытында өңделеді. Ол жерде мақта шитінен ажыратылып, талшық, линт, ұлық алынады. Талшық экспортқа жұмсалса, линт медицина өндірісінде, ұлық көрпе-төсек тігуге қолданылады. Шитті тұқымдыққа пайдаланады, әрі одан май сығады. Серіктестік шитті «Доня» сауда белгісімен мақта майын шығаратын «Шымкентмай» АҚ-ға өткізеді. Талшық, линт, ұлықты «Cotton CZ s.r.o» трейдерлік компаниясы арқылы Латвия, Молдова, Ресей, Беларусь, Түркияға экспортталады. Былтыр мақта бағасы тоннасына 370 мың теңге болды. Бұл – түріктің элиталық сұрпының құны. Жергілікті тұқымнан шыққан мақта 230-250 теңгеден сатылды. Биыл мақта бағасы әлі нақтыланбады. Оның қанша болатыны әлемдік нарыққа, Ливерпуль биржасындағы котировкаға байланысты. Дегенмен осы жылы ақ ұлпаның құны төмен болады деген болжам бар. Серіктестік директорының айтуынша 250 теңге бағамен табысқа шығу қиын. Мақтадан пайда түсу үшін кемі 30 центнерден өнім алу керек. 20 центнер жәй шығынға кетіп қалады. Жергілікті мақта тұқымы аз өнім беретіндіктен, шаруалар да көп табысқа кенеле алмай жүр. Серіктестік элиталы тұқыммен мақта өсіретіндіктен трейдерлік компания алдын-ала келісімшарт жасасып қойған. Сол үшін баға қанша құбылса да әсер етпейді. Әрі трейдерлік компания серіктестікке алғы төлем есебінде ақша аударып отырады. Осы қаражаттың көмегімен «Рамазан-Агро» шағын шаруашылықтармен фьючерлік келісімшарт түзеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу керектігін тапсырды. Осы күнде базарда сатылатын киім-кешек, маталардың бәрі дерлік шетелдік өнімдер. Отандық шикізатпен тоқыма өнеркәсібін аяққа тұрғызуға болады ғой.
«Біз мақта талшығын жергілікті нарыққа қуана-қуана өткізер едік. Алатын жер жоқ. Бірлі-жарым фабрика өздерінің шикізатын пайдаланады. Енді өзіміз мақта, жіп иіру фабрикасын салуды ойластырып жатырмыз. Бірақ идеямызды іске асыруға қаражат қолбайлау болып тұр», деді серіктестік басшысы.
Кәсіпкердің пікірінше қосымша фабрикалар болса, өнім өндірушілер оларды қажетті шикізатпен толық қамтамасыз ете алады. Тек мақта элиталы тұқыммен өсірілуі керек. Жергілікті сұрыптан алынған мақта талшығы мата тоқуға, жіп шығаруға жарамайды. Отандық өнімділігі жоғары мақта сұрыптарының осы күнге дейін болмауына қаражат жағы кінәлі. Қаржылық проблема ғылыми-зерттеу институтының жұмысын әлсіретті, кадрлық тапшылыққа әкеліп соқтырды. Тұқым шаруашылықтары жабылды. Солардың бәрін қайтадан қалпына келтіру үшін мемлекеттен қаржылай көмек керек. Кәсіпкердің ойынша ғылыми-зерттеу институтын қайта жандандырып, тұқым шаруашылықтарын көбейтсе, отандық элиталы тұқым алуға үлкен мүмкіндіктер ашылады. Мемлекет басшысы Жолдауда ғылымды ауыл шаруашылығына бұру керектігін баса айтты. Үкімет осыған орай нақты қадамдар жасаса, тұқым шаруашылығы да дами түседі деген үмітін жасырмады шаруа. Түркістан облысына кемі 5-6 тұқым өндіретін шаруашылық қажет. Өңірдің нағыз мақталы аудандарында бұл мәселе қолға алына бастапты. Бірақ өндірілген элиталы тұқым сұраныстың бар-жоғы 20-30 пайызын ғана жаба алады.
«Бір жылдары егістікті әртараптандыру бағдарламасымен мақтаның орнына шаруалар бақша дақылдарын екті. Шығыны көп, суаруы да қиын деген мәселе негізгі себеп болды. Биылғы Жолдауда да Президент суды көп қажет ететін егін түрлерін басқаларымен ауыстыруды тапсырды. Алайда өнімдердің ішінде мақта суды ең аз керек ететін дақылға жатады. Жоғарыда отырғандар есептегенде егістіктің көлемін есепке алады. Облыста негізінен мақта егілетін болған соң әрине судың да мөлшері көп болып шығады. Егер нақты гектарға шақсақ мақтаның шын мәнінде суды аз тұтынатынын көре аламыз. Мақталық жаз бойы екі-ақ рет суарылады. Кейде бір-ақ мәрте су береміз. Ал жүгері алқабын 3-4 рет суармаса өнім бермейді. Жоңышқа да мақтадан екі есе артық су ішеді. «Ақ алтын» шөлде өсетін дақыл түріне кіреді. Одан басқа өсімдіктер екі есе суды көп қажет етеді. Судың бәрі мақтаға кетіп жатыр деген түсініктің қате екенін мен әрбір жиналыс сайын айтып отырамын. Мақта – стратегиялық өнім. Одан тек мата-жіп шықпайды, оқ-дәрі де өндіріледі. Тоқыма өнеркәсібін қолға аламыз деп жатырмыз, шикізат болмаса бұл тірлік қалай жүзеге асады? Сол себепті мақта шаруашылығын мемлекет барынша қолдау керек», деді кәсіпкер.
Оның үстіне халық та мақта егіп үйренген. Әбден сол кәсіпке дағдыланған. Шаруалардың қолындағы техника да мақта шаруашылығына арналған. Оларды сатып алуға миллиардтаған қаржы кетті. Науқаншылықпен мақта алқаптары қысқарса, шаруалар бірден сазға отырады.
Президент Жолдауда су тапшылығы мәселесін көтеріп, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиясына көшу қажеттігін бекер айтпады. Өйткені шынымен де жылдан-жылға егістік алқаптарына су жеткізу мәселесі қиындап барады. Бұл проблеманың бірден-бір шешімі – ол тамшылатып суару технологиясы. Серіктестік өз тәжірибесінде тамшылату мен жаңбырлатып суару технологиясының бәрін қолданып көрген. Шаруашылық басшысының айтуынша, мұндай технологияны пайдалануға ірі агрокомпаниялардың шамасы келер. Ондай тәсілді қолдануды шағын фермерлік қожалықтардың қалтасы көтере бермейді. Әрбір осындай шаруашылықтың бар-жоғы 3-5 гектар жері бар. Содан тапқан табысы су үнемдеу технологиясын ендіруге жетпейтіні белгілі. Сол үшін бұл арада мемлекеттің көмегі ауадай қажет. Бюджет есебінен егістік басына электр энергиясы тартылып, құдық қазылса, шаруа тамшылатып суару жүйесіне ойланбастан көшер еді. Тіршілік нәрін құбыр арқылы шақтап беріп отыру тиімділікті де екі есеге ұлғайтады. Әлбетте, мұндай жобаны жүзеге асыру арзан болмайды. Осы орайда мемлекет кеткен шығынның 50 пайызын субсидияласа, қалғанын 3-4 жылға бөліп төлеуге шаруаның міндетіне артса тиімді болар еді, деген ойын жеткізді кәсіпкер. Және бұл істі тезірек қолға алу керектігін мәлімдеді. Су тапшылығы жылдан-жылға айқын сезіле бастағанын алға тартты. Мәселені айтып, талай рет жергілікті әкімдіктің алдына барған. Президент Жолдауда нақты тапсырмалар берді, енді Үкімет те, жергілікті атқарушы билік те қозғалуы тиіс.
Өз кезегінде «Қазагроқаржы» АҚ-ның Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары Бекжан Жұқабаев қаржы ұйымы өңірдегі шаруаларды белсенді түрде жаңа техникалармен қолдап жатқанын айтты.
«2023 жылы филиал жергілікті фермерлерге 9,5 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру бойынша ауқымды жоспарлар белгіледі. Бүгінгі таңда жылдық меженің 74 пайызы орындалды, яғни 7,3 миллиард теңгенің құрал-жабдықтары бенефициарларға жалға берілді. Олардың ішінде 575 техника болса, 176-сы мақта жинауға арналған трактор, комбайндар мен қажетті агрегаттар. Осылайша, қаржы ұйымы күш-жігерін шаруаларды қолдауға жұмсау арқылы мақта шаруашылығын, жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға үлесін қосып жатыр», деді Б.Жұқабаев.
«Қазагроқаржы» өкілінің айтуынша, «Рамазан-Агро» ЖШС нағыз заманауи техникаға дәл осы қаржы ұйымының көмегінің арқасында қол жеткізген. Серіктестіктің меншігінде бүгінгі таңда 120-дан астам техника бар. Ол «John Deere» мақта комбайндары, «John Deere» және «Беларус» доңғалақты тракторлары, трактор тіркемелері, алдыңғы және телескоптық тиегіштер, культиваторлар, сепкіштер, соқалар мен тағы басқалары.
«Рамазан-Агроның» өзінде алпысқа жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Ал жиын-терім науқанында жұмысшылар саны 350-ден асады. Жалпы, әлемдегі талшық өндірісінің 35 пайызы мақтаның үлесіне тиесілі. Дамушы елдердің экономикасын өрге сүйреп келе жатқан саланың бірі де – мақта шаруашылығы. Сондықтан бұл дақылға «ақ алтын» деп бекер ат қоймаған. Президент Жолдауында айтылғандай, алдағы 5 жылда еліміздің ішкі жалпы өнім көлемі бірнеше есеге өсіп, 450 млрд долларды құрауы тиіс. Экономикалық көшбасшы салалардың ішінде мақта шаруашылығының да алар орны айрықша болады деген сенім бар.
ШЫМКЕНТ