• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 27 Қыркүйек, 2023

Балық та – байлық

339 рет
көрсетілді

Алматы облысында балық шаруашылығын дамыту мақсатында Іле ауданы Байсерке ауылдық округіне қарасты «Asanov Club» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бекіре балықтарының аса құнды түрлерін, атап айтсақ, құртпа, қарыш және сібір бекіресін алып келді. Құны қымбат балықтың бұл түрін Қарағанды облысындағы бекіре өсіру зауытынан алдырған. Игілікті шараға Балқаш – Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының орынбасары Нұрболат Наржанов, Алматы облысының табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Мағзұмов арнайы қатысты.

«Кешеніміз тауарлық ба­лық шаруашылығын қолға алғаны­на бір жылға жуық уақыт өтті. Бұл асыл тұқымды балықтары­мыз жыл бойы жабық сумен қамтамасыз ету жүйесі бар жасанды тоғанымызда өсетін болады. Барлығы заманауи технологиямен жабдықталған. Бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге және ұстауға оны көбейтуге өте қолайлы. Бүгінгі жаңадан келген аналық бекірелері­міз­ді өсіріп, оның уылдырығын алып, біздің климатымызға лайықты жағдайға жеткіземіз. Бұл үдерістің өзі 4-5 жылдың көлемінде жүргізіледі. Осы бағытта ауданымызды ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де экспорттайтын боламыз»,  дей­ді «Asanov Club» ЖШС-ның директоры Эдуард Антоненко.

Балық кешені уылдырықты ұзақ жылдар бойы алудың күр­делі технологиясын игеруімен ерекшеленеді. Он жылдың көлемінде үздіксіз өмір сүре беретін болады.

Бүгінгі күні балық шаруа­шы­лығын дамытуды мем­лекет­тік қолдау мақсатында жер­гі­лікті бюджеттен 2022 жыл­ға суб­сидиялауға 70,0 млн теңге бө­лінді. Бұл сома «Qoldau» порталында берілген 17 өті­нім бойынша игерілді. 2023 жыл­ға жергілікті бюджет­тен осы мақсаттарға субсидия­лар көлемі екі есеге ұлғайып, 150,0 млн теңгеге дейін инвес­ти­ция­лық шығын­дарды өтеуге рес­пуб­­ликалық бюджеттен 436,7 млн теңге бөл­ін­гені туралы Алма­ты об­лыс­тық табиғи ресурс­тар бас­қар­масының басшысы Айдар Мағзұмов хабардар етті.

«Осы жылдың 14 маусы­мында Алматы облысы әкім­дігінің «2023 жыл­ға ар­нал­ған акваөсіру (ба­лық өсіру шаруашылығы) өнімі­нің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау көлем­дерін бекіту туралы» №179 қау­лысы  шығып, бүгінгі күнге «Kezekte» ақпараттық жүйе­лер платформасындағы «Balyqsy» сервисі арқылы 138 971 469 теңге сомасына 30 өті­­нім тө­ленді, 1 өтінім қарау са­ты­сын­да және инвести­ция­лық шы­ғын­дарды өтеуге 14 өтінім берілді. Қазіргі уақыт­та өті­німдер қара­лып жатыр», деді бас­­қарма басшысы Айдар Мағзұмов.

«Asanov Club» тоған шаруа­шылығы алғашқы балық аулау­­ды былтырғы жыл­д­ың қыр­күйе­гінде жүзеге асы­рып, ба­лық инспекция­сымен бір­лесіп  «Балық өсіру – биоло­гия­лық негіздемесі» атты жоба жасалып, тоған­дар пайдалануға берілген. Қазір 2 гектар жерде 3 тоған жұмыс істеуде.

Серіктестік директоры Эдуард Антоненконың мәлімдеуінше, бұл өңірдегі бекі­ре тұқымдас балық түр­лерін өсіру­мен айналысатын жалғыз тоған, онда 19 тонна балық бар екен.

Елімізде балық шаруа­шылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағ­дар­ламасына сәйкес, Ал­маты облысы бойынша негізгі нысаналы индикаторлар 2030 жылға қарай акваөсіру өндірісін 3,7 мың тоннадан  20 мың тоннаға дейін жеткізуге қамданып отыр. 2023 жылы тауарлы ба­лық өсіру жоспары 5 568 тоннаға жос­парланды.  Алматы облы­сында 2026 жылға қарай 329 жаңа жұмыс орнын құру ар­қы­лы жалпы құны 80,6 млрд теңгені құрайтын, жалпы қуат­тылығы 16,3 мың тонна тауар­лық балық құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарлануда.

 

Алматы облысы