• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Ауыл 28 Қыркүйек, 2023

Жер жайына алаңдау

257 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдарда еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне аз қаражат бөлініп жатқан жоқ. Біраз реформалық қадамдар жасалып жатыр. Дегенмен ауыл шаруашылығы саласының барлық түйткілі шешіліп, жағдайы жақсарып кетті деп айтуға әлі ерте. Қазірде айналада болып жатқан геосаяси тұрақсыздық әрбір тұрғынды алаңдатады. Осындай жағдайда азық-түлік бағасының қымбаттауы, оның сапасының төмендеуі халықтың тұрмысы мен денсаулығына да әсер етеді.

Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдары Жолдауда айтуын­дай-ақ айтып  келеді. Ауыл шаруа­шы­лығы саласын көтерудің бір те­тігі – жердің (топырақтың) құнар­­лылығын арттырып, өңір­лер­де тиімді пайдалануды дұрыс ұйым­дас­тыру. Тәжірибелі маман ре­тін­­де аталған мәселеге қатысты кей­­бір ойларымды ортаға салғым келіп отыр.

Жердің құнарлылығын сақ­тап, тиімді пайдалану үшін бірін­шіден ұлттық намысты ояту керек. Жеріміз үлкен болған соң, оны тиісінше қадірлеп, көп жағдайда ретті әрі өнімді пай­даланып жүрген жоқпыз. Ерте­­ректе Грузияға іссапар­мен болғанымызда тау бөктерін­дегі үй іргесінен аядай жерге егілген 3-4 жүзім ағашының түбір­лерін көріп қайран қалғанымыз бар. Сан жылдар күтіп-баптап, атадан-балаға мұра ретінде қал­дырылып келеді екен. Бізде де жерге, Жер-Анаға осындай көзқарас іс жүзінде қалыптасуы керек, сонда ғана жерге деген қатынас өзгереді.

Елімізде жер ресурсы үлкен (272,5 млн га), оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 100 миллион гектардан асады. Жер көлемі жағынан дүние жүзіндегі он ірі елдің қатарына кіреміз. Алайда аз ғана халқымызды сол жерден алынған өнімге келгенде, азық-түлік тауарларымен толық және арзан бағамен қамтамасыз ете алмай отырғанымыз қынжылтады. Жерді пайдалануға келгенде шорқақпыз. Әрине, барлық жерде ондай емес, оңтүстік өңірлерде жерге деген ықылас өзгеше.

Тәуелсіздік алғаннан бері ауыл ша­руашылығы және жер қатынастары саласында көптеген өзгеріс болды. Әрбір министр өз реформасымен келді деуге болады. Бірақ нәтижелері айтарлықтай емес, оған сала басшыларының жиі ауысуының да әсер еткенін жасырмау керек. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы саясатында орнықтылық болмады.

Өткен ғасырдың 90-жылдары ба­сын­­да жүргізілген жер реформасы бары­­сында қабылданған заңға сәйкес көптеген іс-шара жүзеге асырылды. Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитет (Мемжерком) құрылды. Осы кезде жер саласының жұмыстарын ұйым­дастыратын және басқаратын бірыңғай жүйе қалыптастырылды. Бұл уақытында үлкен жаңалық болды және жер саласына көптеген оң өзгеріс әкелгенін айтуымыз керек. Соңғы кездегі жерді пайдаланудағы келеңсіздік негізінен жаңа­дан құрылған шаруашылық түрлері­нің, шаруа қожалықтарының жобалануы мен жерге орналастырудың және негіз­деудің нашарлығынан деп ойлаймын. Жер саласын ауыл шаруашылығымен, оның алдында құрылыспен немесе қала­лар­да сәулет, қала құрылыс орган­дары­мен, соңғы жылдары халыққа қызмет көр­сету орталықтарымен қосу жерге орналастыру саласын, жер кадастры мен жер мониторингін жоқ қылды деуге болады.

Жер саласындағы бітпейтін жемқор­лық пен келеңсіздіктердің, учаскелердің нысаналы мақсатты пайдалану санатын заңсыз өзгертіп, бөлшектеп сату (оның ішінде суармалы жерлерді), миллиондаған гектар жердің өз мақсатында пайдаланылмай жатқаны, ауылдардың төңірегінде жайылымдардың жетіспеуі, жердің көп бөлігінің деградацияға, су немесе жел эрозиясына ұшырауы, шөлденуі, құнар­сыздануы, елді мекендердің жаңбыр суына шайылып кетуі, т.с.с. – жер учас­кесін берген кезде негізделген жерге орналастырудың болмауы, жердің нысаналы пайдаланылуының нақты жос­парының әзірленбеуі, жарты ғасырдан астам тарихы бар жер саласының жойы­луы, жер кадастры (әсіресе ауыл ша­руа­шылығы жерлерінің сапалық көрсет­кіштерінің) деректерінің нашарлауы – жер учаскесінің ауданын жайылым немесе егістік үшін пайдалануға жоба­лағанда жерді бедеріне (рельефке) және топырақ ерекшеліктеріне байланысты негіздеудің жеткіліксіздігінен орын алған келеңсіздіктер. Сондай-ақ соңғы жылдарғы жер саласы мамандарын даярлау ісінің құлдырап кетуі, бар мамандардың тәжірибесінің аздығы да қосымша себеп болып отыр.

Ешкім халыққа қызмет көрсету саласын жетілдіруге, оны сандық платфор­маларға ауыстыруға, жұмыстарын авто­маттандыруға қарсы емес. Ол – заман талабы, дегенмен осы жолда жерге орналастыру жүйесінің, жер кадастрының (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырағын картаға түсіру, құнарлылығын анықтау, жайылымдар мен шабындықтарға геоботаникалық іздестіру жұмыстарын, жер мониторингін жүргізу) басқа салаға қосылуы жер сала­сының маңызын төмендетті, материалдық жағын нашарлатты, ол өз кезегінде дала­лық жұмыстардың сапасын әлсіретті.

Мен Мемжеркомның бірінші құра­мын­да көп жыл қызмет атқардым, жер саласы ардагерлерінің бірімін. Өкінішке қарай, кезінде Мемжерком көп ұзамай Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамына қосылды. Жер реформасының кейбір бастамаларының аяғына дейін орындалмай қалуына бұл да әсер етті.

Дегенмен жер реформасының ал­ғаш­қы жылдарында жер қатынастары саласын­да қыруар жұмыс атқарылды. Жер саласы нарық жағдайына ыңғай­лан­дырылды. Жер иеленушілер мен жер пайдаланушыларға жерге құқық бере­тін құжаттар (актілер) берілді, олар­дың құқықтары қолданыстағы заңға сәйкес рәсімделді. Бұрынғы кеңес­тік шаруашылықтар таратылды. Бұл үрдісте қателіктер болды. Кеңестік ірі шаруашылықтардың таратылуы ауыл­дардағы тұрғындардың тұрмыс-тірші­лігіне кері әсер етті. Таратылған шаруа­шылықтарда жер үлестеріне құқық­тары бар азаматтардың жер үлестері айқын­далып, оларға тиісті куәліктер берілді. Бұл көптеген шаруа (фермер) қожа­лығын құруға негіз болды. Жаңадан ұйымдастырылған шаруа қожалықтарына жерге орналастыру жобалары әзірленіп, бюджет есебінен жерге құқық беретін құжаттар (актілер) берілді.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын жеке­шелендіру кезінде кейбір кемші­ліктердің орын алғаны белгілі. Жалпы алғанда, жерді тиімді пайдалану үшін шағын шаруашылықтар іріленгені, кооперативтерге біріккені дұрыс екенін уақыт көрсетіп отыр. Бұл үдеріс шаруалардың өз еркімен жүргізілуі керек, ал Үкімет тара­пынан ынталандыру шаралары ұйымдастырылғаны жөн.

Жерге орналастыру саласы және оның кәсіпорындары (жобалау институты, оның облыстық бөлімшелері, ғылы­ми-өндірістік орталығы) жер реформасын жүзеге асырудың алғашқы жылдары елеулі жұмыс атқарғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол кездегі маман­дардың көбінің тәжірибелі және білім деңгейінің жоғары болғанын айтуымыз керек. Қазірде осы салада мамандар көп болғанымен, көбісінің күрделі жоба әзірлеуде тәжірибесі аз. Мамандардың кәсіби дәрежесін көтеру оқуларының жүргізілмегеніне көп жыл болды, ондай дәстүр ұмытылып барады.

Кейінгі жылдары жергілікті тұрғын­дардың малына өрістің, екіншісінде – шабындық жердің, үшінші ауылда – кейбір шаруаларға егістікке жердің жетпей отырғанын, ал сонымен бірге сәл алысырақтағы миллиондаған гектар жердің көп жылдан бері пайдаланылмай жатқанын жер қатынастары саласының қазіргі жағдайымен, жер қатынастарын жоспарлаудың нашарлығымен түсін­діруге болады. Мұның ауыл шаруа­шылы­ғының жағдайына әсер ететіні сөзсіз. Кейінгі жылдары жерді тиімді пайдалану жан-жақты зерделенген жобамен толық қамтамасыз етілмейтіндігі, жер учаскесі (әсіресе ауыл шаруашылығы жері) көп жағдайда жердің табиғи ерекшеліктері ескерілмей, конкурстық негізде бері­летіндігі бұрынғы мамандардың жанын ауыртады.

Кезінде жерге орналастыруды жобалау кәсіпорындарының жер кадас­тры, жылжымайтын мүлік, зейнетақы беру орталықтарымен біріктіріліп, ком­мерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылуы жер саласының маман­данды­рылған кәсіпорындарының әлсіреуіне алып келді. Ешкім халыққа қызмет көрсету орталықтарының тұрғындарға тез және сапалы қызмет көрсетуіне қарсы емес. Алайда құзыреті, міндеті және қыз­меті басқа түрлі саланы, олардың жұмыс ерекшеліктерін ескермей, бір мекемеге біріктіру үлкен қателік болды. Жер саласының көптеген қызметі бәсе­келестік ортаға берілгенімен, онымен шұғылданушы мамандар жұмысты жүйелі игеріп кете алмады. Бұл да сала­ның құлдырауына әсер етті. Жер учаскелеріне тиісті құжаттарды да­йындауды және әртүрлі кадастрлық ақ­паратты беруді жерге орналастыру саласын бұзбай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтарында бір-екі терезеге қажетті мамандарды (немесе операторды) отырғызып ұйымдастыруға болатын еді.

Ауыл шаруашылығы жерлерінің топырақ құнарлылығы карталарын әзірлеу және далалық іздестіру жұмыс­тары, топырақ құрамын зерттеу зерт­ханалары, жайылымдардың өнім­ділігіне геоботаникалық зерттеу жүр­гізу мен геоботаникалық карталар дайындау (бұл жайылымдарды тиімді пайда­ланудағы ең қажетті құжаттың бірі) негізгі жұмысының профилі басқа мекеменің құрамына берілді. Көптеген маман қысқартылды, ал шарттық негізде орындалған топырақ және геоботаникалық карталар мен пайдалану жазбаларының (есептің) сапасын тексеретін мамандар Корпорацияда және Комитетте жоқтың қасы. Аталған жұмыстардың орындалу тәртіптерін бекітетін нұсқаулықтар мен ережелер негізінен жер реформасының алғашқы жылдары әзірленген, бүгінде ескірді. Оларды қазіргі заман талабына сәйкес жетілдіріп, толықтыру керек. Оны жүзеге асыратын тәжірибелі мамандар елімізде өте аз. Сондықтан бұл мәселені жаңадан ашылған Ғылым академиясының тиісті бөлімшесі мен Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақ зерттеу және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының ғалым­дары­мен бірлесіп ойластыру керек. Атал­ған жұмысқа жер саласында еңбек еткен тәжірибелі мамандарды да тартқан жөн.

Жоғарыда айтылғандардың бәрі ауыл шаруашылығының дамуына, жердің пайдалану деңгейіне, топырақтың құнар­лылығын сақтауға, егістік жерден немесе жайылымнан алынатын өнім­нің көлеміне әсерін тигізеді. Кейінгі он жылдан астам Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы агрохи­мия­лық қызмет көр­сету мекемесі егіс­тік жерлер топыра­ғының жоғарғы қабатындағы (0-40 см) жылжымалы фосфор, азот, калийдің құрамын анықтау картограммаларын бұрынғы жер саласының кәсіпорындары әзірлеген деректерді пайдаланбай, ондағы топырақтың сан алуан түрлерінің контурларын есепке алмай анықтап келеді. Бұл агрономия ғылымы принциптеріне қайшы және анықталған қоректік заттардың мөлшеріне әсер етеді. Осы орайда аталған мекемені Жер ресурстарын басқару комитетінің құрамына беріп, топырақ зерттеу және геоботаникалық іздестіру мекемесімен бірік­тіріп, қайта құрса, топы­рақтың тез жыл­жымалы қоректік элементтер карто­граммаларының сапасына оң әсер етер еді. Көршілес елдердің (Ресей, Беларусь, Қырғызстан) бәрінде жерге ор­наластыру және жер кадастры жү­йесі негізінен сақталған және топы­рақ зерттеу, геоботаникалық іздес­тіру және агрохимиялық қызмет көрсету мекемелері нарық жағдайында жұмыс жасайтын мамандандырылған бір кәсіп­орынның құрамында. Жаңа кәсіп­орынды ұйымдастырған кезде көрші мемлекеттердің тәжірибесін ескерген дұрыс болады.

Кейінгі 15-20 жылда ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерлердің құнарлы­лығы көп өңірлерде жыл са­йын төмен­деп келеді. Кейбір дерек бо­йынша топырақтың қарашірігі (гумус) 40-45% азайғаны жөнінде ғалымдар дабыл қағуда. Егістік жерлерді ұзақ уақыт минералдық және органикалық тыңайтқышсыз пайдалану бір жылдары өнімнің күрт төмендеуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін. Елде минералдық тыңайтқыштарға субсидия берілгенімен, оның пайдалану көлемі өте аз. Көптеген орта және шағын шаруа қожалықтарының тыңайтқыш алуға шамасы жетпейді.

Сонымен қатар бүкіл дүниежүзінде топырақтың шөлдену үдерісі күшеюде. Аридтік аумақта орналасқан Қазақстан үшін бұл қауіпті. Әрі елдің су ресурстары да азайып келеді, оның мөлшері жаз айларында көрші мемлекеттерге тәуелді, бұл да суармалы жерлер көлемінің артуы­на кедергі.

Жердің кадастрлық бағасын Үкімет топырақтың бонитетінің балы арқылы есептеп бекітеді. Бұл нарықтық құрал емес, дегенмен көптеген есепте, оның ішінде жер салықтары мен төлемдерін есептеуге пайдаланылады. Топырақтың құнарлылығының бонитеттік көрсеткіші (балы) шаруашылықтардың топырақ карталарының мәліметтері бойынша анықталады. Еліміздегі әртүрлі топырақ­тардың кадастрлық бағаларының қайта есеп­телмегеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Көрсеткіштері ескірген, заман та­лабына сай келмейді. Осы мәселе жөнін­дегі әдістемелік нұсқаулықтар да же­тіл­діруді талап етеді. Аталған мәселе­лер де жаңадан құрылған Ғылым акаде­мия­­сының ғалымдарымен, жоғары оқу орын­дарының тиісті мамандарымен бірге зер­деленіп, кезең-кезеңімен шешуді күтіп тұр.

Осы мәселелерді тезірек шешу үшін, ең алдымен жиырма жылдан астам уақыт­та жүздеген түзету мен өзгеріс­ енгі­зіліп, қырық жамау болған Жер кодек­сін қайта қарау керек. Қолданыстағы Кодекс­тің заңнамалық мазмұны бүгінгі күн­нің сұранысына сай келмейді. Тиісті ма­ман­д­ардан комиссия құрып, қоғам­дық ұйымдардың, ғалымдардың, осы сала­ның тәжірибелі мамандарымен бір­лесе отырып, жер заңнамасының жаңа нұсқа­сын әзірлейтін уақыт келді. Бұл жаңа Қазақ­с­танда үлкен серпіліс болар еді. Уақытында көп үрдіске бастама­шы бол­ған «Аграрлық партия» келмес­ке кетт­і, ал солар негізін салған жер заңы әлі қол­да­ныс­та. Сондықтан жерде заңды­лық орнасын десек, заңнамалық негізді күшейту керек.

 

Тұрғанбай ТӘЖМАҒАМБЕТ,

Қазақстан Республикасының Құрметті жерге орналастырушысы, жер саласының ардагері