Қазақстан Президенті Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз сөзінде геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның табандылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты.
Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.
«2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан мен Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мен Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын», деді Мемлекет басшысы.