• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Форум 02 Қазан, 2023

Бұл жиынның жөні бөлек

269 рет
көрсетілді

11 қазанда Астанада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІ отырысы өтеді.

Жаһандық форумның хатшылығы 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының бірінші съезіне қаты­сушылардың шешімімен құрылған. Хат­шылық – осы жиынның негізгі жұмыс органы. Жыл сайын өтетін хатшылық оты­рысында съезд шешімдерін іске асы­­ру мәселелері, іс-шараның күн тәр­ті­бі, ұйымдастыру мәселелері және қо­ры­тынды құжаттарының жобалары қара­лады.

Осыған орай биылғы хатшылық оты­рысы аясында былтыр қыркүйек айын­да өткен Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары VIII съезінің қоры­тындылары, съезд хатшылығының XXII отырысының өтетін күні мен орны, сондай-ақ «Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары съезінің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұ­жырымдамасы» талқыланбақ. Оған ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм діндері­нің өкілдері, соның ішінде Әл-Азһар академиясының бас хатшысы Назир Аяд, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы шейх Аллахшүкір Пашазаде, Иерусалим патриархы III Феофил, Дүниежүзілік будда қауымдастығының бас хатшысы Монтиан Тананарт, 24 елден келген әлемдік және дәстүрлі діндердің басқа да жетекшілері, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.

Биылғы отырыстың маңызы бұрын­ғы­лар­дан ерекше. Өйткені бұрын-соңды баламасы болмаған әрі ауқымы тұрғы­сынан теңдессіз жаһандық діни жиынға 20 жыл толу мерейтойымен орайласып отыр. Еліміздің ұйыт­қы болуымен әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшыларының тұңғыш съезі 2003 жылы жас елордамызда өтті. Оған әлемдегі дінаралық келісімнің шатқаяқтап тұруы, өркение­таралық қақтығыстардың басталуы себеп болған еді. Өйткені 2001 жылы 11 қыркүйектегі Нью-Йорк пен Вашингтондағы теракт, оған Усама бен Ладен бастаған әл-Каида террористік ұйымының кінәлі деп танылуы, 2003 жылдың басында Ирактағы соғыстың басталуы, сол арқылы Батыс пен Шығыс арасына сы­зат түсуі, 2000-жылдардың басында әлемнің әр жерінде террористік акті­лердің көбейіп кетуі сынды оқиға­лар әлемдік қауымдастықтағы тұрақ­ты­лық пен бірлікке сызат түсірді. Діни алауыздық өршіп бара жатты. Түр­лі діндер арасындағы қырғи қабақ қаты­насты жұмсартып, ауызбірлікке шақы­ратын бір басқосу керек еді. Осындай сын сағатта еліміздің бастамасымен ұйымдастырылған діндер съезі бір үстел басына отырмайтын, бір-бірінің қолын алмайтын әртүрлі діндер мен наным-сенім өкілдерін ымыраға шақырып, тіл табыстыратын алаңға айналды.

Сол уақыттан бері әлемдік және дәс­түрлі діндер құрылымдарынан  жал­пы­адамзаттық бағдарларды іздеу, діндер диалогін жүзеге асыру және келісілген шешімдерді қабылдау үшін халықаралық конфессияаралық институттың ұдайы жұмыс істеуін мақсат тұтқан форум бейбітшілікті, келісім және төзімділікті адам өмір сүруінің іргелі қағидаттары ретінде бекіту, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу, адамдардың діни сезімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға қарсы тұру үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді.

Алғашқы съезге әлемнің әр түкпі­рінен 18 делегация қатысса, былтыр өткен жиынға әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден аса делегация келді. Бұл жайт форум ауқымының үлкейіп келе жатқанын, сәйкесінше дінаралық диалог пен конфессияаралық келісім мәселесі көпті алаңдатып отырғанын көрсетсе керек. Сонымен қатар оған Католик шіркеуінің басшысы, Рим папасы II Иоанн Павел мен Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ах­мед ат-Тайеб секілді мәртебелі қо­нақ­тардың қатысуы Әлемдік және дәстүр­лі діндер көшбасшылары съезінің деңгейін тағы да жоғарылатты.

Былтырғы жиында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бей­бітшілікті сақтауға және өркениет­аралық диалогті нығайтуға бәріміздің мүдделі екенімізді айта келе: «Өзгеріске толы әрі белгісіздік белең алған қазіргі заманда бүгінгі басқосудың айрықша мәні бар. Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ға­сыр­лар бойы Батыс пен Шығыстың ара­сындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көш­пелі империялар өмір сүрген. Діни ұс­тамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», деді.

Съезд хатшылығы БҰҰ Өркениеттер альянсы, Қасиетті Тақтың дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесі (Ватикан), Иорданияның дінаралық зерттеулер корольдік институты, Мұсылман ақса­қалдар кеңесі т.б. маңызды халық­аралық диалог құрылымдарымен өзара іс-қимыл мәселелерін назарда ұстап келеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен кел­ген әлемдік және дәстүрлі діндердің, сая­сат пен ғылымның жүздеген беделді көш­басшыларының съезд болашағына деген сенімі, айтылған бастамаларды жүзег­е асыруы діни бірлікті мақсат тұт­қан съезд жұмысының жемісті екенін көрсетеді.