• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тәрбие 01 Қазан, 2023

Қоғамға қымбат әке өнегесі

523 рет
көрсетілді

Әкенің ұлға беретін тәр­биесін басқа әке, не басқа институт бере алмайтынын қазақ халқы әуелден білген. Әкенің ісі – ұлға өнеге. Сондықтан «Әке көрген – оқ жонар» дейді ба­баларымыз.

 

Өкінішке қарай, осы күні елімізде әке ұлағатын көрмей жалғызілікті ана бауырында өсіп жатқан ынжық ұлдар көбейді. Біз ана мен баланы кінәлаудан аулақпыз. Бірақ ел ішінде «Ұл тәрбиесін дұрыстау керек» деген сөз жиі айтылып жүр. Осындай пікір айтатындардың бір тобы бұған кінәлі қоғамдық жұмыста әйел мәртебесінің тым биіктеуінен іздейді. Әкеге мате­риалдық қажеттілікті өтейтін жан ретінде қарай­тын сана қалыптасып, отбасындағы оның мәртебесі опырылып түсіп, ертеңгі ер-азамат­тың тәрбиесі мен мінезінің босаңсуы содан дейді. Қазақы отбасында анасы балаларын «Әкең келе жатыр» деген бірауыз сөзбен әке қасиетін, оның мәртебесін, айбынын ұқтырып тәрбиелеген еді. Қазір ондай тәрбие жоқ! 

Бүгінде қиюы қашқан қазақ қоғамындағы отбасы институтын кезінде зерттемеген шетел­дік ғалым кемде-кем. 1920 жылы қазақ­тың дәстүрлі қалыптасқан отбасылық өмір сүру сал­тындағы азаматтың орнын зерттеген шетел ғалымы М.Олкотт: «Қазақ ерлері досқа адал, батыр, аңқау, бірақ, дұшпанына қатал болып келеді. Ата-анасын қатты сыйлайды. Қазақ ерлеріне ата-анасының айтқаны заң. Жарына адал. Отбасын аң аулап асырайды. Балаларын өте жақсы көретін болып келеді», деп жазған екен. (Есмағамбетов К. «Қазақтар шетел әдебиетінде») Қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын М.Олкотт осы зерттеуді қазаққа жаны ашып жүргізген бе, сонда? Қалай ойлайсыз?

 

Әкенің рөлі ерекше 

1916 жылы орыс патшасының қазақ жігіттерін қара жұмысқа деп, алдап алдыртып соғысқа аттандыруы, ұлыңа өзің емес, өзгенің иелік етуі егемендіктен айырылып бодандық қамытын кидің деген сөз еді. Кеңес өкіметі мақсатына жету үшін, ең әуелі қазақ отбасы институтын ыдыратып, күл-талқанын шығарды. Әсіресе ел мен жер иесі, оның қорғаны болған ұл тәрбиесін әлсіретіп, рухын жасытты. Оны қалай жүзеге асырды? Кеңестік жүйенің адам психологиясын меңгерген мықты психологтері әйел бұзылса, ұл-қыз тәрбиесі бұзылатынын анықтады. Мақсаттары қазақ халқын отарлау болғандықтан жос­парды іске асыру үшін «қазақтарда әйел теңдігі жоқ» деген өтірік идея ойлап тапты. Зорлықпен қазақ әйелін қоғамдық жұмысқа шығарды. «Кеңес өкіметі орнағанға дейін отбасында ұрпақ тәрбиесімен айналысып келген қазақ әйелі, отарлау саясатының бұл отбасылық қитұрқылықтарына жан ұшыра қарсыласып баққан. Кеңес өкіметі әйелдерді қоғамдық жұ­мысқа тартуда ешбір отар елде жүр­гізілмеген ең озбыр сая­сат­пен жүргізді», дейді шетел ғалымдары. Сондай-ақ, 20-жылдары «Қазақ әйелдері қоғамдық жұмысқа араласа бастағаннан кейін, кешке қарай қазақ отбасында шаңқ-шұңқ, шаңқылдаған дауыс­тар шыға бастады», деп жазған тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтің «Қазақтар шетел әдебиетінде» деген кітабында. Осылайша, ұлтымыз ұстанып келген «Жеті жарғы» заңын­дағы адамның туа бітті хақысын рет­тейтін «Табиғат» заңын бұзып «әйел теңдігі» деп аталатын өтірік саясатты күшіне ендірді. «Табиғат» заңы талабы бұзылғаннан кейін ажырасулар жиілеген. Мысалы, 1950 жылдары республика бойынша ерлі-зайыпты 100 отбасы ажырасқан болса, 1980 жылы күрт өсіп әр үшінші, 1990 жылы әр төртінші отбасы некелерін тәрк еткен. Отбасы институты «әлеуметтік, қоғамдық қиындықтар тудыру ошағына» айналды. Белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы: «Өмірде әке тәрбиесін көрмеген ұл – әке сыйлауды, қыз – күйеу сыйлауды білмейді», деп өз ойымен бөлісті. Ал қазір Қазақстан ерлі-зайыптылардың ажырасуы бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіріп үлгеріпті. Елімізде жалғызбасты еркек­тер саны 60 мыңнан асып жығылса, 300 мыңға жуық әке өз бауыр еті баласын асырай алмай бас сауғалап қашып жүр екен. Бұл – тіркелгендері. Ал тіркелмегендер бұдан әлде­қайда көп екені белгілі.

Астана қаласының бір тұр­ғыны ата-аналар жиналысына барғанда, жалғызбасты ана тәрбиесінде әке ұлағатын көрмей өсіп жатқан ұлдардың көп екенін көріп, оларға ерлерге тән садақ тарту, көлік жөндеу, от жағу сияқты жұмыстарды үйретуді қолға алған. Мектеп жанынан «Әкелер одағын» құрған. Бір қарағанда дұрыс көрінгенімен, өзіңіз ойлаңыз, жаны жаралы әкесіз өсіп жатқан ұлдарды анда-санда жинап «әке рөлін уақытша сомдап беру» ұл баланың санасына, жан дүниесіне еркектік мінез қалыптастыра ма, әлде туабітті намысшыл ұл баланың жүрегін одан бетер жаралап, жасқаншақ ете ме? Осы жер-жерде құрылып жатқан «Әкелер одағы» ұл психологиясының нәзік тұсына мән бермеген сияқты. Ұл баланы ұлша тәрбиелеудің бұдан басқа жолы жоқ па сонда?

Сондай-ақ мұғалімдер арасында мектепте, балабақшада ұлдарды «тәрбиелеу» қорқыту, жуасыту түрде жүретінін көпшілік айтып та, жазып та жүр. Қазір біздің қоғамда педагогтік қасиеті мен білімі болмаса да (сол мұғалімдердің өзін тәрбиелеу керек сияқты) ебін тауып мұғалім атанғандар баршылық. Олар ұлға тән тентектік жасаған баланы қорқытып-үркітіп «Сені полицияға өткізіп, қиын балалар тізіміне қосамын. Директорға айтып, мектептен қудырамын. Ата-анаңды шақыртып, бұзықтығыңды жария қыламын» деген сияқты ұл тәрбиесі мен психологиясын жасытып, кемсітетін әдістер қолданады. Осындай құқай, өктемдік көріп өскен ұл келешекте ынжық, қорқақ, жауапкершіліктен жұрдай жігіт болып өспей ме? Ал жастайынан бойына қорқыныш, үрей қонған ұл өмір бойына қорқақ, ынжық болып кететінін ұқпау өкінішті, әрине. Мұның тағы бір себебі, қазақ елінде мұғалімдердің басым көпшілігі – әйелдер. Олардың көбі ұл оқушымен қарым-қатынас тәртібін білмейді. Сондықтан тек қорқыту әдісін пайдаланады. Ал Қытайда керісінше, білім ордаларында 99 пайыз ер мұғалімдер істейді. Мұның қоғам, ел үшін мәні те­реңде екені белгілі.

Елдің ұл тәрбиелеу ісінде ата-бабамыз салып кеткен дәстүр жолына көшуіміз тиіс деуінің кейбір себептері осыдан болса керек.

 

 Түркілік ұл тәрбиесі – тұғырлы тәрбие

Осы жерде әке тәрбиесін, әке рухын алған ұл қандай болатынын алыстан іздемей-ақ жарты әлемді билеген Шыңғысханның өмірінен алсақ жетіп жатыр. Әкесі қайтыс болғанда Шыңғысхан тоғыз жаста еді. Әкесі өмірмен қоштасар алдында Шыңғысханның бойына еркектік сана, болмыс орнатып кетті. Әкесі Шыңғысханға: «Ендігі жерде анаңды, іні-қарындастарыңды саған аманаттаймын. Оларды сен асырайсың. Отбасыңа бас-көз бол!», деп үлкен жауапкершілікті мойнына артты. Бұл жерде анасының да кішкентай Шыңғысқа отбасын асырап-бағу, қамқор болу, қорғау сенің құзырыңда», деп ұлына жауапкершілік артып, сенім ұялатып, өзін тұлға сезіндіре білуі ақылдың ісі еді. Әке рухымен қаруланған кішкентай Темучин жас­тайынан үлкен отбасын асырап, әулеттің абыройын қорғап, өсе келе ұлт көсемі атанып, жарты әлемді бағындырған әскери қолбасшы болғанын тарихтан білеміз. Ғалия есімді апай: «Адам болып жаратылғаннан кейін, адамзат салтымен ұл баланы ешқашан төмендетуге болмайды. Басқа адам түгілі өз анасы ұл баласын ержүрек болып өссін десе, төмендетпеуі керек. Ислам дінінде ұлдың қыздан артықшылығын Алла Тағаланың өзі білдірген. Ұл тапқан ананың сүті, қыз нәресте дүниеге әкелген ана сүтінен екі есе құнарлы болатынын ғылыми дәлелдеген. Ал бүгінгі ата-ана ұлды еркелетіп өсіреді. Аяушылық көріп өскен ұлдан ешқашан өр мінезді, ержүрек ұл шықпайды», дейді.

 

Зүбәйра ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ,

журналист