Биылғы жаңа жылда екі-үш күн қатарынан қар жауды. Тобықтан аса. Ертеңіне жел тұрып, айнала ақ бұрқасын болды да кетті. Осы уақытта үйдегі қол жуғыштың шлангісінің бірінен су сыздықтап, тамшылап мазамызды алып тұрған. Далаға шыққың келмейді. Сонда да болса, біледі-ау деген адамдарды шақырып көрсетіп едім, олар: «Шлангісін ауыстырудан басқа лаж жоқ» дегенді айтты. «Жазған құлда шаршау жоқ» демекші, күннің райына қарамай «Жаңа ауыл» шағын ауданындағы құрылыс материалдарын сататын дүкенге баратын болып белімді будым. Жел үдемесе, басылатын түрі жоқ. Оның үстіне боранмен араласып қардың ұшқынынан әудем жерді де көруге де мүмкіншілік бермей келеді. Әйтсе де, «жол мұраты – жету» дегендей, ниеттеніп шыққан соң, амал жоқ.
Бірнеше көше қиылысынан өтіп, дүкенге тура шығатын ХХ жылдық Қазақстан көшесіне түстім. Сол арада жүргіншілер жүретін тротуары жоқ асфальт жолдың біресе оң қапталына, біресе сол қапталына шығып кетіп бара жатқан кейуанаға көзім түсті. Бұл оның жол үстінде сақтанғанын білдіреді, өйткені асфальт жолда зыр-зыр еткен көліктердің қалай келіп қалғанын білмей де қалуың ықтимал. Кейуанаға жете беріп едім, ол сол жақтағы пошта бөлімшесіне бұрылды да, ал мен тура Абай көшесінің бойындағы асфальт жолды қиып өтіп, қарсы беттегі дүкенге қарай бет алдым.
Көптен бері араламаған дүкенім еді. Құрылыс заттарының ішінен өзіме керек-ау деген оймен, бағасын да сатушыдан сұрап қоям. Сірә, біраз айналған болсам керек, қажетті шлангімді алған соң, өзім келген ізіммен кері қайттым. Көп ұзамай-ақ әлгі де менің алдымда келе жатқан кейуанаға ұшырастым. Ашулы ма, қайдам? Сөзді өзі бастады:
– Әдірем қалғыр! Қаншама жерден зейнетақымды алуға келіп едім, «сеть» дей ме компьютері жұмыс істемей қалыпты. Менен екі-үш сағат бұрын келгендерге, «ертең келерсіңдер» деп қайтарып жатқанда, мен қалай тұрайын. Сонан қайтып келемін.
– Көптен бері зейнетақыңызды осы жердегі байланыс бөлімшесінен аласыз ба?
– Жо-ға, қалай айтсам екен. «Пятыйдағы» №1 байланыс бөлімшесі жабылып қалғаннан бері.
– Қашықсынып, өзіңіз келмей-ақ үйдегі бала-келін дегендей біреуін жұмсай салуға болмай ма? Мынадай күндерде.
– Өй-дөйт. Бұған пошта ма сенетін. Өз басыңды, құжатыңды көрсетіп тұрғанның өзінде алғаныңа шүкір дейсің.
– Қай аймақта, көшеде тұрасың. Айталық, «Мостопойыз», Терешкова көшесі жақта не болмаса Сарыбұлақ мекемесі жанында дегендей...
– Ой, айтпа! Заман солай болған соң, зейнетақымызды алған сайын қиналамыз, қашық жер болса да амал жоқ...
«Иә» дедім ішімнен. Бұл байланыс бөлімшесінен өткен жылы дивиденд алуға келгенмін. Сондағы байқағаным, бұл орынды бір кәсіпкерден жалға алған сияқты ма, қалай өзі? Сырты әдемі, зәулім болғанмен, пошта бөлімшесіне қуықтай бөлме тиіпті. Тап-тар. Ішіне 5-6 адам әрең сыяды. Айнала алмайсың. Зейнеткерлер кезегі келгенше далада тұрады. Қақаған суық, аязды күндері, сондай-ақ аптапты ыстық күндері қайда паналайды? Ең болмаса іште немесе сыртта күте тұруға орындықтар ойластырылмаған. Оның үстіне газет-журналдарды сұрыптау орындары да талапқа сай еместігін байқадым. Яки төрт пошташы қатар тұрып жұмыс істей алмайды. Соның салдарынан бұрынғы №1 байланыс бөлімшесіне тиісті газет-журналдарды, хат-хабарларды «Пятыйда» тұратын пошташының үйінде сұрыпталып, таратылатынын ұзын құлақтан естіп жүрміз.
Мұның дұрыс-бұрысын «Қазпошта» аудандық бөлімінің басшылары білмесе, біз біле алмадық. Өйткені 70 жылдан аса тарихы бар №1 байланыс бөлімшесі (өткен жылы жабылған) мен қазіргі «Жаңа ауыл» шағын ауданындағы бөлімшенің (№1 санды иеленген) арақашықтығы – шамамен екі шақырым. Әрі-бері барып келу кемінде 3 шақырымдай жер. Осыншама қашықтыққа бұрынғы байланыс бөлімшесіне тиісті газет-журналдарды, хат-хабарларды өз учаскесіне келгенше пошташылар да саябыр таппай, шыдамсыздықпен күтіп отырғаны. Болмаса, сонау жерден арқалап тасып, сұрыптаумен, уақытын зая өткізіп жүргені. Сондықтан айтарым, бұл жұмыс жүйеге түсуге тиіс. Пошташылар тек келген газет-журнал, хат-хабарларды сұрыптап, тарату ісімен айналысуы керек. Бұл сұрақтың да жауабын ашық қалдырып отырмыз.
Естуімше, бұрынғы «Пятыйдағы» №1 байланыс бөлімшесінде төрт пошташы болса, қазір соның екеуі қалған. Яғни екі адамның орнына бір адам жұмыс істейді. Сондықтан тарату аймақтарының да арақашықтығы ескерілмеген. Мәселен, екі пошташы сонау «Мостопойыз», Телеорталық пен Сарыбұлақ мекемесі беткейі, №16 кәсіптік-техникалық колледжі мен Нан зауыты (бұрынғы) маңындағы көшелер, «Шанхай», «Пятый» аумағындағы көшелер мен «Степная», Суворов аталып кеткен жерлердегі бой көтерген ипотекалық үйлерді айтсақ та жеткілікті шығар.
Бұрындары көшелер санына қарай, әр пошташының мерзімді баспасөзді тарату нормативі болатын. Керек болса, велосипедпен қамтамасыз еткен. Ал бұл жағын дұрыстап бағамдай алмадық. Байқасақ, кемшілігі көп. Ең аяғы пошташының еңбекақысы да мардымсыз. Ең төменгі айлық көрсеткішіне де жетпеген. Бұл пошташыларға обал, қиянат десе де болады. Біздің бір жаман мінезіміз бар. Ол пошташы ғой деп мән бермейміз. Өзің ойлап қарашы, күнделікті болмаса да күнәра әр пошташы иығындағы сөмкесіне кем дегенде 10-15 кг газет-журналдарды салып алып, оны таратқанша көше-көшені бойлап зыр жүгіріп жүргені. Қалай ойласаң солай ойла! Мен жоғарыда айтып кеткен көшелерді бір күн бостан-бос аралап шықшы. Ертеңіне салың суға кетіп, ол жаққа баруға дәтің де шыдамайды. Не болмаса базарға барғанда әрі-бері жүріп алған 10 кг азық-түлігіңді ауырсынып, қарың талмай ма, қашан таксиге отырғанша!
Әрине, мен бұл мақаламда қаладағы 5 байланыс бөлімшенің үшеуі жабылып қалғанын айтып, себебін сұрап отырғаным жоқ. Тек біреуінің (өзіме жақсы таныс байланыс бөлімшесінің) шет жағасын өзім білетіндіктен сөз етіп отырмын. Ең қиыны, шағын аудандарда орналасқан байланыс бөлімшелерінің қызметін пайдаланған тұрғындарға да ауыр соғып тұр. Бір хат, ақша салу үшін, болмаса баспасөзге жазылу үшін қала орталығындағы «Қазпоштаға» немесе басқа аумақтағы жерлердегі байланыс бөлімшелеріне баруың керек. Қашықтығынан амал жоқ, сұраған теңгесіне қарай таксиге отырасың. Бұл да – шығын.
Сондықтан сөзімнің тобықтай түйінін айтқанда, зейнеткерлер мен тұрғындарды өз аумағынан тыс жерлерге сабылтуды қою керек. «Халыққа қызмет – абырой, міндет» дегендей, жабылған пошта бөлімшелерінің орнын қайта тіктеп, пошташыларға қамқорлық жасауға көңіл бөлу керек деп ойлаймын.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Журналистер одағының мүшесі
Қызылорда облысы,
Арал ауданы