• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Форум 02 Қазан, 2023

Әлем көз тіккен форум

207 рет
көрсетілді

Астанада 12-13 қазанда Орталық Азиядағы ең ірі IT-форум – «Digital Bridge 2023» өтеді. Халықаралық форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, әлемдік компаниялардың жетекшілері, IT-инновация саласындағы үздік халықаралық және отандық сарапшылар, өңірлердің түкпір-түкпірінен венчурлық инвесторлар қатысады деп күтіліп отыр.

Форумда 20 мың қатысушы, 300 компания, 100 инвестор, 250 спикер және әлемнің 15 елінен 100 стартап өкілі бас қосады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов форум инновациялық идея­лар мен стартап-жобаларды жаңа нарыққа шығаратын маңызды іс-шара екенін атап өтті. Әлемдік бастамаларға қатысу технологиялық индустрияның дамуына елеулі әсер етіп, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік тудыратыны анық. «Digital Bridge» – инновация мен технологиядағы ынтымақтастықты нығайтатын бірегей алаң.

– Бұл іс-шараға қатысушылар халықаралық серіктестіктерді құруға, тәжірибе мен білім алма­суға, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар мен қаржы институттарының алдында өзде­рі­­нің инновациялық жобаларын ұсынуға мүм­кін­дік алады. Бұл ауқымды жиын соңғы тех­но­логиялық трендтер мен саланың дамуы туралы хабардар болуға мүмкіндік бе­реді. Форумның бір мақсаты – іскерлік ынтымақтастық аясын кеңейту және құнды бизнес-әріптестік орнату, – деді Ерсұлтан Ерманов.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің пікірінше, «Digital Bridge 2023» технология мен адам әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатынын талқылайтын тамаша алаңға айналады.

– Бұл форум сала мамандары мен сарапшыларына өз білімдерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Осы арқылы адамзатқа жасанды интеллект қызмет ететін болашақты бірлесіп құруға жол ашады. Еліміз осы бағытта инновациялық өсудің жоғары әлеуетіне ие болып отыр. Қазіргі таңда елімізде ғалымдар мен жас таланттардың шоғырлануы үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Азаматтарымыздың әртүрлі салада әзірлеген жасанды интеллект өнімдері бар, олар қазірдің өзінде әлем назарын аударып отыр. Біз мұны сөзсіз, мақтан тұтамыз. Жасанды интеллект экономиканы, өнеркәсіпті, ғылым мен техниканы дамытуда зор әлеуетке ие, – деген еді Бағдат Мусин.

«Digital Bridge» екі күндік бағдарламадан тұрады. Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс, халықаралық спикерлермен панельдік сессия, Google for Startups іс-шаралары өтеді. Үздік стартаптар мен инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге халықаралық сыйлықтар беріледі. Аталған форум бес жыл қатарынан елордада өткізіліп жүр. Осы жылдар ішінде үзілмес үрдіске айналды. Ал IT қауымдастықтың тағатсыздана күтетін ең қызықты оқиғасы – үздік IT стартаптар жарысы. Оны «Astana Hub» өткізеді. Жеңімпаздар үш аталым бойынша марапатталады. Жүлде қоры – 125 мың доллар.

– Осы орайда, «Digital Bridge 2023» фо­румы­ның ең маңызды әрі қызықты оқиғаларына шолу жасағым келеді. Форумдағы маңызды сәттердің бірі – «Digital Bridge Awards»-қа қатысты болмақ. Бұл халықаралық марапат үздік стартаптарға, инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге беріледі. Биыл іс-шараға қатысуға отандық компанияла­р ғана емес, Орталық Азия елдерінің кәсіп­орындары да шақырылды. Бүгінгі таңда біз осы марапатқа үміткерлерден 350-ден аса өтінім қабылдадық. «Digital Bridge Awards 2023» жеңімпаздары 8 ата­лым бойынша анықталады, – деді «Astana Hub» басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.

Мемлекет басшысы жасанды интел­лекті дамытуға баса назар аударып, жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатудың маңызын да жиі айтады. Жасанды интеллект мүмкіндігін дұрыс қолдана алсақ, экономикаға тиер пайдасы орасан.