Алғаш рет EXPO халықаралық көрме орталығында «Көлік және логистика» тақырыбында «TransLogistica Kazakhstan-2023» көрмесі өтеді. Бұл іс-шара отандық көлік апталығы аясында ұйымдастырылып отыр.
4-6 қазан аралығында өз елімізді қоса алғанда Әзербайжан, Беларусь, Германия, Иран, Италия, ҚХР, Қырғызстан, Литва, Латвия, Польша, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Эстониядан келетін 226 компания өз стендтерін ұсынатын болады.
Осы орайда Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік орталық ретіндегі өз ұстанымын нығайтып келе жатқандығын айта кеткен орынды. Қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға жуық артқан. Көрмені ұйымдастыру барысындағы тағы бір ерекшелік – Германия, Қытай және Түркиядан қатысып жатқан компаниялардың көп болуы. Сондай-ақ «TLO GmbH Internationale Spedition» (Германия), «ATTRADING» (Польша), «Logitrans Lojistik A. S.», «Gurkan Nakliyat», Destan Transport» (Түркия) және басқа да компаниялар өз стендтерін алғаш рет ұсынып отыр.
Сонымен қатар Латвия, Литва, Финляндия және Эстония елдерінен қатысушылар көлік және қойма логистикасына арналған технологиялық шешімдерді ұсынады. Бұл – елімізде бизнесті дамытуға айтарлықтай қызығушылық бар екендігінің бірден-бір көрсеткіші.
Отандық компаниялардың қатысу көрсеткіші шамамен 40 пайызды құрайды. «Қазақстан Темір жолының» құрамына кіретін компаниялар үлкен ұжымдық стендімен 2023 жылғы экспозицияның сән-салтанатын одан әрі аша түспек. Қазақстандық көлік апталығы аясында қызықты іскерлік бағдарлама жоспарланып отыр. Бағдарлама шеңберінде VI Халықаралық «New SILK WAY» көлік-логистикалық бизнес-форумы (04.10.2023, Hilton Astana) және «Қазақстандағы қойма логистикасы нарығы», «Каспий теңізіндегі порттарды, терминалдарды және кеме қатынасын дамыту» және «Көлік және логистика нарығы» (4-6.10.2023, EXPO халықаралық көрме орталығы) конференциялары өтеді.
Бизнес-форумда сарапшылар мен қатысушылар көлік жүйелерінің ынтымақтастығы мен интеграциясы, орта дәліз бағытын дамыту, сондай-ақ мультимодальды тасымалдау саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялар, жүктерді тасымалдау тиімділігін арттыру және жеткізу жағдайларын жақсарту мәселелерін талқылайды. Іс-шараға 23 елден 500-ден астам делегат қатысады деп күтіліп отыр. Іскерлік бағдарламадан басқа салалық министрліктер, ведомстволар, қауымдастықтар мен халықаралық компаниялар басшылығының қатысуымен екіжақты кездесулер мен келіссөздер жоспарланған. Айта кетерлігі, форумға келушілер мен қатысушылардың ыңғайлылығы үшін биыл «Iteca» мобильді қосымшасы іске қосылды.