• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Пікір 03 Қазан, 2023

Ғылыми зерттеулерге зәруміз

473 рет
көрсетілді

Елімізге агроөнеркәсіптік кешен салалары үшін өндірістік және ғылыми кадрларды даярлаудың тиімді мемлекеттік бағдарламасы қажет. Мұны жүйелеудің бір тетігі – ғылыми қызметті ынталандыру және жас ғалымдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын реттеу. Бұған қоса жыл сайын салалық ғылыми зерттеу институттарына PhD даярлау жөніндегі нысаналы гранттарды бекіткен абзал.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев халыққа Жол­дауында «Басымдық біз үшін перс­­­пек­тивалы бағыттар болуға тиіс: ет, сүт және астықты терең­де­­те өң­­деу, өнер­кәсіптік жылыжай ша­руа­­шы­лы­ғын дамыту», деп атап өт­кен еді. Сондай-ақ Пре­з­идент ди­қан­дардың алды­на үш жыл ішінде АӨК-тегі қай­та өңделген өнім­нің үлесін 70 пайыз­ға дейін артты­ру міндетін қойды.

Статистикаға назар салсақ, елімізде азық-түліктің негізгі түр­лері бойынша импорт жоғары деңгейде. Ашып айтсақ, ірімшік және сүзбе – 47, құрғақ сүт – 88, шұжық өнімдері – 37, құс еті және тағамдық қосалқы өнім­дер – 77, өңделген балық – 49 және сары май – 36 пайыз. Ал өсім­­дік шаруашылығы өнімі бойын­­ша импорттың ең көп үлесі қант бойынша байқалады (51%). Шикі қамыс қантының әкелі­нуін ескерсек, импорт 90 пайыз­ға жетеді. Жеміс-жидек, көк­өніс консервілерінің импорты ішкі тұтынудың шамамен 74 пайы­зын құрайды. Май өнімдері импортының үлесі – 30-40, май кәсіпорындарының жүктемесі 45-50 пайыз болады.

Жалпы, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі – нарықтық экономика жағдайында шағын және орта бизнесті дамытудың маңызды катализаторы. Әрі мем­­лекеттің азық-түлік және та­мақ қауіпсіздігін айқындайтын әлеу­меттік маңызы бар және тез өтелетін салаларының бірі. Бү­гінде осы саланы инно­ва­ция­­лық дамытудың ғылыми-тех­ноло­гиялық міндеттерін шешу үшін республикада жал­ғыз отандық ғылыми ұйым – «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсіптері ғы­лыми-зерттеу институты» жұ­­мыс істейді. Оның негізгі бағыты – ет, сүт, астық және май ши­кізатын өңдеу, жемістер мен көк­өністерді өнер­кәсіптік өңдеу, нан пісіру, ұн және кондитерлік өн­діріс технологияларын, тәсіл­дер­ді ғылыми негіздеу, құрама жем өн­діру технологияларын жетіл­діру.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ауыл шаруашылығы және азық-түлік шикізатын терең өңдеуге назар аударатын уақыт келді. Ғы­лым бизнеспен бірлесе отыра, импортқа тәуелділік деңгейін төмен­детуді, тамақ өнімдерінің ассор­тиментін кеңейтуді көз­дейтін озық шетелдік технология­ларды трансферттеу жөніндегі ұсыныстарды қарауы қажет. Ол үшін Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру есе­бінен агроөңдеудегі ғылым үлесін ұлғайту керек.

Экспортқа бағдарланған өнім ассортиментін көбейту үшін зерттеулерге ерекше назар аударған жөн. Әсіресе ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге басым­дық беру қажет (ет және сүт өн­ді­рісі, май және крахмал-сір­не өн­дірісі, дәнді және жарма да­қылдарын, жемістер мен көкөніс­терді өндіру, қант өнер­кәсібі, консервілеу және тағы басқа).

Одан басқа институттың ғы­лы­ми мектептерінің құзыретін арт­тыру да – аса маңызды мәсе­ленің бірі. Ғылыми зерттеулер жүр­гізудің тиімді жүйесін ұйым­­­­дастыру және ғылым нә­­ти­­­же­лерін өндірісте игеру үшін инфра­құрылым деңгейін көтер­ген абзал. Бұл бағытта Ал­ма­ты қаласындағы бас инсти­тут пен Астана филиалы база­сын­­да технопарк түріндегі демон­стра­циялық алаңдар құру керек. Яғни озық шетелдік тех­но­­логиялар трансфертін ұйым­­дас­тыру жолымен нарыққа перс­пективалы ғылыми жобалар­ды ұсыну, сондай-ақ технопарк жанында агроөңдеу бойынша консультациялық орталық, терең өңдеу бойынша модульдік шағын технологиялар көрмесі мен ғылыми жобалар желілерін құру ұсынылады. Осы ретте технопарктер базасында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ұлттық аграрлық-ғылыми білім беру орталығы барлық еншілес ұйымдарының ғылыми бастамаларын және өңірлік өнеркәсіп кәсіпорындарының өнімдерін көрсету үшін тұрақты жұмыс істейтін көрме павильондарын ұйымдастыру қажет. Ол үшін институттар аумағында жеңіл салынатын сэндвич-панельдерден көрме үй-жайларын (Алматыда 600 шаршы метр және Астанада 700 шаршы метр) салған дұрыс.

Азық-түлік өнімдерін өнді­руге, қызмет көрсетуге және жөн­деуге кететін шығындар тек дайын өнім құнының едәуір бө­лігін алатын технологиялық жаб­дықты пайдалану арқылы жү­зеге асырылады. Елімізде жеке тамақ машина жасау өнеркәсібі жоқ және бұл мәселе алдағы 10-15 жылда шешімін таппауы ықтимал. Өйткені осы саланы дамытуды көздейтін мақсатты бағдарламалық құжаттар жоқ.

«Агроинжиниринг» ғылыми-өндірістік орталығының конструкторлары мен тәжірибелік-механикалық шеберханаларының күш-жігерін біріктіре отырып, мал союға, сүтті, жемістер мен көкөністерді өңдеуге және т.б. арналған шағын механи­калан­дырылған жабдық құрылды. Агроинженерия ғылыми-өндіріс­тік орталығының конструктор­лары мен тәжірибелік-механика­лық цехтарының күш-жігерін біріктіре отырып, шағын механи­каландырылған мал союға арнал­ған жабдықтарды, сүтті, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуді және т.б. шағын сериялы өндіру бойынша шағын кластер және институт құру мүмкіндігін де қарастыру қажет.

Жас ғалымдарды қолдауда жаңа­ша сипат керек. Мәселен, азық-түлік және қайта өңдеу өнер­­кәсібі саласында кадрлық және ғылыми әлеуетті дамыту үшін жас ғалымдарға әлемнің же­тек­ші ғылыми орталықтарынан та­ғы­­лымдамадан өтуге жол ашу, әлеу­меттік пакеттер және баспа­намен қамтамасыз ету, жария­лан­­ған ғылыми зерттеу­лердің маңыз­­дылығына қарай сыйақы беру сынды тетіктерді ойластыру қажет.

Ғылыми зерттеу институт­тарында жұмыс істейтін және бағдарламалық-нысана­лы қаржы­ландыру шеңберінде жа­лақы алатын академиялық дәре­­жесі бар ғылыми қызмет­кер әлеуметтік-құқық­тық тұр­­ғы­­дан мүлдем қор­ғал­ма­ған. Егер жас ғалымдар бағ­дарламалық-нысаналы қар­жыландыру аясында тек жала­қы алса, зейнетақы аударымдарына қаржының кешігуіне байланыс­ты олқылықтар болуы мүмкін. Демек тұрғын үйді ипо­текалық несиелеу кезінде қиын­дықтар туындауы ықтимал. Бұл – жас қызметкерлердің ғы­лым­ды орта жолда тастауына мәжбүр­лейтін негізгі фактордың бірі.

Президент «Әділетті Қа­зақ­станның экономикалық бағ­дары» атты халыққа Жол­дауын­да еліміздегі ауыл шаруа­шылы­ғының әлеуеті орасан екенін баса айтты. Ендігі мәселе – осы саланы алға сүйрейтін аграрлық ғылымды дамытуға оң көзқарас қалыптастыру.

 

Талғат ЖҮНІСОВ,

Сенат депутаты