Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, аталған облыс орталығында күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған ересектер арасында қазақ күресінен Азия кубогі додасы басталды. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркістан облысы командалары қатысып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Дүбірлі доданың ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, «Qazaq kuresi» ассоциациясының бас директоры Ерлан Естек, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев жарысқа қатысушыларды құттықтады.
«Осы күндері әлемдегі 40-тан аса елде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыстар атқарып жатыр. Өздеріңізге белгілі, қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Аталған іс-шаралар бұқаралық спорттың дамуына өзіндік зор үлес қосып отыр. Азия кубогының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына және төрешілер құрамына облыс халқының атынан алғысымды білдіремін», деді Бейсен Тәжібаев.
Бірінші күні бес түрлі салмақтардың белдесулері болып, екінші күні үш түрлі салмақтармен қатар «Түйе балуан» жеңімпазы анықталады. Жалпы 8 салмақ дәрежесі бойынша барлығы 150 балуан боз кілем көркін қыздырады.
Бірінші орынға 200 мың, екінші орынға 100 мың, үшінші орынға 50 мың теңге ақшалай сыйақы беріледі. Ал «Түйе балуанға» темір тұлпардың кілті табысталады.