Діни сенімдер адам өмірінде үлкен рөл атқарады. Адамның қоғамдағы, бүкіл ғарыштағы рөлін түсіндіреді, кемелдікке ұмтылуға шақырады. Қиын кезеңде діни ілім қажетті эмоционалдық және психологиялық қолдау көрсетеді.
Адамзат тарихы діни қайшылықтар салдарынан көптеген қақтығыстың, соның ішінде соғыстардың куәгері болды. Шындығында, «дін» және «жанжал» сөздері бір-бірімен үйлеспейді. Әр дін ынтымақ, бірлік, бауырмалдық құндылықтарын үйретсе, онда дау-дамайға орын жоқ. Дін өзектілігін жоғалтпаса, онда түрлі нанымдағы адамдар бір-бірінен алшақтаудың орнына, ортақ ізгілік құндылығына сүйеніп, өзара араласатын көпшіл қоғам құруға үлес қосуы керек.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту орталығы адамдарды жақындастыру жолында елеулі жұмыс атқарып келеді. 2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ съезі конфессияаралық үндестік, жаһандық ауқымдағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең болды. Бұл мәртебелі іс-шара қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешу, татулықта өмір сүрудің тәсілін зерттеуге рухани көшбасшыларды, ықпалды саяси қайраткерлерді және халықаралық ұйымдардың өкілдерін жұмылдырады.
Индуизм өкілі ретінде Хатшылық пен Жұмыс тобының мүшесі болып Конгреске қатысу жеке тұлға ретінде тәжірибемді кеңейтті. Менің ұйымым – Сомайя Видявихар университеті (Мумбай, Үндістан) Қазақстанның конфессияаралық диалог орталығының күш-жігерін үнемі қолдап келеді. Сомайя Видявихардың бұрынғы вице-президенті, доктор Шантилал Сомайя 2003, 2006, 2009 жылдары Қазақстан мемлекеті ұйымдастырған Әлемдік және дәстүрлі діндердің халықаралық съезіне үнді делегациясының жетекшісі ретінде шақырылды.
Қазіргі уақытта Сомайя Видявихар университетінің канцлері Самир Сомайя – Конгрестегі индуизм делегациясының жетекшісі. Жақында, 2023 жылдың 7 тамызында Сомайя Видявихар университеті Мумбайда Қазақстан тарапымен бірлесіп, жетінші Конгресс Декларациясын талқылау мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырды. Конференцияға орталықтың төрағасы Болат Сәрсенбаев қатысты. Сондай-ақ көптеген көрнекті ғалым мен дін көшбасшысының қатысуымен ұйымдастырылған бұл дөңгелек үстел өте сәтті өтті.
Рудракша САКРИКАР,
Сомая Видявихар университетінің конфессияаралық қатынастар және өзара түсіністік бағдарламасының хатшысы