• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Еңбек 03 Қазан, 2023

Жерге нәр берген мұрап

216 рет
көрсетілді

Осы күні кәсібін елдің нәсібіне ай­нал­дырып, тапқан табысына мектеп, мешіт, спорт зал сияқты түрлі құ­ры­лыс­тар салып, халықтың игілігі етіп, ел алғысын алып жүрген кәсіпкер аза­мат­тар баршылық. Шү­ленгерлік – жұр­тымызда бұрыннан бар астары алуан игі қасиет. Қазақ тілінің әдеби сөздігіне жүгінсек, шүлен сөзі­нің бірнеше мән-мағынасын табамыз. Бір мағынасы – ақ пейілмен ақы-пұлсыз көпшілікке тегін таратыла­тын ас, зат. Енді бір ма­ғынасы – осы мыр­залықты жасаған жомарт жанның өзі. Тағы бір мағынасы – қуаң жерді игеру, шұрайландырған бағбандық. Тағы жалғастырсақ – жоқ­ты бар етіп, болым­сызды мол етіп, күй­кі өмірді түр­лендіріп, рақат жайсаң тір­лікке айналдыра білу.

Осы мақаламызда игі істерін баяндағалы отырған шүленгер азамат – Әлияр Сейітов. Ол – Жамбыл гидромелиорация институтын бі­тірген маман сушы, Қазақ су шаруа­шы­лығы кәсіп­орнының Қызылорда облыстық филиалы Шиелі өндірістік учаскесінің аға инженер-гидро­технигі, сала ардагерлер кеңесінің төр­ағасы, су саласының үздігі. Жомарт азама­тының қолын байламай, қайта қолдап, демеп отыратын зайыбы Құттықыз Ықанова – Шиелі аудандық мұражайының меңгерушісі. Әлияр­дың замандас өзге мырза азаматтардан ерекшелігі – сөз басында мән-мағынасын таратып айтқан шүленгерліктің барлық мағы­насында оның бойынан табылуы, болмысы айтқан сөзінен, атқарған ісінен айқын көрініп жүруі.

Биылғы оқу жылы басталғанда Әлияр мен Құттықыз төңірегіндегі ел үйреніп қалған әдет­тегі істерін тағы жасады. Теміржол бо­йын­дағы 21-бекет деп аталатын ауылда ал­ғаш мектеп табалдырығын аттап отырған бар­­лық балаға және ұстаздарға өз бақтарында өсірген гүл шоқтарын және оған қоса бума-бума алма таратты. Көрген, естіген жан сүйсінер мұндай қам­қорлық құшағы гүлге, қалтасы жеміске толып, шаттыққа кенелген балалар жүрегіне ізгілік болып құйылары, жақсы өнеге өмір бойы есінен шықпасы анық. Еңбек қуанышымен гүлдей құлпырған Әлияр мен Құттықыз тек өз ауылдарымен шектеліп қалмайды, алқызыл гүл шоқтары мен тіл үйірген тәтті алмалар көрші Жансейіт, Алмалы ауылдарының балауса оқушылары мен ұс­таздарына да таратылады. Олардың бұл із­гілікті істі дәстүрге айналдырғанына он жыл­дан асыпты.

Әлиярдың бағбандықпен айналысқанына қырық жылдай болыпты. Әр іске бір нәрсе себеп. 1983 жылы жазда Қазақстаннан Қызыл­орда облысынан екі сушы маман Өзбек­стан­ға Бекабад қаласына бір айға іссапарға жі­беріледі. Соның бірі – Әлияр Сейітов. Мін­­деті – өзбек ағайындардың Сырдария өзенінен Қазақстанға жіберетін су мөлшерін күнде өлшеу, белгіленген мөлшердің тұрақты болуы­н, кеміп кетпеуін қадағалау. Бекабад қала­сының маңында Сырдария өзенінің арнасына Фархад су қоймасы салынған екен. Бұлар сол Фархад су қоймасынан Қазақстанға кететін суды өлшеу көрсеткіштерін Бекабад қаласына Мәскеуден арнайы уәкіл болып келіп жатқан КСРО Су шаруашылығы министр­лігінің маманына, Алматыға Қазақ КСР Су шаруашылығы министрлігіне күнделікті хабарлап отырады.

«Біз судың берілуін қадағалаған бір ай ішінде Қазақстанның Су шаруашылығы министрі­нің орынбасары екі рет, одан бөлек, осы министрліктің басқа да дәрежелі су мамандары бірнеше рет келіп, біздің өзбек, тәжік су мамандарымен бірлесіп атқарып жүрген су өлшеу жұмыстарымыздың нәтижелерін тал­дайтын, туындаған шұғыл шешуді қажет ететін мәселелер болса, оларды қазақ, өзбек және тәжік ағайындар өзара талқылап, мәмі­леге келіп, у-шусыз дер кезінде реттеп отырды», деп еске алады Әлияр.

Сол Бекабадта Әлиярды қайран қалдырған бір нәрсе – өзбек әріптестерінің өзгеше бей­неткештігі, бағбандығы, диқандығы. Су қой­масының биік жағалауы бос қалмапты, тұнып тұрған бау-бақша, жеміс ағаштары еді. Суды биікке сораппен тартып шығарып, суға­рады екен. Олардың сушылығы мен бағ­бандығы қатар жүріп, бейнетінің зейнетін көріп жатады.

Өзбек мұраптарының бұл ісі Әлиярға біз де неге осылай істемеске деген үлкен ой салады. Ойлап қана қоймайды, өз кәсібіне қоса бағбандықты осылай қолға алады. 21-бекет ауы­лында ағып жатқан екі арнаның арасын баққа айналдырды, суды биікке сораппен шығарды. Еккен ағаштың бәрі бірдей өніп кете қоймайды, қайталап егуіне де тура келіп жатты. Гүл өсіруге Құттықыздың бейім­ділігі де үлкен сеп болды. Қыры мен сырын, өсімдік табиғатын түсінуге жылдар кететін бағбандық өнерге үйреткен әкесі Қазақ­­станның еңбек сіңірген гидротехнигі Мұ­қа­­медияр Сейітов еді. Сөз орайында айта кетейік, Әлиярдың ағасы да сушы, ол – Қазақ КСР Су шарушылығы министрінің орынбасары Шәймерден Бәкіров. Әлиярдың бұл тосын игі ісі сол кездегі облыс басшыларының назарына ілікті, өңірдің мұраптарын жинап, Әлиярдың іс-тәжі­рибесін үйренуге арналған арнайы семинар да өткізді, сушыларға бағ­бандықпен айналысу да міндеттелді. Бірақ заманның өзгеруі бұл игілікті бастаманың аяқсыз қалуына әкеліп соқтырды.

Қазір әркім өз күнін өзі көріп тіршілік кеш­кен заманда еңбегінің нәтижесін көру, одан күнкөрістік пайда алуға бірнеше жыл ұзақ уақыт кететін бағбандықпен айналысатындар сирек. Осы жағдайға жаны ашитын Әлияр жүрген жерінде, баспасөз арқылы да бағ­бандықты қайтадан қолға алуға елді шақырады, жұртшылыққа үндеу тастайды, тың бастама көтереді. Бірақ селт еткен қолдаушылар аз. Елімізде жылдан-жылға шиеленісіп келе жатқан су тапшылығы жағ­дайында суды көп қажет етпейтін жеміс бақтарын өсіру де ырыстың бір көзі болар еді. Бұл кәсіпті қолдауға да мемлекеттік көзқарас керек. Жеңілдікпен не қайтарымсыз ұзақмер­зімді қаржылық қолдаусыз екінің бірі бұл іске бара бермейді және адамның бәрі бірдей бағбандыққа бейім емес, бұл да өнер, бұған да бейім, машық қажет.

– Тапшылықтың бір себебі – онсыз да аз суды есепсіз пайдалану, ысырапшылдық, – дейді Әлияр Сейітов. – Жеке шаруашы­лық­тардың көбіне бірыңғай күріш егуге көшіп кетуі, ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін сақтамаудың салдары жыл сайын осы жетімсіздікке ұрындырып отыр. Салған қара­жатын тез қайтарып алуды және үстеме мол пайда табуды көздейтін жерді уақытша жалға алушы инвесторлар келешек үшін жер құнарлылығын сақтауды ойлай бермейді. Ал күріш, бидай, жүгері, жоңышқа, бақша дақылдарын танаптарға ауыстырып егу жердің құнарлылығын сақтап қана қоймайды, өну, өсу мерзімі әркелкі, соған қарай суару мезгілі де әрқалай, қатар келе бермейтін етіп ғылыми ойластырылған егістік жүйесі еді. Бұл егістіктер жағдайының қажеттілігіне қарай әрқайсысына суды өз мезгілінде мөлшерлеп жіберіп, ұтымды пайдалануға мүмкіндік бере­тін, сол кезде аз судың өзі бәріне де жетіп жататын. Егесіз қалған су шаруашылығының талай жылдан қордаланып қалған мәселелерін кезінде Қазақ КСР Су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаевтан бастап су мамандары әрдайым-ақ айтып келдік. Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында атап көрсетілгеніндей, судың 30 пайызы шы­ғын болды, су құрылыстарының 60 пайызы тозды. Қоға, қамыс шөп басқан, талай жыл тазарту көрмеген арналардан су жүрмей қалды. Биыл Жамбыл облысының бірнеше ауда­нының егістігі судан қалып, төтенше жағдай жария­ланған кезде барып бұл мәселеге назар аударылды. Жаз кезінде Сырдария өзенінің табаны көрініп жататын жағдайға жеткен едік, Көксарай су қоймасына су жинау, дарияға тос­па орнату егіс суару кезіндегі тапшылықты шеше алмады.

Су мәселесін ауыл шарушылығы, экология министрлігі сияқты тән емес салалардың қолынан алып, Мемлекет басшысы Су шаруа­шылығы министрлігін қайта құруы кеш те болса, орынды шешім еді. Енді алдағы уа­қыт­­та су мәселесінде қырғыз, өзбек, тәжік ағайын­дармен мамандар тілінде сөйлесе алатын іздеуші бар. Бірақ талай жылғы иесіздіктің сал­дарын жою үшін уақыт керек, білікті мамандар да азайған.

41 жыл мұрап болған Әлияр осылай тол­ғанады, күйінеді, қуанады. Шүленгер мұрап – туған жерге нәр берген, игі тірлігі әр берген, өмірін өз қолымен мәнді де, сәнді ете алған азамат. Жасампаз еңбекке бастайтын тынымсыз ізде­нісі, озық ойы адамды бейжай қоя ма, ол аудан, қоғам өмірінің өзекті мәселелері бойынша да ойларын ортаға салып, жиындарда, баспасөз бетінде әрдайым мәселелер көтеріп жүргені.

Биыл Шиелі ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Шиелі даңқын асырған оның жаны жайсаң, қайраты құрыш еңбек ерлері. Оларға «Шиелі ауданының құрметті азаматы» мәр­тебелі атағын беру дәстүрге айналған. Осы атаққа ел қамын ойлаған, ісі өнегелі, еңбегі берекелі, заманының ері мұрап Әлияр Сейітов те лайық.

 

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің

ардагер журналисі

 

АСТАНА