• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Қазан, 2023

«Ақбетке қонған аққу жыр»

304 рет
көрсетілді

Жер маржаны Баянауыл төрінде «Ақбетке қонған аққу жыр» атты поэзия кеші өтті. Әдемі кештің атауы Баяндағы биік шың – Ақбетпен астарласуында өзіндік мән бар. Еліміздің әр өңірінен келген ақын қыздардың шығармашылығы негізінен махаббат лирикасына арналды.

Ақбет шыңының аңызына құлақ түрсек, ертеде бұл өлкеде Ақбет қыз ғұмыр кешіпті. Әкесі Бүркітбай Ақбет сұлуды қаусаған шалға ұзатпақ болған екен. Ғашығымен қол ұстасып қашуға ниеттенген Ақбеттің жолы кесіліп, жігіт өлтіріледі де, қыз үйге қамалады. Қайғы жұтқан ару ғашығымен бірге таңды қарсы алатын шыңға шығып, төңірегіне соңғы рет көз салып, құздан құлап мерт болыпты. Қойнына осындай махаббат баянын бүккен Ақбет шыңы тау ғана емес, сезімнің де рәмізі десек болады.

Шымылдығы Фариза ақынның «Өлең, мен сені аялап өтем» жыры­мен тү­рілген кеш тізгінін өңірге белгілі жас ақындар, көрермен көзайымына ай­нал­ған Еламан Қабдыләшім мен Айбек Оралхан ұстады. Поэзия кешін­де «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты әрі та­ны­мал тележурналист Танакөз Тол­қын­қызы, «Ақпарат саласының үздігі», ақтаулық Анар Шамшадинова, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы Сағыныш Намазшамова, Астана қаласынан жас ақын Айзада Рахымжанова, ақын әрі танымал тележурналист Толқын Қабылша, екібастұздық қаламгер, ақын Жанаргүл Қадырова, Халықаралық Түркі әлемі жас Жазушылар одағы­ның мүшесі Гүлназ Файзулла қатысып, жырсүйер қауымды лирикаға толы өлең­дерімен сусындатты. 

Біз таныстырған ақын қыздардың Баян еліне бөтені жоқ: Танакөз, Сағы­ныш, Анар, осы елдің тумасы Жанар­гүл жас ақын-жазушылардың «Баян­ауыл – 2007» форумына қаты­сып, баянауылдықтарды жырға бө­ле­гені есімізде. Ал Айзада Мұса Шор­­ма­новтың 200 жылдық тойы аясында ұйымдастырылған мүшайрада «Кемеңгер» өлеңімен бас жүлдені же­ңіп алған. Анар Жасыбайға арнап жыр жазса, Толқын биыл киелі топырақта Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы туралы деректі фильмдер түсірген. Гүлназ қазақ ақындарының жырларын түрік, әзербайжан тілдеріне аударып, түркітілдес елдер арасында рухани көпір болып жүр.

Жеті аққуға ұқсаған жеті ақынға аппақ гүл шоқтары тарту етіліп, баян­ауылдық және екібастұздық өнер иеле­рі қаламгерлердің құрметіне әннен ша­шу шашты. Жыр мерекесінде кеш қонақ­тарымен бірге баянауылдық өнер­­паздар да өлең оқыды. Танакөз Тол­­қын­қызының «Осылай да адам са­ғы­на­ды екен...», Жанаргүл Қады­рова­ның «Жетінші қабат», Айзада Рахым­­жа­­но­ва­ның «Біз екеуміз бірге бол­сақ...», ­Т­ол­­қын Қабылшаның «Адал­дық» ­­өле­­ңін оқы­ған өрендердің өнерін жұрт сүй­­сіне тамашалап, қошемет көрсетті.

Павлодар облысының Құрметті азаматы, мемлекеттік қызмет ардагері, ел ағасы Қорабай Шәкіров сөз алып, руханият саласындағы өзін толғандырып жүрген жайттарды ақындарға аманат ретінде жеткізді. Батагөй қария Әбдіқомар Салықұлы ақындарға ақ батасын берсе, жергілікті ақындар – Таңат Ахатов пен Жеңісбек Пәзіл жыр оқыды. Ал «Мәдениет саласының үздігі» Жамбы Мәшім сіңлілеріне ақ жол тіледі. Ақындарға облыс атынан Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 10-томдық жинағы сыйға тартылды.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы