Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша орталық мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік сектормен кездесу өткізді.
Сенатор Ләззат Рысбекова кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне назар аударып, олардың қазіргі қарқыны төмен екендігін атап өткенін еске салды.
«Қазіргі уақытта шағын және орта бизнесті дамытуда біздің елімізде бірқатар мәселе мен кедергі бар. Олардың ішінен ШОБ банктерінің кредит беруін төмендету, қымбат қаржыландыру және кепілмен қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың артуы, айналымдағы қаржының тапшылығы, өткізу нарығының шектелуі, салық жүктемесінің жоғарылығы, салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері сияқты жүйелі мәселелерді бөліп көрсетуге болады», деді Ләззат Рысбекова.
Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаментінің директоры Эрик Жамбылов өз кезегінде парламентшілерге ШОБ дамыту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, мекеме алдағы құрылымдық экономикалық реформалардың негізгі ауқымын анықтады, мұнда басты міндеттердің бірі – отандық кәсіпкерлерді дамыту және қолдау. Ол үшін бизнестің орта сегментіне, кешенді салық реформасына, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартуға назар аудара отырып, дамыту бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері баяндама жасады.