Аға буын әрқашанда келер буынға жауапты. Бұл – өмірлік заңдылық. «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім-тәрбие айтпаса, ел болғаның қайсы», деген екен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Сол себепті қарт ұстаз ретінде жастарды жігерлендіру мақсатында бір ұсыныс айтпақпын.
Ұрпақ тәрбиесі – өзекті мәселенің бірі. Ағылшынның белгілі педагогі Ульям Уорд айтпақшы, «Мәңгілікті ойласаң, адам тәрбиеле». Ал грек философы Эпиктет: «Әлемдегі күллі ғажайыптардың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам, оны да тәрбиелейтін ұстаз» деген екен. Демек мәңгілік елдің қайтпас-қайсар, халқының нағыз намысшыл ұл-қыздарын білім нәрімен сусындатып келе жатқан жандар – ұстаздар. Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Ұрпақ білімді жүрекпен қабылдағанда ғана «толық адам» болатыны дәлелденіп отыр.
Кейінгі кездері жасөспірімдер арасында рухани-адамгершілік қағидаларының толық сақталмауы, жалпы адами әдеп негіздерінің жетіспеушілігі, адал еңбек ету ниеті мен ерік-жігердің төмендеуі, өмірлік мақсаттарының айқын еместігі секілді жағымсыз қасиеттердің етек алуы қоғамның алаңдатушылығын туғызып отыр. Мағжан Жұмабай «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да өте ауыр өнер. Өйткені ол жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген екен. Айтпағым, осындай жеке тұлға қалыптастырып келе жатқан ұстаздарға деген құрмет әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын.
Жасөспірім үшін ата-анадан кейінгі ең қымбат жан – ұстаз. Оның алдынан кез келген мамандық иесі тәлім-тәрбие мен білім алып, биік шыңдарға шығады. Әр адамның ұстазы бар. Осыны үнемі есте ұстау ұлағаттылықты білдіреді деген ойдамын. «Мұғалім мен жас адамға жұмсаған ақшаларыңыз өздеріңізге еселеп қайтады» деген екен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.
Осы орайда Президентіміз өнер адамдарына «Халық әртісі» деген атақ беруге пәрмен етті. Сол әртістер де ұстаздың алдынан шыққан жоқ па? Олардың бойдағы жақсы қасиеттері мен дарынын ұштап, шыңдаған да ұстаздар ғой. Сондықтан азамат тәрбиелеп, тұлға қалыптастырып жүрген ұлағатты ұстаздарға «Халық мұғалімі» деген атақ немесе мемлекеттік сыйлық тағайындалса, жөн болар еді деп ойлаймын. Бұл менің ғана емес, көптің көкейіндегі ой екеніне де кәміл сенемін. Біз осы арқылы қоғамдағы мұғалім мамандығының қадір-қасиетін арттырамыз әрі жастардың тәрбиесіне де ықпал етеміз.
Сағынбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,
ардагер ұстаз