• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ұстаз 04 Қазан, 2023

Англияда оқып, ауылды таңдаған

307 рет
көрсетілді

Аралбек Берікұлы Ұлыбританияда оқыпты. Liverpool John Moores University-ді тәмамдаған. Мұндағы бағдарлама шетелде мұғалімдік қызмет атқаруға мүмкіндік береді. Бірақ шетелден түскен небір ұсыныстан бас тартып, елге оралыпты.

Аралбекке Астанадағы Рес­публикалық физика-математи­ка мектебінің директорлық крес­лосы да ұсынылған. Ол мұны да құп көрмей, шалғайдағы ауыл мектебіне бет бұрған. 2022 жыл­­дың 18 ақпанында Шығыс Қа­­зақ­стан облысы Көк­пекті ауда­­­ны Құлынжон ауы­лын­да­ғы мек­­­тепке директор бо­лып бар­ған. Осы­лай­ша, оның ауыл мек­те­­бін­­дегі ерекше экспе­ри­менті бас­талды.

Елімізде 7500-ден астам мем­лекеттік мектеп бар болса, соның 70 пайызы ауылдық жер­лерде орналасқан. Аралбек Берікұлы пандемияға дейін елі­міз­дегі әй­гілі олимпиаданың ұйым­дас­ты­рушысы болыпты. Бұл олимпиада ауылдың балаларына ар­налған. Олимпиада қоры­тын­ды­сын шы­ғару үшін жауап­ты ұйым­дастырушылардың бар­лы­ғы жұмыстарды қолмен тексерген. 13 мың оқушының 63 пайы­зы «нөл» деген ұпай алыпты. Ауыл мектептерінің қаншалықты артта қалып қойғаны осыдан-ақ аңғарылған. Ал Аралбек секілді білікті мамандардың ауылға баруы екіталай.

«19 жасымнан бері мұғалімдік қызмет­ті атқарып келемін. 2015 жылы ауыл мектептерінің жағда­йы­мен таныса бастадым. Шыны керек, ішім ашыды. Сосын командаммен тегін бейнесабақ жазуды бастадық. Қолымыздан басқа не келеді? Тым болмаса со­лай көмектесейік деп ойла­дық. Статистика бойынша ауыл мек­те­бі қала мектебінен 1,5 жылға артта қалып қойған. Ал жеке өз ста­тистикам бойын­ша кемі 5 жыл артта дер едім. Неге десеңіз, 9-сыныптың оқу­шы­ларына сұрақ қойған кезде көбейту кестесін, бөлшектер деген та­қырыптарды білмеді. Мате­матика ғана емес, басқа пән­дерден де солай. Ең қор­қы­­ныштысы, бұл алшақтық уа­қыт өткен сайын ұлғая береді. Себебі қалада жыл сайын түрлі орталық ашылып, жаңа мүм­кін­діктер пайда болып жатыр. Мұғалімдерге де кәсіби тұр­ғыдан өсуге мүмкіндік бар. Ал ауылға ешкім бармайды. Бұл – өте өзекті мәселе. Бұған үл­кен реформа қажет», дейді Аралбек.

Кейіпкеріміз білім саласына қатысты ой-пікірін жиі айтқа­ны­мен, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Мысалы, білім сапасын жақсартып, оқушыларды жетілдіре түсу үшін ауыл балалары оқитын пәндер санын екі есе азайту туралы ұсыныс тастаған. Бірақ жүйедегі ережелерге сәйкес бұл ұсыныс қол­дау таппаған. Өйткені Аралбек жұмыс істейтін білім орда­сы – жекеменшік емес, мемле­кет­тік мектеп. Дегенмен оның қолдан келгенше эксперимент жүр­гізіп жатқан жайы бар. Ауыл­дағы өзін-өзі дамыту мекені жал­ғыз мектеп екенін ескерсек, Аралбек білім ордасында ака­де­миялық қана емес, мәдени, физиологиялық, шығармашылық жағы­нан да дамуға мүмкіндіктер жа­салуы керек деп санайды. Мә­се­лен, шығыстағы осы бір ерек­ше мектепте әр күн са­йын сабақ басталмас бұрын 15 ми­нуттық «Таңғы шеңбер» деген үрдіс жүреді. Ол жерде оқу­шылар мұғаліммен бірге күйзе­лісті сейілтуге арналған ойындар ойнап, жаттығулар орындайды. Шеңберге тұрып, көкейлерінде жүрген ойларын айтады. Мектептегі көз қуантар істер мұнымен бітпейді. Білім ордасында оқушыларға күніне екі мезгіл 20 минуттан тек кітап оқуға уақыт арналған. Ал мұғалімдер күніне 4 мезгіл 20 минуттан кітап оқуы керек. Түстен кейін аптасына 3 мәрте міндетті қосымша сабақтар өткізіледі. Бұған аптасына 2 рет өткізілетін қосымша үйірмелерді қосыңыз. Балалар таңғы сағат 07:45-тен бастап 17:00-ге дейін мектепте болады. Үлгергендерінше үй жұмыстарын да осында орындайды. Таңғы ас пен түскі ас қарастырылған.

«Педагог мәртебесінде мынандай бір тармақ бар. Мұғалім мектепке сабақ басталғанға 20 минут қалғанда келсе, сабақ бітісімен кетсе болады. Мысалы, бір мұғалімнің бүгін үш сабағы бар делік. Бір сабағы 10.00-де басталса, ол 9.45-те келеді. Үш сабағы аяқталғаннан кейін, 12.30-да ол кісі мектепте болмайды. Ауыл аумағында бұл мүлдем дұрыс емес жүйе. Өйткені ауыл­дың мұғалімі мектепте жетіл­месе, басқа жерде өзінің білімін шыңдай алмайды. Мен осымен күресу үстіндемін. Біздің мек­тептің жүйесінде мұғалімдер таңертең 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін мектепте қалуы керек. Сабақтан бос уақытта кітап оқып, курс қарауы шарт. Біз соған жағдай жасайық. Мұғалім өзін күнделікті жетілдіріп отыруы керек. Білімін жетілдіруді қойған мұғалімді оқушылары да түсінбейді», дейді кейіпкеріміз.

Аралбек Берікұлы мектепте оқушыларға мүлдем дауыс көтеруге болмайды деген түсінік енгізген. Балаға дауыс көтеру физикалық тұрғыда кері әсер етеді. Машықтары жетілмеген, өзінің ойын бөлісе алмайтын, қоғамға сіңісе алмайтын балалар осыдан шығады. Бұл мәсе­ле­ні ескерген Аралбек мектеп жү­йесіне кішігірім өзгерістер енгізген. Өрге жетелейтін өзгеріс жемісін де бере бастапты. Бала­лар басында өз ойын айтуға, диа­логке түсуге қиналса, қазір бір­шама ашылған.

«Біздегі білім жүйесінде оқу­шыға басымдық берілмеген. Оқушы ең соңғы орында тұр. Бірінші орын саяси мәселелер мен жалақыға берілген. Сол се­бепті логикалық тұрғыдан дұ­рыс дүниелерді ұсынып жат­­саңыз, есепке алынбайды. Мы­салы, Сингапурдан келген ға­лымдармен сөйлескен кезде олар бағаланатын 7 пән ғана ба­рын айтты. Американың профессорларымен сөйлесіп едік, оларда бағаланатын 8 пән бар екен. Бізде 14-тен асады. Сөйте тұра біз олардан білім бойынша озық тұрған жоқпыз. Ал артық пәндерді алып тастайық десек, сол пәннің еліміздегі 20-30 мың маманы аттандап алға шығады. «Жұмыссыз қалдық» деп шу көте­реді. Экономикалық, саяси жағ­дайларды ескеріп, ортақ бір шешім қабылдауға болады. Егер оқушыны бірінші орынға қойсақ, онда көптеген мектепті жауып, біріктіріп, біршама пәнді алып тастайтын едік», дейді ол.

Мектептің жаны – мұғалім. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ. Аралбекпен тілдесіп отырып, мұғалім ма­ман­дығының маңызы тым те­реңде жатқанын түсінесің. Осы тұста педагогикадан мәуелі мұ­ра қалдырып кеткен Мағжан Жұмабай: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі», дейді. «Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады». Рас.