• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қазан, 2023

Бәсі биік фандомат

460 рет
көрсетілді

Далада шашылып жатқан бөтелкелерге қарап, неміс халқы есіңе түседі. Себебі Германияда бос бөтелкелердің 98 пайызы қайта өңделуге жіберіледі. Экология жанашырлары мұндай үрдістің біздің елде де жүргенін қалап, отандық фандомат жасап шығарды. Енді еліміздің екі қаласында бос қалған банкілер мен бөтелкелерді қабылдайтын 100 фандомат қойылады. Ең қызығы, тек қабылдап қана қоймай, әрбір тапсырылған бөтелкеге ақша төленеді.

Елімізде жыл сайын 1,5 миллиардтан асатын пластикалық бөтелке қайта өңделеді. Олар­ды өңдеумен республика бо­йынша 10 компания айналысады. Бұл туралы Қазақстан буып-түюшілер қауымдастығы хабарлаған болатын. Алайда пластмассаны қайта өңдеу қай­талама шикізаттың болмауына байланысты жүйелі түрде іске аспайды. Яғни халықта экомәдениет қалыптаспаған немесе бөтелкелерді тапсыратын қолайлы жер жоқ. Аталған мәселені экологтер осы күнге дейін қаузап келді. Бірақ түйткіл шешімін таппаған.

ІТ саланың білгірі Әлішер Қоғабаев пен «Econetwork» компаниясы осы мәселені егжей-тегжей қарап, дамыған мем­ле­кеттердің әдістерін зертте­­­ген. Үлкен зерттеудің нәтижесі – бөтелкелерді сұрыптайтын, қайта өңдеуге жіберетін фандомат. Халық қолданған бөтел­ке мен банкілерін фандомат­қа салып, орнына ақ­ша алу – Еуропада баяғыдан бар үрдіс. Осыған дейін өзге фандоматтар да қойылған еді. Бірақ оған халық тарапынан сұраныс көп бол­ған жоқ. Ал мына фан­до­мат­та ақша бері­летіндіктен, сұра­ныс көп болады деген сенім бар.

– Еліміздің экологиясы­на бейжай қарамайтын экобел­сенділер осы мәселені қозғады. Халықтың бөтелкелерді пайда­ланған соң тастай са­ла­­ты­нын, бұған еш айла-шара толыққан­ды жасалмай жатқа­нын айтты. Сосын біз де көңіл аудара бастадық. Расымен, бұ­рыш-бұ­рышта үйіліп жатқан бөт­е­лкелер біз ойлағаннан да көп екен. Содан кейін бұл мәсе­ле­нің экология дертіне айналып кеткенін ұғындық, – дейді «Toolpar» ЖШС директоры Ә.Қоғабаев.

Бөтелкелерді қайта өң­деу – жаңа материалға айнал­­­ды­ру үдерісі. Бұл поли­эти­­лен­те­рефталаттың қор­шаған ортаға енуінен сақтап, по­ли­гондарға жіберілетін қал­дықтарды азайтады. Негізінен қайта өңдеу­дің түпкі мақсаты – ресурс­тарды шикізат ретінде сақтау. Отандық өндіріс фандоматын іске асыру идеясын «Tastamat» командасы қолға алған. Еске сала кетейік, бүгінде еліміздің 12 қаласында пошта қызметіне балама 450 тастамат жұмыс істеп тұр. Бұл жобаның да эко­логияға үлкен пайдасы тиіп, көміртегі ізін біршама азайт­қан. Инженерлік және бағ­дар­ламалау тәжірибесінің нәти­жесінде «Tastamat» команда­сы қысқа уақыт ішінде фандомат терминалының алғашқы нұс­қасын жасап шықты.

Пластмассаны қайта өңдеу оған жаңа өмір сыйлайды. Аста­наға 30, Алматыға 70 фандомат орнатылады. Алғашында осы екі қалаға ғана қойыла­ды. Жобаның әрі қарай дамуы тіке­­лей қаржылық жағдай мен ха­лық сұранысына тәуелді. Де­ген­мен өндірушілердің айтуын­ша, үш жыл ішінде еліміз­дің бар­­лық аймағын фандоматтар­­мен жабдықтауға бола­ды. Жоба се­ріктесі, идея авторы «Econet­work» бөтелкелерді жинау, сұ­рып­тау және қайта өңдеумен айна­лысып, әрі қарай кәдеге жаратады. Сұрыптау үдерісі тер­миналдың ішінде жүреді. Яғни адамдар пластикалық бө­телкелерді сол жаққа, алюминий банкаларды оң жаққа тастау керек. Әрі қарай қайта өңдей­­тін тиісті зауыттарға жіберіледі. Шымкент пен Алматыда бөтел­келерді қайта өңдейтін зауыт бар. Өкініштісі, мұндай зауыттар біздің елде көп емес.

– Алматы мен Астананың бір­неше жетекші жоғары оқу орын­дарында, жанармай құю желі­лерінде, пластикалық бө­тел­келерді көп тұтынатын спорт кешендерінде орнатамыз. Әр­бір пластикалық бөтелке немесе алюминий банкаға төлене­тін ақша тұтынушының өнім­ді қандай бағаға сатып алатынына байланысты, – дейді «Econetwork» компаниясы­ның не­гі­зін қ­алау­шы Евгений Мұхамеджанов.

Германияда «Pfand» бел­гісі бар бөтелкелер ғана қабыл­данады. Ал отандық фандомат бөтелкенің барлық түрін қабыл­дай береді. Бастысы бөтелке­лер 1,5 литрден аспауы керек. Әзір­ге осындай шектеу бар. Бірақ оның да шешу жолдарын қарас­тырылып жатыр.

Фандомат – әлеуметтік жо­ба. Халық пен кәсіп­керлердің экология туралы ойларын өзгертіп, жаңа мәдениет қалыптастыруға таптырмас мүм­кіндік. Әлішер Қоғабаев фандоматқа байланысты жос­парымыз көп, дей­ді. «Бірақ әуелден ешкімге ұқ­са­ғы­мыз келмеді, сондықтан «Tastamat» пен «Фандоматты» бірік­тіру­ден бастадық. Яғни тұ­тынушы бөтелке ғана тапсырып қоймай, өзінің сәлемдемесін де бір жерден алып кете алады. Мұн­дай терминал «әлемнің еш жерінде жоқ» деп нық айта аламыз. Бұл – 100 пайыз отандық өнім», деді ол.

Экологиялық сауаттылық – қор­шаған ортаны қорғау. Ба­ланы жастайынан ресурстарды үнемдеуге және табиғатты ластамауға баулу қажет. Сонда ғана экологиялық сауатты, «жасыл елге» айналамыз.