• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Отбасы 05 Қазан, 2023

Ел мен жердің иесі

407 рет
көрсетілді

Абзал деген азаматты сыртынан танып, сүйсініп жүргенімізге біраз болды. Қарапайым ауыл мектебінің мұғалімі. Туған жерінің тарихын тынбай зерттеп, шәкірттерін де сол жолға баулып жүрген ұстаз.

Жақында Абзал Серікқалиұлын Орал қаласынан, «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінен көріп қалдық. Ата-анасы, бауырларымен, өз отбасымен түгел келіпті. Өнегелі істерімен айналаға үлгі бол­ған әулетті жерлестері үкілеп, облыс орталығына жіберген екен. Сол жолы қазталовтық Есенғази шаңырағы облыс әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлығына ие болған еді. Ақжүрек азаматтың ата-анасы, отбасы жайлы жақыннан білгеніміз де сол жолы.

Шынында да Есенғази әулеті ел ішінде адал еңбегімен сыйлы болып жүрген жарасымды отбасы екен. Отағасы Серікқали Орашұлы – қа­ра­пайым механизатор. 2015 жыл­дан бері Қазталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қызмет етеді. Халыққа адал қызмет етіп жүрген нағыз ең­бек адамы. Қыста көрші-көлемнің ауласының алдын­да­ғы қарды тазалап, жол салып беруге, жазда ауылдың түрлі шаруасына, тіпті даладағы өртті сөндіруге де кірісіп кететін елгезек жан. Биыл алпыстың асқарына жетіп, ақсақалдық жолға түсе бастапты. Ата-тек шежіре жинап, ұлы ұйымдастырған далалық экспедицияларға да қосылып кететіні бар.

Абзалдың анасы Ғалымова Сәндеш Сапиоллақызы 40 жыл­дан аса уақыт Қазталов аудандық орта­лық ауруханасында медбике болып қызмет етеді екен. Сонау 1981 жылы Жезқазған медицина училищесін тәмамдаған жас маман содан бері табан аудармастан туған жерінде денсаулық күзетінде жүр. Елдің алғысына бөленген ақ желеңді абзал жан дүниеге 3 ұл әкеліп, азамат етіп қатарға қосқаны да – бір төбе.

Шаңырақ иесі Абзал Есенғазиев Қазталов мектеп-лицейінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұ­ға­­­лімі болып қызмет етеді. Абзал­­дың ақындығы бар, былтыр «Ші­дер­лі шер» атты облыстық жыр мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған. Одан бөлек, өлкетанушылық қырын жоғарыда айттық. Талай оқушыны аламанға қосып, қаламын ұштап, аудан, облыс көлемінде танытып келеді. 2021 жылы Асылжан Нұртаев деген шәкірті орта мектеп оқушылары арасында өткен облыстық Абай оқуларынан II-орынға ие болған. 2022 жылы сәуір айында «Менің Отаныма – менің бастамам» республикалық шығармашылық жобалар байқауының облыстық ке­зеңінде «Қазақстанның жеті кере­меті» аталымы бойынша II дәре­желі грамотамен марапатталды.

Жалпы, Абзалдың туған жері Қазталов өңірі – еліміздің күн­батыс шекарасында жатқан ерек­ше тарихи жер. Кезінде Бөкей орда­сы­ның Талөкпе қисымы аталған бұл аймақта талай-талай оқиға өткен. Әсіресе ХХ ғасырдың басындағы ақ пен қызыл алмасқан аласапыран тұста болған оқиғалар Кеңес кезінде біржақты ғана жазылды. Өлкенің өткен тарихы, ерекше тұлғалары енді ғана жан-жақты зерттеліп, қағазға түсіп жатыр. Осы майданның алғы шебінде қарапайым мектеп мұғалімі Абзал да жүр.

– Ел ішінде ескі әңгімені көкіре­гіне хаттаған қариялар әлі де бар. Тек оларды ерінбей тауып, тамырын тап басып сөйлете білу керек, дейді Абзал Серікқалиұлы. Өзі бірнеше жылдан бері өңірдегі араб жазулы құлпытастарды зерттей жүріп, көне жазуды ежіктеп оқи алатын болыпты.

Қазталов ауданының өлкетану­шы­лары, әсіресе биыл жазда көп іс тындырды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың тікелей қолдауымен арнайы топ құрылып, зерттеушілер барлық көне қорымды аралап шықты. Тек құр аралап қоймай, олардың тарихын елден жинап, қа­ғаз­ға тү­сі­ріп, жүйелей бастады. Мау­сым-шілде айларында аудандағы бар­лық ауылдық округті аралап өткен «Менің Кіші Отаным» тарихи-таным­дық экспедициясының толық нәтижесі әлі-ақ жеке жинақ болып көріне жатар. Қосөзен қойнауындағы киелі өлкені барлап, аузы дуалы көне­көз­дерден ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып келе жатқан аңыз­ға бер­гісіз ескі әпсаналарды жазып алған өлке­­­танушылардың олжасы адам айт­қысыз.

– Қазталов ауданындағы Терең­көл және Әжібай округіне шекаралас Аралтөбе сорына жақын, Қалабай қыры маңындағы көне қорымда белгілі тарихи тұлға Байбарақ батырдың шөберелері, Мұса тарханның ұлдары жатыр екен. Көне құлпытастар арасынан 1846 жылы дүниеден өткен Мұсаұлы Дөнейдің есімін оқығанда ерекше сезімге бөлендім. Бұл менің жетінші атам еді. Аллаға шүкір дей­міз. Өткенін ұмытпай, шежіре тү­ген­деу қазақ халқының болмысы ғой. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген аталы сөзді ұмытпасақ керек-ті!  – дейді Абзал тебіреніспен.

Иә, туған жеріңнің тарихын терең білген сайын ол өзегіңе жақындай түседі екен. Өзіңнің осы жердің шынайы иесі, заңды мұрагері екеніңді осыдан кейін анық бағамдайсың.

Бүгінде Абзал Серікқалиұлы жаз бойы жиған-терген мәліметін са­рап­тап, туған өлке тарихын рет-реті­мен қағазға түсіріп жүр. Аудан бас­шысының «Жазғы экспеди­ция­ның қо­ры­тындысын тарихи кон­фе­рен­­ция­мен түйіндейміз» деген уәдесі бар. Алда жұмыс та, жоспар да көп.

Айтпақшы, Абзалдың алған жары Ақмарал да өзіне сай, Қазталов аудан­дық орталықтандырылған кітап­ха­нада қызмет етеді. Алтын асықтай ұл тәрбиелеп отырған жас отбасы «ру­хани бай болу, иманды болу, адал жол­мен еңбек етіп өмір сүру» деген қағи­даны ту етіп келеді.

 

Батыс Қазақстан облысы