• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 08 Қазан, 2023

Торының мұңлы тағдыры

238 рет
көрсетілді

Бабаларымыз жылқыны «төрт түліктің төресі» деп қана емес, ел қорғаған ердің қанаты деп дәріптеген. Шынында да, «мінсе – көлік, жесе – азық, ішсе – сусын» болған жылқының қасиеті бөлек. Көркем әдебиетімізде «кейіпкерге» айналған жылқылар туралы жазылған шығармалардың да қарасы мол. Сол қатарға белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының «Соңғы шабыс» атты әңгімесін ұялмай қосуға болады. Бұл туынды 1969 жылы жазылса да, қайталап оқығанда кеше ғана өмірге келгендей әсерге бөлейді. Әсіресе қаламгердің көркемдік шеберлігі, шығарманың шынайылығы, кейіпкерлер болмысы – оқырманды жіпсіз байлап, жетелеп әкетеді. Мұнда бір кезде бәйгенің алдын бермеген Месторының мұңлы тағдыры байыпты баяндалған.

Месторы дегенде...Бала күнімізде біздің ауылда да соған ұқсас тұлпарларды көріп едік. Солардың соңғы тағдыры дәл осындай жан ауыртар өкінішпен аяқталған. Соған қарап, суреткер бұл оқиғаны қиялдан емес, өмірдің өзінен алғанын көреміз.

«Сайқанның қарлы шыңдары таң арайына шомған алакеуім, ала көлеңке шақта сары дөң асып, салт атты ылдиға қарай құлап келе жатты. Бағыттары – бүгінгі дүбірлі той өтетін Қойбастың жалпақ жазығы. Бұлар – Нұрым қарт пен жігіт болып қалған баласы Қасымбек еді», деп басталған әңгімеден өмірі той-қызық қуып көп әдеттенбеген Нұрым қарияның осы тойға баруға бүйірі қызып, ерекше аңсары ауады. Екеуінің астындағы көліктері – қарттың талай жылдан бергі қос қанатындай болған қос аты. Ақсақал өзінен басқалары жақсы ат деп ешуақытта айтып көрмеген, қойға мініп жүрген Месторысын өзгенің шашасына шаң жұқпас жүйрікте­ріне айырбастағысы келмейді. Оның тұрпайы желісі мен бір митыңнан аспайтын аяңын бәрінен артық көреді.

Дүбірлі тойдың басы-қасында жүргендер бәйгеге шабатын аттарды айдап барушы кез келген кісі емес, жөн білетін адам болуы керек деп, жылқының жайын білетін Нұрым қартқа сенім артады. Қария отыз шақырымдық жерге отыз салт аттыны ертіп, кідірмей аттанып кетті. Нүкеңнің астын­да­ғы Месторы да бәйгеге шаба­тын аттармен бірге қатты жүріс­ке­ сыр бермей отырады. Қайта, биенің қарнындай жер сызып жүретін іші тартылып, жаранып шыға келеді.

Қария межелі жерге жетіп, қызыл орамал байлаған бұзаутіс қамшысын жоғары көтеріп, төмен түсіргенде бәйгеге шабатын аттардың тұяғы жерді дүбірлете жөнелді. Қапелімде, Нұрым қарт ештеңе аңғара алмады. Месторы да жұртта қалып қойғандай, тыпыршып, бір орнында тұра алмады. Ат дүбірі естілсе, арқа қозатын халықтың ұрпағы емеспіз бе, қария да соны байқап, жалғыз өзі ұрандап, жаман атына қамшы басты. Ат үстінде келе жатып, етек-жеңін қымтап, тымақ бауын байлады. Әудем жер шапқан соң барып, бойы жеңілдегендей болды. Месторы отыз аттың қарасына ілесіп, бір қалыпты шабысқа салды да отырды.

Нұрым қарт ішінен «бір кез­де баяғыда Қозы марқұм үміт еткен жыныңды енді көр­се­тейін дедің-ау!» деп ойлады. Олай айтатын жөні бар. Ерте­де Қозы жарықтық жабағы кезін­де осы Месторыны көріп: «Жануар болайын деп тұр екен. Отыз-қырық жылда бір туатын, қол­ты­ғының астынан қанат біт­кен на­ғыз дүлдүл ғой мынау» деп, жие­ні­не астындағы атын түсіп беріп, қалағандай алып кетеді. Сол жаман жабағысын құ­нан шық­қанда жетпіс ат шаба­тын бәй­геге қосуға әкелгенде, ат тани­тын бір сұм түн жамы­лып келіп, орының қызыл асығы­нан темір­­мен ұрып, шөкеле­тіп кете­ді. Сонда Нүкең Қозы­ның маң­да­йын ұрып жыла­ға­нын өз көзі­мен көре­ді. Ат иесі қай­­тыс бол­ған соң аяқ лауға шыдам­ды мал болар деп, торыны бұл өзі алды.

Месторы өзімен бірге шауып келе жатқандардан бірте-бірте озып, алға өкшелей ұмтылды. Алайда бірінші кетіп бара жатқан жүйрікпен өзіне дейінгі жүз қадамдай ара қашықтықты азайта алмай әбден діңкеледі. Қарт месторының екі көзіне құйылған терді ұмтылып барып, қол орамалмен сүртіп отырды. Енді соңғы шақырымдар ғана қалды.

Осы жерде әңгімедегі үзін­ді­ге­ зер салыңыз:

«Бұл кезде Месторының халі тіпті мүшкіл еді. Бәсекелесінен озсам деген ынтығудың өзі де бірте-бірте бұлыңғыр тартып, тек бұрынғы жетсем, озсам, деген ойдың елесі ғана сүлдесін сүйреп келе жат­қан­дай. Алдына түскен тұқым­да­сын қалай да қуып жету, бар мүддесі, бар мақсаты сияқ­ты. Сол үшін де ол өзіне бағы­ну­дан қалған төрт тұяқтың бір қалыпты қозғалысына өзге­ріс енгізуге барын салды. Ақыры алдындағыдан озға­нын, біреу­лердің жансалап келіп, көтермелей шаужайдан алға­нын, біреулердің сауырына ты­зыл­датып қамшы салғанын сезгенде бойын бір рахат жалын шар­пып өтті. Ол орындалған ең соңғы арманының рақаты еді».

Қайран Месторы топ ортасынан қақ жарып өте бере жығылды. Оның жана­ры­­нан тамған мөлдір жас иесі­нің қолына үзіліп түсті. Тұлпар­лар­­дың тағдыры да адамдар­­дың тағдыры секілді. Бойын жа­сыр­ған тұлпар секілді жақсы адам­д­ар да көзге көп түспейді. Олар­дың да қадірін өмірден өткенде біле­міз. Өкініштісі сол.