Тамыз айында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында үнді жайрасының екі бірдей дарағы ұялы телефон камерасына түсірілді. Авторы белгісіз. Бұл суреттерді Қаскелең қаласы тұрғындарының бірі орманшылылықтың жетекшісіне түсіріп жіберген.
Аталған аумақта далалық жұмыстар жүргізілді. Алдағы уақытта інінің маңайына фотоқақпан орнатылады. Бұған дейін тек жалғыз дарақтан кездесіп жүрген еді. Бұл бейне арқылы үнді жайрасының өнімінің молаюын байқауға болады. Үнді жайрасы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағының Ақсай, Медеу филиалдарының бірнеше шатқалында, оған іргелес Алматы облысы әкімшілік аумағының оңтүстікке қарай жерлерінде кездеседі. Күндіз көрінбейтіндіктен, түн қараңғысындағы аңның ұшырасуы өте сирек болады.
Үнді жайрасы (лат. Hystrix indica, 1792) – кеміргіштер отряды (лат. Rodentia), Жайратектестер тұқымдасы (Hystricidae), IV санаттағы сирек кездесетін, аз зерттелген түр. Қазақстан фаунасындағы тұқымдастың жалғыз түрі. Мекендейтін жерлері – таудың шатқалдары мен қойнауының теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі жер бедері ойлы-қырлы аласа таулар мен тау етегінде мекендейді. (ҚР Қызыл кітабы, Алматы, 2010)
Тіршілік белгісі көбіне түнде көрінеді. Дене-тұрқының ұзындығы – 80-90 см, орташа салмағы – 13-30 кило тартады, кейде 25 килоға дейін жетеді. Жайраның түр-түсін денесіне өзгеше шаншыла орналасқан сояудай инелерінен аңғаруға болады. Сол арқылы сытырлаған дауыс шығарып, жауынан қорғанады. Бір қызығы, денесіндегі мыңдаған инелердің жалпы салмағы 100 грамдай ғана екен. Денесі қоңырқай қара болып келеді. Аяқтары қысқа, ін қазуға арналған тырнақтары мықты («Ана тілі» газеті, 2014 жылдың 13 ақпаны).
Жайраның қауіпті жаулары – шибөрілер мен қаңғыбас иттер. Десе де, шатқалдарда ұдайы күзету жолға қойылған. Сондай-ақ үнді жайрасын қолда өсіретін Есік қаласының тұрғыны жайраны табиғатта көбейту мақсатында бірнеше дарағын ұлттық парк аумағына жерсіндіруге басшылыққа ұсыныс білдірген еді. Әзірге тек ұсыныс ретінде қалып отыр. Егер іске асатын болса, Зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша ОШ және ЖД комитетінің арнайы рұқсатымен ғана іске асады. Қызыл кітапқа кіретін түрді қорғау, таралуына септігімізді тигізу – міндетіміз.
Тұңғышбек ЖАПАРҚҰЛОВ,
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылыми қызметкері
АЛМАТЫ