Елдегі байланысқа жауапты «Қазпошта» қызметінің құрылғанына биыл 30 жыл толыпты. Әрі 9 қазан – Пошта күні. Осынау мерейлі датаға орай Шығыс Қазақстандағы «Қазпошта» АҚ филиалында БАҚ өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Мұнда бірқатар мәселелер талқыланып, ұтымды ұсыныстар айтылды.
Әуелі сөз алған «Қазпошта» филиалының директоры Гүлжан Рахымбаева әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды.
– Құрметті әріптестер! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Шараға жиналған БАҚ өкілдерімен қанаттаса жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз. Мақсат-мүддеміз бір. Жуықта ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазпошта» АҚ төрағасы Әсел Жанасованы қабылдап, ауыл тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік, мемлекеттік қызметтердің аясын ұлғайтуды тапсырған. Сондықтан сіздерді қолдауға, ұсыныстарыңызды қабылдауға әрқашан әзірміз, – деді филиал басшысы Гүлжан Оралбекқызы.
Иә, газет-журналға жазылым неғұрлым көп болса, пошта қызметінің де әлеуеті арта түседі. Өкініштісі, интернет желісі мен ұялы байланыс қызметі дамыған сайын баспасөзге жазылу төмендеп барады. Ал «Қазпошта» қызметіне мемлекеттен бөлінетін субсидия өте аз көрінеді. Пошта басшыларының сөзінше, үш газет үшін 51 теңгенің айналасында ғана екен.
Айта кетерлігі, Шығыс Қазақстан мен Абай өңірі екі облыс болып бөлінгенімен, «Қазпошта» қызметінің бағыт-бағдары баяғыдай. Жаңа жылдан кейін ғана өзгеруі мүмкін. Жиында баспасөзге жазылу мәселесінен бөлек, оқырмандарға газет-журналдың уақытылы жетпеуі де сөз болды. Бұл өте өзекті мәселе еді. Білеміз, баспасөз науқаны аяқтала салысымен
ауыл-ауылдан оқырмандар телефон соғып, газетінің кешігіп жатқанын айтып, арызданады. Ондай жағдайда «Қазпошта басшылығы нақты фактімен жұмыс істейтіндерін жеткізді. Демек, оқырманның мекенжайын нақтылап, облыстағы филиал басшылығына ұсынуымыз керек. Егер газет-журнал пошташының кінәсінен жетпей жатса, белгілі мөлшерде айыппұл арқалайды екен. Алайда пошташы үшін де қолайсыз жағдайлар бар. Мәселен, газет-журнал, хат-хабар таратып жүрген пошта қызметкеріне иесіз иттердің шабуылы жиі болып тұрады екен. Жылына жоқ дегенде екі-үш қызметкерді ит қауып алады деседі. Сондай-ақ пошта жәшігінің жоқтығы да қолайсыздық жасайды. Әсіресе Өскеменде бой көтерген жаңа тұрғын үйлерде пошта жәшігі ойластырылмаған екен. Қала дегендей, подъездерге кіру де үлкен проблема көрінеді.
Жиында журналистер газетке жазылу науқанында бірлесіп, тың жобалар ұйымдастыру сынды ұсыныстарын да айтты.
– Менің ойымша газетке, журналға әр адам өзінің таным көкжиектерін кеңейту үшін жазылуы керек. Интернеттегі ақпарат шолақ. Әрине, қалта телефоннан жылт еткен жаңалықты шолып шығу ыңғайлы. Ал тұшынып отырып оқитын дүниенің дені газеттерде. Екіншіден, бүгінгі оқиғаның бәрі тасқа басылғандай қағаз бетінде қалуға тиіс. Экранның бетіндегі дүние сөніп қалуға да мүмкін. Айтпағым, газет-журналдың ғұмырлы болуы үшін еңбек етуіміз керек, – деп өз ойын айтты «Шығыс жаңалықтары» ЖШС басшысы Ерболат Мұқажанов.
«Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, бүгінгі болып жатқан елеулі дүниелерді қағазға басып отырмасақ, тарихты зерттейтін ертеңгі ұрпақ дерек таппай шарқ ұрмай ма? Айтып өткендей, жылп-жылп еткен желідегі жаңалық бүгін бар, ертең жоқ. Сол үшін де телефонға телмірмей, газет оқу мәдениетін қалыптастырғанымыз жөн шығар.
Шығыс Қазақстан облысы