Геосаяси ахуалы құбылған алмағайып заманда аңдысқан жау көп. Күні кеше ядролық қаруы бар Израильге Газа секторынан хамастық содырлар баса-көктеп кіреді деп кім ойлаған? Қару-жарағы мен технологиясы жағынан әлемде алдыңғы қатарлы мемлекеттің өзі қауіптің бетін аңғармай, қапы қалып, мыңға жуық бейбіт тұрғынынан айырылды. Бұл оқиға бүгінгі таңда бес қаруыңды әрдайым сайлап отыруды, әскердің дайындығын уақыт талаптарына сай ұстауды талап етеді.
Біздің еліміз де кейінгі жылдары армиямыздың әзірлігіне көңіл аударып, қоңсы елдермен бірлесіп әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізуге айрықша ден қойып келеді. Сондай іс-шаралардың бірі – қазіргі күні Қырғыз Республикасында өтіп жатқан «Мызғымас бауырластық-2023» Ұжымдық бітімгерлік күштерімен бірлескен оқу-жаттығуы. 9 қазанда ашылу салтанаты өткен жиын 13 қазанға дейін жалғасады. Қырғызстанның «Эдельвейс» полигонында өтіп жатқан оқу-жаттығуға Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан бітімгерлік күштерінің ұлттық контингенттері, ҰҚШҰ Біріккен штабы мен Хатшылығының жедел топтары жұмылдырылған. Біздің елімізден Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері қатысып жатыр.
Таулы жердегі оқу-жаттығулар ҰҚШҰ бітімгерлік бөлімшелері басқару органдарының лауазымды адамдары мен жеке құрамының тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, Орталық Азия өңірінде ұжымдық қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларды жүргізу барысында олардың үйлесімділігін арттыруға бағытталған. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерімен бірлесіп, блок-бекеттер мен зардап шеккендерді қабылдау пункттерін ұйымдастыру іс-шараларын, колонналар мен жүктерді алып жүру, елді мекенді босату, кепілге алынғандарды құтқару және гуманитарлық көмек көрсету секілді оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтайды.
Оқу-жаттығудың ашылу күні қатысушылар үшін еліміздің Қарулы күштері Әскери-тарихи мұражайының көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Онда Иван Панфиловтың басшылығымен құрылған әйгілі 8-атқыштар дивизиясына қатысты жәдігерлер, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі басқа да құжаттар мен заттар ұсынылды. Әскери қызметшілерге экскурсияны аты аңызға айналған қолбасшының немересі Алуа Байқадамованың өзі өткізді.
ҰҚШҰ күштерінің оқу-жаттығуы аймақтың қауіпсіздігін нығайтуға және қазақ әскерінің таулы жердегі біліктілігін арттыруға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Бұдан бөлек, еліміздің әскери-теңіз күштері де жуырда Әзербайжанда өткен «Хазри-2023» оқу-жаттығуында дайындықтарын пысықтады. Бакуге арнайы барған еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов әзербайжандық әріптесі, генерал-полковник Зәкір Гасановпен бірге Қазақстан-Әзербайжан аралас әскери-теңіз оқу-жаттығуының тәжірибелік іс-қимылдарын бақылауға қатысты.
Жаттығудың белсенді кезеңінде екі елдің бөлімшелері теңіз жаяу әскерлерінің бірлескен іс-қимылдарын пысықтап, кемелерді жауынгерлік үйлестіруді жүзеге асырды. Екі елдің әскери теңізшілері арнайы мақсаттағы бөлімшелермен өзара іс-қимыл жасай отырып, әуе және құрлық нысандарын зақымдау, азаматтық кеме мен оның экипажын босату, зардап шеккен кемені сүйреп апаруға жәрдем көрсету, экипажды құтқару және эвакуациялау бойынша оқу-жауынгерлік міндеттерді орындады. Теңіз өткелі кезінде десанттық айдауыл жасау, террористік-диверсиялық топтар мен уақытша базаларды бейтараптандыру, арнайы бөлінген теңіз жаяу әскерлері мен арнайы күштердің аралды азат ету тапсырмалары пысықталды.
Айта кетейік, Әзербайжан тарапының шақыруымен жаттығуларға Иран Ислам Республикасы Қарулы күштерінің делегациясы бақылаушы ретінде қатысты. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша тараптар алға қойылған міндеттерді орындаудың жоғары сапасын атап өтіп, Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық әскери ынтымақтастығы шеңберінде практикалық өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделі екенін білдірді.
Көршілес мемлекеттермен бірлесіп өткізіп жатқан оқу-жаттығулардан бөлек, өз елімізде де Қарулы күштер бөліністерінің дайындық жиындары жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, қазан айының алғашқы күндері Десанттық-шабуылдау әскерлерінде болашақ келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жиындары басталды. Аталған құрылым өкілдерінің еліміздің түрлі өңірлеріндегі мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер арасында жүргізген ақпараттық жұмысы арқасында 200-ден аса сарбаз келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыруға шешім қабылдаған. Әскери қызметшілерді Қарулы күштердегі тұрақты жалақы, әртүрлі жеңілдіктер мен өтемақыларды қамтитын жақсы әлеуметтік пакет және мемлекет есебінен жеке тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі қызықтырады. Ал десанттық әскерлерде қызмет ету оларды төзімділікке баулып қана қоймай, ер жігітке тән қасиеттерге тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
– Мұндай іс-шараларды өткізудің қажеттілігі жиындарға қатысушы әскери қызметшілердің бәрі Десанттық-шабуылдау әскерлерінде мерзімді қызмет өтеген жауынгерлер емес. Олардың ішінде 150-ден аса сарбаз басқа әскер тектерінен келіп отыр. Бір айдың ішінде олар десанттық бөлімшелердегі қызметтің ерекшеліктерін зерделеуге, түрлі парашют жүйелерін жинауды үйренуге, әуе-десанттық дайындықтан өтуге және Ми-17 тікұшағынан алғашқы секіру жасауға тиіс, – дейді 1-сыныпты сержант-нұсқаушы сержант Рашид Бейсенғалиев.
Сонымен қатар әскери қызметшілер тактика негіздерін қайталап, атыс дайындығынан өтіп, дене дайындығы, топографиялық, әскери-медициналық дайындық, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау жөніндегі нормативтерді тапсырады. Мұндай жиындар 5 желтоқсанға дейін жалғаспақ.
Еліміздің Қарулы күштерін заман талаптарына сай дамыту, тәжірибе алмасу үшін халықаралық деңгейдегі ықпалдастықтардың маңызы зор. Жақын көршілерден бөлек, алыс шетелдермен де байланысты бекіте түсу керек. Жуырда елімізге келген Италия Республикасы Қорғаныс Бас штабы халықаралық қатынастар басқармасы бастығының орынбасары, полковник Маттео Зулиани бастаған италиялық делегациямен кездескен Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары, полковник Валерий Вишникин келесі жылға арналған Италиямен әскери ынтымақтастық шараларын талқылады. Сапар бағдарламасына сәйкес, Италия делегациясының мүшелері Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіне барып, елорданың көрікті жерлерімен танысты.
Сонымен қатар елордада Сенім мен қауіпсіздікті нығайту шаралары бойынша 2011 жылғы Вена құжаты шеңберіндегі іс-шаралардың ашылуы өтті. Оған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер верификациялық орталықтарының басшылары, Вена қаласындағы ЕҚЫҰ хатшылығының (Аустрия) Жанжалдарды болдырмау орталығының, Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің өкілдері, әскери сарапшылар қатысты. Еліміздің Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекцияларды қамтамасыз ету орталығының басшысы, полковник Қанат Әубәкіров ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесіне жемісті ынтымақтастығы мен қолдауы үшін алғысын білдіріп: «Қазақстан – қару-жарақты бақылау мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы халықаралық өзара іс-қимылдың дәйекті әрі белсенді қатысушысы және солай болып қала береді», деп атап өтті.
Іс-шаралардың тәжірибелік бөлігі Жетісу облысында өтті. Талдықорған авиабазасына барған кезде шетелдік сарапшылар әскери бөлімнің инфрақұрылымы және күнделікті өмірімен танысты. Әскери мамандар Су-30СМ жауынгерлік ұшақтарын, тұрақ орнын, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді, ұшқыштарды оқытуға арналған тренажерлер мен жабдықтарды қарап шықты. Сондай-ақ бақылаушыларға күрделі ұшулар мен әуе шайқасының элементтері көрсетілді.
Шетелдік қонақтар үшін Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы брифинг ұйымдастырып, десанттық-шабуылдау құрамасының құрылу тарихымен және бейбіт уақытта орындайтын міндеттерімен таныстырды. Бақылаушылар әскери қызметшілерге жасалған тұрмыстық жағдайлармен танысып, казармалық үй-жайларға, асханаға және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандарға барды. Оқу орындарында десантшы жауынгерлер оларға атыс, тактикалық, әуе-десанттық дайындық, атыс қаруын меңгеру және жауынгерлік машиналарды жүргізу дағдыларын көрсетті. Шетелдік сарапшылар мамандарымыздың жоғары кәсіби деңгейін және Қазақстанның қару-жарақты бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелерді адал орындағанын атап өтті.