Дүниеде дін әртүрлі болғанымен, сенім – ортақ. Өйткені бәріміз бір Жаратушыға сенеміз. Әртүрлі конфессия өкілінің өзара айырмашылықтарынан гөрі ұқсастықтары, қарама-қайшылықтарынан гөрі ортақ ұстанымы көп.
Елімізде 20 жылдан бері өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі – осынау ортақ ұстанымдарды ашық алаңға шығарып, ынтымаққа шақыруға бағытталған іргелі іс-шара. Өкінішке қарай, еліміздің дінаралық татулыққа бастаған қадамдарына көлеңкесін түсіріп, керісінше өшпенділікке шақырған жағдайлар да болып жатыр. Солардың қатарында кейбір Еуропа елдеріндегі қасиетті Құранды өртеу оқиғаларын айтуға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Біріккен Ұлттар ұйымының жоғары мінберінен әлем мұсылмандарының шамына тиген осы жағдайларға қатысты үн қатуы – халқының басым көпшілігін мұсылмандар құрайтын елдің Президенті ретіндегі маңызы зор қадам болды деп есептеймін.
Жалпы, Президент бұл мәселені бірінші рет қозғап отырған жоқ. Еуропа елдеріндегі кезекті арандату әрекетінен кейін де Қасым-Жомарт Тоқаев оған өз пікірін білдіріп, оны қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған әрекет деп атағаны белгілі. Ол Қазақ елінің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет екенін еске салып, бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналғанын алға тарта келе: «Жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек», деген болатын.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында осы келеңсіздікті өзі бірінші болып көтеріп, әлем жұртшылығын бірлік пен ынтымақ айдынын лайлайтын әлгіндей әрекеттерге қарсы күресуге шақырды. Ол БҰҰ Бас хатшысы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдайтынын айта келіп, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды екенін айтты. Бұл, шын мәнінде, Қазақ елінің көп жылдан бері бүкіл әлемге ұсынып отырған діндер арасындағы өзара татулық ұстанымы екенін көріп отырмыз.
Жеті рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі барысында еліміз өз тарапынан әлемге ынтымақ пен бірлік үлгісін көрсетіп келеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілікке шақырған іргелі сөзі әлемдік көшбасшыларға ой салуға тиіс. Құран өртеу секілді өрескел істерге жол беріп отырған кейбір Еуропа мемлекеттерінің басшылары бұл мәселенің салдары ауыр боларын, ал достық – дінаралық диалогтен басталатынын түсінсе жақсы.
Балғабек МЫРЗАЕВ,
дінтанушы