Өткен аптада Жамбыл облысы Шу ауданында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндері өтті. Ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін айқындайтын іс-шараға облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, меценат Болат Сауранбаев, ақсақал Қасымхан Төлендиев, бүгінде бокстан ел мақтанышына айналған Батыр Жүкембаев сынды атақты шулық азаматтар қатысып, торқалы тойдың куәсі болды.
Іс-шараның шымылдығы батырлардың жоңғарлармен кескілескен ұрысы көрсетілген көрініспен ашылып, Қазақ хандығының қазығын қаққан Керейдің ақ киізге көтерілуіне ұласты. Кіреберісте орын тепкен қарауыл мұнарасы, жағалай қонған ақшаңқан киіз үйлер, жастарды тербеткен алтыбақан, ұсталар мен шеберлердің ауылы, ежелгі дәуір жәрмеңкесі қонақтарды елітіп, ежелгі заманға еріксіз жетеледі.
Кең далада ұлтымыздың бай мәдениетін ұлықтаған іс-шараның басты мақсаты – ұмытыла бастаған құндылықтарды насихаттап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу әрі жас ұрпақтың санасына бабаларымыздың өмір дағдысын сіңіру. Сонымен қатар той меймандарына Шу өңірінің жауһарлары мен жетістіктері көрсетілді.
Мәдени іс-шара барысында алаңды жағалай жайғасқан қолөнер шеберлерінің ордасы да көпшілік қауымға ерекше әсер сыйлады. Кейбіреулер алаңның бір бөлігінде өткізіліп жатқан ат спорты ойындарын тамашалап жатса, енді бірі он саусағынан өнер тамған шеберлер мен ұсталардың қолөнер туындыларын көріп, зор қызығушылықпен қарады. Сондай-ақ қалың қауымның бір бөлігі қаз-қатар тігілген қазақ үйлерде ұлттық дәмнен ауыз тиіп, ауданның құрт жасап, май шайқап, тары түйіп жатқан қыз-келіншектерінің келелі істеріне зер салды.
Ашық аспан астындағы мереке аясында «Қарекет» қоғамдық қайырымдылық қоры атынан аудандағы үш отбасына салтанатты түрде баспана кілті табыс етілді. Сондай-ақ жуырда үлкен сында жеңіс туын желбіреткен спорт саңлағы, кәсіби боксшы Батыр Жүкембаевқа шапан жабылып, зор құрметтің белгісі ретінде тұлпар мінгізді. Ал мәдени іс-шараның соңы қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.