Жақында Өскемен қаласында облысты бес жылдан аса басқарып, өңірдің экономикасы мен әлеуетін көтерген көрнекті мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған шағын футболдан республикалық турнир өтті. Оған Павлодар, Қызылорда, Алматы, Абай облыстары мен Шығыс Қазақстан өңірінен 16 команда қатысты.
Бердібек Мәшбекұлы өңірді басқарған кезде спорттың өркендеуіне ерекше үлес қосты. Бұқаралық спорт қарқын алды, қалалар мен аудандарда футбол, шайбалы хоккей алаңдары салынды. Облыс әкімінің өзі футбол десе ішкен асын жерге қоятын, сан рет жарысқа қатысқанын көзбен көрген едік.
Б.Сапарбаевтың бастамасымен өңірдегі ірі кәсіпорындар – «Казцинк», Үлбі металлургия, титан-магний комбинаттарының қаржысы есебінен Жекпе-жек сарайы, Олимпия ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова атындағы заманауи жеңіл атлетика сарайы, жүзу бассейні іске қосылды. «Казцинк» ЖШС үлкен теннис орталығын, басқа да спорттық ғимараттарды пайдалануға берді.
Тағы бір ерекше айта кететін жайт, Бердібек Мәшбекұлы кадрларды іріктеп, оларға өзінің мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесін үйретуде іскерлік пен ілкімділік танытты. Мысалы, өзінде көмекші болған Жақсылық Омаров соңынан әкімдікте бөлім меңгерушісі, облыс әкімінің орынбасары, Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Кейінгі төрт жылдан бері Жақсылық Мұқашұлы – Өскемен қаласының әкімі. Б.Сапарбаевтың басқа да шәкірттері сан-салада басшылық қызметтер атқарып жүр.
Өскемендегі «Алтай» стадионында өткен республикалық турнирдің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен жарысқа қатысушылар жиналды. Қала әкімі Ж.Омаров Б.Сапарбаевты еске алуға арналған турнирдің жыл сайын өтетінінен хабардар етті. Бұдан кейін сөз алған Бердібек Мәшбекұлының зайыбы Қалдығайша Зейнуллақызы республикалық турнирді өткізуге мұрындық болған азаматтарға алғысын айтты.
Турнир тартысты өтті. Нәтижесінде, Өскеменнің «Барыс-Марқакөл» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Оларға 1 млн теңгенің сертификаты табыс етілді. Екінші және үшінші орындарды Семейдің «Жоламан» мен «Ақсуат» командалары еншіледі. Оларға алғыс хаттар мен 600 мың, 400 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. Марқакөлдік Дархан Юсупов – «Үздік ойыншы», семейлік Сайын Қуаныш «Үздік қорғаушы», ал Фархат Айманов пен Думан Дүйсенбеков сәйкесінше «Үздік шабуылшы» мен «Үздік қақпашы» атанды. Оларға да сый-сияпат жасалды.
Жеңімпаздарға кубоктар мен бағалы сыйлықтарды облыс әкімінің аппарат басшысы Ербол Нұрғалиев, Б.Сапарбаевпен бірге қызмет еткен В.М.Головотюк тапсырды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі
ӨСКЕМЕН