Жамбыл облысы жылыту маусымына толық дайын. Облыс әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, өңірде негізгі деп есептелетін 9 жылу энергетика кешені, 593 автономды қазандық бар. Олардың көмегімен 1 737 әлеуметтік нысан және 1 649 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ететін мүмкіндік қарастырылған.
Басқарма басшысы келтірген дерекке жүгінсек, қазіргі кезде өңірде 31 нарық субъектісі көмір сатумен айналысады. Көмірдің бағасы сұрпына қарай белгіленген. Бір сөзбен айтқанда, сапалы көмірдің бағасы әлбетте жоғары болады.
«Шұбаркөл, Қаражыра маркілі көмірдің бағасы сапасына қарай тоннасы 16-19,5 мың теңгені құрап отыр. Осы орайда елді мекендер арасындағы қашықтықты да ескерген жөн. Тұтынушыға жеткізу құнын қоса есептегенде көмір бағасы 20-23 мың теңгеге шарықтап кетеді.
Байзақ, Жамбыл, Талас, Мойынқұм аудандарында көмір сатумен айналысатын, теміржол тұйықтары бар нарық субъектілері жоқ екені белгілі. Сондықтан бұл төрт ауданның тұрғындары көмірді Тараз және Шу қалаларынан сатып алып отыр.
Қазіргі таңда өңірімізге көмір отыны тиелген вагондар тұрақты түрде келіп жатыр. Көмір қоймаларында ешқандай тапшылық тіркелген жоқ. Қысқасы, тұрғындардың қажетті мөлшерде көмір сатып алуға ешқандай кедергі жоқ екенін айта кеткен ләзім», дейді Қ.Құдайбергенов жағдайды түсіндіріп.