Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізді. Жиында мемлекеттік марапаттар, қорғаныс өнеркәсібінің авиациясы және қорғаныс тапсырысы мәселелеріне қатысты заң талқыланды.
Құжатта үш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Мәселен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға әдебиеттің дамуына ерекше үлес қосқан, бұрын «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған адамдарға және (немесе) мемлекеттік сыйлықтың иегерлеріне «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағын беру жөнінде толықтыру енгізіледі.
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның ұшу жұмысын ұйымдастыру және ұшуды объективті бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірлеу және бекіту туралы құзыреті бекітіледі.
Ал «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырысы туралы» Заңға оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды кәдеге жарату объектісінің өндірісін ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды әзірлеу және бекіту жөнінде уәкілетті орган құзыретінің ережесі енгізіледі. Бұл оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды сақтау, кәдеге жарату объектілерінде күзет және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үдерісін тиісінше ұйымдастыруды белгілеуге мүмкіндік береді.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.