Біз өркениеттер мен діндер арасындағы диалогті дамыту үшін жиналып отырмыз. Бұл жерде өте маңызды мәселелер көтеріліп жатыр. Бүкіл әлем дін көшбасшылары азаматтық қоғаммен бірлесіп, бейбітшілікке, дамуға және молшылыққа жету үшін қандай қадам жасайды екен деп күтіп отыр.
Ислам діні әу бастан өз ұстанушыларын басқа дін өкілдерімен өзара достықта өмір сүруге шақырады. Өйткені мұны бізге қасиетті Құран міндеттейді. Дінаралық үнқатысуды арттыру – жыл сайын емес, тіпті сағат сайын талқылануға тиіс тақырып. Қазіргі күні мұның маңызы аса зор. Өйткені бүгінде әлем қару және күштің қолданылуымен жасалып жатқан ауыртпашылықтарды бастан кешіп отыр. Бүкіл дүние даналықтың дауысына мұқтаж. Сол арқылы әлем өзінің табиғи қалпына, ақиқат жолына келеді. Бұл дауыс Құдайдың сөзі және қағидалары арқылы келеді. Ол зорлық-зомбылық көргендер үшін ең әділетті дауыс болады.
Әрбір халық өзінің мәдениеті мен әлеуметтік, саяси және құндылықтар жүйелерін ұстануға әрі дамытуға құқылы. Ал өзге мәдениеттермен тұрақты араласып отыру – өз мәдениетін дамытатын мүмкіндік. Сол арқылы әр халықтың рухани құндылықтары жаңарады, өзара достық қарым-қатынас қалыптасады.
Бізде барлық дінді қосып бір дін жасау деген ниет жоқ. Мақсатымыз – дін көшбасшыларының басын қосу. Өйткені біз әртүрлі сенімде болсақ та, ортақ құндылықтарымыз бен ұстанымдарымыз көп. Әрқайсымыздың бойымыздан қарама-қайшылықтарды емес, ұқсастықтарды таба білсек, бұл өзара тіл табысуға септігін тигізері сөзсіз.
Назир Мұхаммед
әл-Назир Аяд,
Әл-Азхар Исламтану академиясының Бас хатшысы